«Хабар», әлде «Qazaq radiolary» – қайсысы бірінші сүрінер екен?

0
458
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Әзірге екеуі де 100 пайыздық көрсеткішпен басты бәсекелестерінен оқ бойы озып келеді. Бірақ 5-ші тур «Qazaq radiolary»-ның ойынында әлі де шикілік бар екенін көрсетті. Былтыр «В» лигасында 4-ші орыннан көрініп, соңғы сәтте ғана «А» лигасының ең шеткі вагонына секіріп үлгерген «National Geographic Qazaqstan» командасын 3:2 есебімен әзер ұтты. Иә, бәлкім, сәттілік жетіспеді дерсіз. Бәлкім, бірінші таймдағы қауіпті сәттердің бәрін санап, доп алты рет «табиғат жыршыларының» бағанасына тиді дерсіз. Алайда алдарына асқақ мақсат қойған команда мұндай сылтаудан аулақ болуы қажет. Егер пайдасыз шабуылдардың бәрін есептей берсе ПСЖ осы уақытқа дейін Чемпиондар лигасын 3-4 рет жеңіп тастар еді. Жә, философияны қоя тұрайық, бізді «Natioanal Geographic Qazaqstan» жігіттерінің жігері таңғалдырды. Әу баста бұл ұжымды «Kazaknews.kz»-пен қатар «А» лигасының аутсайдері санатына жатқызғандардың арасында осы шатпақтың авторы да бар болатын. Бұған себеп те жоқ емес. Маусымаралық үзілісте өзгелер құрамын кіл мықтылармен күшейтіп жатқанда «Natioanal Geographic Qazaqstan» «жыртығын» Ержан Әмірханов, Тимур Айтмұханбетов сынды ортанқол ойыншылармен жамап жатты. Рас, Тимур былтыр «В» лигасының үздік қорғаушысы болған. Алайда «А» лигасында атой салғысы келетін команда құрамына «Қаламгер» мен «Мазмұндаманың» ойыншыларын қоспаса керек-ті. Мойындап тұрмыз ғой, біздің ойымыз осындай болған. Қателесіппіз. Өз командасын тапса, қай ойыншы болмасын жаңаша түлеп қоя береді екен. Ержан да, Тимур да, Әлібек Ескендіров те «Табиғат жыршыларымен» тамаша үйлесім тапты. Қазір бұл команданы аталмыш триосыз елестету өте қиын. Егер осы қарқындарынан таймаса, команда әлі талай фавориттердің жүйкесін жұқартады. Бұған мұның алдындағы матчтарда да көз жеткіздік. Ал «Qazaq radiolary» ше? Шамасы, олар өздеріне «Хабардан» басқа бәсекелесті көрмей тұрған секілді. Футболда барлық қарсыласқа бірдей қарау қажет. Бір ғана команданы нысанаға алған ұжым түбі опық жейтінін теңбіл доптан сәл де болса хабары бардың бәрі жақсы біледі. Бұл тұрғыда «Qazaq radiolary»-на басты бәсекелесі «Хабардан» сабақ алу керек шығар. Енді соларға тоқталайық.

«Хабар» үшін барлық қарсылас бірдей. Олар бір сүреңсіз ойының зардабы бір маусымға тиетінін жақсы біледі. Өз мүмкіндіктерін бағалай білетін команда. Сондықтан «Егемен Қазақстанға» қарсы да барын сала ойнады. Қорғаныста сақ қимылдап, шабуылда мүлт кетпеді. Әлішер Келгенбай мен Нұрсұлтан Қабылбек жұбының әрқайсысы үш голдан соғып, «егемендіктердің» қақпасына жауапсыз алты доп тоғытты. Қорытынды есеп – 6:0, ойын өз статусын ақтамады.

Айтпақшы, бұл «егемендіктердің» қатарынан екінші жеңілісі. Алмас Манап бастаған жігіттерге бұл сәтсіздіктен сабақ алып, жаңа жылдың ойындарын жаңаша бастау қажет. Әйтпесе алғашқы қарқындарын жоғалтып алды. «Қазмедианы» тізерлетіп, «Спорт 59»-ды сан соқтырған, «Астананың» астан-кестеңін шығарған «Егемен Қазақстанды» соңғы екі турда танымай қалдық. Бәлкім, келесі турда қайта көсілер. Алдағы қарсыласы «Kazaknews.kz»-те тіс батыруға жақсы команда.

«Kazaknews.kz» демекші, «В» лигасындағы былтырғы жеңістерін аңсап жүрген команда кеше тағы ойсырай жеңілді. Бұл жолы «ауылдарында» «Астана ТВ» ойыншылары ойнақ салып кетті. Қалауынша гол соғып, қасарысуға да мүмкіндік бермеді. Есеп – 11:2, егер өздерінің барлық мүмкіндіктерін голға айналдырғанда «Астана ТВ» бұдан ірі есеппен ұтар еді. Енді «Kazaknews.kz» жетекшілеріне алдағы қысқы демалысты пайдалы өткізіп, трансферлік нарықта қызу жұмыс жасау қажет. Біраз ойыншыларға «құда түсіп жатыр» дегенді де естіп жатырмыз. Кім біледі, бәлкім, ендігі ойынға дейін еңсе тіктеуге шамалары жетіп қалар. Ал «Астана ТВ» қатарынан үш жеңістен кейін турнир кестесінде «Егемен Қазақстанмен» үшінші орынды бөлісіп тұр. Өздері жоспарлағандай қола жүлде қол созым жерде тұр. Егер көшбасшылардың бірі сүрініп жатса, былтырғы жетістігін де қайталап қалуы ғажап емес.

Қатарынан екінші жеңіске «Қазмедиа» да қол жеткізді. «Спорт 59»бен кездескен. Ешкім күтпеген есеп тіркеліп, ҚМО командасы қарсыласының қақпасына жауапсыз сегіз гол соқты. Иә, мұндайды расымен де ешкім күткен жоқ. «Қазмедиадан» емес, «Спорт 59»-дан. Құрамы жағынан мықты болмаса, кем түспейтін команда ғой, қалайша қауқарсыздық танытты екен?.. Жауапты өздері іздеу керек. Уақыт бар. Шынтуайтына келгенде маусым енді ғана басталып жатыр. Бәрін де түзетуге болады. Ал «Қазмедиа» мына қарқынмен жүлделі орындарға да таласуы әбден мүмкін. Өздерінің де мақсаттары сол. Оның үстіне, трансферлік терезеде құрамын тағы күшейтпек екен. Кіммен дейсіздер ғой?.. «Хабардың» үздік ойыншыларының бірімен. Иә, қызықтың көкесі енді болғалы жатыр, әлі түйе де сойылған жоқ.

«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.  

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суы – TURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here