Назарларыңызға Журналистер біріншілігі 5-ші тур ойындарының қорытындысы бойынша түзілген «А» лигасының таңдаулы құрамын ұсынамыз.
Қақпашы – Әнуар ҚҰРМАНБАЕВ (National Geographic Qazaqstan)
Бесінші турда «А» лигасында қақпасын қауіптерден құтқарып, үздік болуға лайықты киперлер аз болған жоқ. Осы орайда қақпасына бірде-бір гол жібермеген «хабарлық» Айбек Қабылша мен «қазмедиалық» Мансұр Сыздықовты атап өткен жөн шығар. Дегенмен, таңдаулы құрамға Әнуар Құрманбаевты қосуды жөн көрдік. «National Geographic Qazaqstan» кипері бұл жолы да ерліктерімен көпшілікті таңғалдырып, «Qazaq radiolary»-на қарсы ойында интриганы соңғы секундқа дейін ұстап тұрды. Егер Әнуардың жанкешті сейвтері болмағанда «табиғат жыршылары» қарсыластарынан ірі есеппен ұтылуы ғажап емес еді.
Қорғаушылар – Адлет ҚҰСАЙЫНОВ (Астана ТВ) пен Назар НАЙЗАБЕКҰЛЫ (Qazaq radiolary)
«Kazaknews.kz»-ке қарсы кездесу «Астана ТВ» үшін аса қиын болған жоқ. Бірақ, сайт сырттандары қауіп тудырмады деп айта алмайсыз. Сәл арандатсаң азуын батырғысы-ақ келді. Міне, осындайда Құсайыновтың қорғаныстағы салқынқандылығы «Астана ТВ»-ға зор көмек болды. Әрбір доп үшін арыстанша арпалысқан Адлет шабуылда да өте пайдалы еді. Оның пастары арқасында әріптестері де сұрмергендер тізіміндегі рейтингін түзеп алды.
«National Geographic Qazaqstan» командасына қарсы ойында Назар Найзабекұлы екі гол соқты. Өкінішке қарай, біреуін өз қақпасына. Бірақ, «Qazaq radiolary»-ның қорғаушысы бұл ойында жеңіс үшін көп еңбек сіңірді. Әр допқа соңына дейін таласты. Автоголдың орын алуы да соның салдары.
Шабуылшылар – Құмарбек АЗАТ (Қазмедиа) пен Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар)
Маусымды сылбыр бастаған Құмарбек Азат енді ғана оянып келеді. Мәселен, өткен турда «Қазмедиа» шабуылшысы пента-трик жасап, жалғыз өзі «Спорт 59» командасын сеспей қатырды. Нәтижесінде сұрмергендер тізімінде 11 голмен көш басына шықты.
Өмірде үш нәрсеге көз алмастан қарай беруге болады. Аққан су мен жанған отты өздеріңіз де жақсы білесіздер, үшіншісі – «хабарлық» Нұрсұлтан Қабылбек пен Әлішер Келгенбайдың тандемі. «Егемен Қазақстанға» қарсы кездесуде екеуі де хет-трик жасады. Сондай-ақ, Нұрсұлтан әріптесі Әлішердің де гол соғуына септігін тигізіп, екі рет ассистік қызмет етті.
Резерв
Қақпашы – Айбек ҚАБЫЛША (Хабар).
Қорғаушылар – Ершат ҚОЖАТАЕВ (Қазмедиа), Нұрсұлтан ҚҰРМАН (Хабар).
Шабуылшылар – Сәбит БАЙХОНОВ (Астана ТВ), Әлішер КЕЛГЕНБАЙ (Хабар).
“А” лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені