– Айбек, қалай ойлайсыз, биыл «Хабарға» «Qazaq radiolary»-нан басқа қарсылас бар ма?
– Егер жағдайға төтесінен қарайтын болсақ, «Qazaq radiolary» біздің биылғы басты бәсекелесіміз. Биыл жақсы күшейі. Құрамына жастарды көп жиған. Егер анықтап қарасаңыз, «Qazaq radiolary» құрамын БАҚ лиганың осы күнге дейінгі таңдаулы құрамы деуге болады. Сондай-ақ, аға буын мен жас буын жақсы үйлесім тапқан сүйкімді команда. Өзімізбен құрдас Ержан Жүністі қараңызшы, финттарынан басың айналады. Қақпадағы Мұхтар Тұртаев та тамаша сейвтерімен көрермендердің көзайымына айналған. Сондықтан, бұл команда биыл БАҚ лигадағы басты бәсекелесіміз деп айтсам артық айтқандығым емес. Жалпы, әр маусым сайын «Хабарға» бір бәсекелес шығып жүр ғой. Бұл да қызық. Бастысы, «Qazaq radiolary»-мен бәсекелестігіміз ұзақ болғай. Айтпақшы, қарымта ойынымыз соңғы турға сәйкес келіп тұр. Міне, чемпиондықтың тағдыры сол кезде шешіледі деп ойлаймын. Бұл дегеніміз, басқа қарсыластарға немқұрайлықпен қараймыз деген сөз емес. БАҚ лигада жай ойын жоқ. Біреуінде қателессең, жағдайың күрт қиындайды. «Егемен Қазақстан» болсын, «Спорт 59», «Kazaknews.kz» болсын, барлық қарсыластарға бірдей дайындаламыз. Өзіміздің чат бар. Бір күн бұрын бір-бірімізді қайрап, «ерте жатайық», «моральді тұрғыда дайын болып шығайық», «кешікпейік» деген сынды жазбалар кетіп жатады.
– Былтырғымен салыстырғанда «Хабар» биыл қаншалықты өзгерген? Бұрынғы чемпиондық амбиция бар ма?
– Құрам өзгерген жоқ. Жазғы маусымдағы ққрамды сақтап қалдық. Командадан ешкім кетпеді. Керісінше, қатарымызға Тұрсынбек Жолдыбаев қосылып, қосымша қуат берді. Ал чемпиондық амбиция ешқайда жоғалған жоқ. Мақсатымыз – осы биіктен түспеу. Чемпиондықты сақтап қалғымыз келеді және соның жолында қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.
– Ал чемпиондықтан айрылып қаламыз, «Qazaq radiolary»-нан ұтылып қаламыз деген қорқыныш бар ма?
– Әлбетте, әр серияның соңы болады ғой. Мәңгілік чемпион болып қалмаймыз. Мәңгілік ешкім жоқ. Дегенмен БАҚ лигада чемпиондық атақты неғұрлым ұзақ жыл сақтауға тырысамыз. Қорқыныш болады. Қорқыныш болмаса, жауапкершілік болмайды. Қорқыныш болмаса, талпыныс, өсу болмайды. Қорқынышты, қауіпті сезе білгендіктен әрдайым қырағы боламыз. Сақ жүреміз. Тек өзімізге бекем болсақ, ұпайдан шашау шығармасақ, чемпиондық ешқайда кетпейді.
– Былтырғы вице-чемпион «Астана ТВ» командасының биылғы аяқ алысына қалай баға бересіз?
– Бұл команда жайлы пәлен-түген деп айту қиын. Өйткені құрамында көптеген өзгерістер болды. Біраз ойыншылары жарақатына байланысты маусымға қатыса алмай отыр. Командасы қайта жасақталып жатқан сыңайлы. Капитаны Адлет Құсайынов та баяғыдай емес, айқайды азайтқан секілді. Өткендегі сұхбатын көрдім. Үздік үштіктен көрінсек жақсы деп жатыр. Меніңше, «Егемен Қазақстан» мен «Астана ТВ» қола жүлдеге таласатын басты үміткерлер. Сонымен қатар, чемпиондықтан үмітті қос командадан ұпай тартып алуға шамасы жететіндердің қатарынан деп ойлаймын.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені