Турдың шымылдығын ДИиК МО РК мен «Қаламгер» командалары түрді. Айта кетейік, өткен маусымда «Qsport.kz» намысын қорғаған Берік Уәли осы трансферлік терезеде Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметі командасына ауысқан. Кеше дебютін өткізді. Бабында екен. Алаңға шыға салысымен гол соғып, командасының жеңісіне өзінің де еңбегін сіңірді. Ал ойын 8:2 есебімен аяқталғанына «Қаламгер» қарсыластарына әжептеуір қарсылық көрсетіп, әдетте анау-мынау команданы менсіне бермейтін ДИиК МО РК жігіттеріне өздерін сыйлата білді.
Алматыдан астанаға қоныс аударып, БАҚ лигаға аяқ басқалы ұпай алып көрмеген «Aiqyn-Литердің» алғашқы жеңісіне «Qsport.kz» себепші болады деп кім ойлаған… 196 күн. Міне, осынша уақыт «Aiqyn-Литер» ұпай алып көрмеген екен. Бұл алты айдан астам уақыт. Кешегі ойынды есептемегенде осы аралықта команда 18 ойын өткізген. Барлығында жеңіліс. Қарсылас қақпасына 40 гол соққан болса, өз қақпасына 99 доп алып шығуға мәжбүр болған. Кеше «айқындықтар» қақпаларына 100 және 101-ші голдарды жіберді. Алайда ақыры жеңіске жетті. Өздерінің астанадағы 19-шы ойынында команда «Qsport.kz» футболшыларын тізе бүктіріп, жаңа жылды сәтті бастады. Бұл олардың соңғы жетістігі емес деп сенеміз. Келесі турда QAZSPORT жігіттерімен кездеспек. Кешегі жеңіс оларға қосымша қуат сыйлауы тиіс.
QAZSPORT демекші, басты спорттық арнаның командасы 6-шы турда «Мазмұндамамен» кездесті. Турнир кестесіндегі көршілердің ойындары өте тартысты өтті. Оның үстіне, QAZSPORT-қа көмектесу үшін Алматыдан Айбек Сайлау келіпті. Рифхад Сәтбаев та осы трансферде командаға қосылған ойыншы. Ал «Мазмұндама» сапында жаңа ойыншылар Қанат Ысқақов пен Дәурен Бабамұрат жасындай жарқылдады. Алғашқысы қорғаныста атой салса, екіншісі шабуылдың шаңын шығарып, айып соққысынан әдемі гол соқты. Дегенмен матчтың үздігі болып, қақпашы Қанат Базылхан танылды. Расымен «Мазмұндама» кипері бұл ойында баяғы Оливер Канды көз алдыңа әкеліп, «QAZSPORT» шабуылдарын тамырынан тұншықтырып отырды. Ал ойын 2:2 есебімен аяқталды. «Мазмұндама» сапында Дәурен Бабамұраттан бөлек, Еркебұлан Шуашов гол соқса, QAZSPORT тарапынан Мағжан Жұмабаев пен Эльдар Аманбаев тура соққыларымен көзге түсті.
Енді турдың орталық кездесуі туралы айтайық. Орталық ойын дейміз-ау, бірақ, матч көрермендердің үмітін аса ақтай қойған жоқ. Мұның алдында күтпеген жерден «Мазмұндамадан» ұтылып қалған «Elorda aqparat» бұл ойынға тыңғылықты дайындықпен келіпті. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен шабуылға лап қойып, екінші минутта-ақ есеп ашты. Гол соққан Айхан Ғалымұлы. Көп ұзамай Мәди Ысқақов өкшесімен екінші голды соқса, бірінші таймда дубль жасаған Аян Әбдуәли таразы басын 4:0-ге жеткізді. «Хабар 24» үзілістен кейін де өз ойындарын таба алған жоқ. Бексаттар Саттардың көмегімен Мәди Ысқақов хет-трик жасады. Айхан Ғалымұлы дубль авторы атанды. Осыдан кейін ғана естерін жиған «жаңалықтар жаршысы» бір гол соға алды. Одан басқаға шамалары жеткен жоқ. Қорытынды есеп – 8:1.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені