«Мазмұндама». Бұл өзі неғылған команда? Алдымен әлқиссасынан бастасақ. Журналистер біріншілігіне қатысып жатқанына биыл үшінші маусым.Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар Шыңғыс Мұқан жетекшілік ететін «Мазмұндама» қоғамдық қорының намысын қорғайды. Ал қор әлем классиктерінің таңдаулы кітаптарын қазақ тіліне аударумен айналысып жүр. Үтір-нүктесіне дейін емес, шырынын сығып, қажетті жерлерін түртіп, оқырмандарға туындылардың мазмұнын ұсынады. Қай кітабын айтайық, одан да дүкендерге кіріп, өзіңіз оқып көріңіз. Біз командаға қайта оралайық. Команда дегенде, алдарына ешбір турнирлік мақсат қоймаған, тек әріптестік қарым-қатынасты ту еткен ұжым. Бұған дейінгі маусымдарда «В» лигасының белортасында жүрді. Алға ұмтылғаны шамалы. Шамасы да жетпес еді. Рас, биыл үздік үштіктен көрінсек деген жоспарлары болды. «А» лигасының жолдамасына қол созсақ деп өзара уағдаласты. Бірақ ешкімге жар салып жария еткен жоқ. Бұйырғаны болар деп іштей қиялдады. Өйткені, қарсыластарының қарымын жақсы білетін. Өздерінің әлеуеті белгілі. Іргетасын қалаған Қанат Базылхан, Айдын Қожахмет, Еркін Шәкір және Әзиз Жұмаділ сынды төрт-бес жігіт бар. Биыл біраз ойыншы алдыртты. Көбісі өзге командалардың қосалқы құрамында отырған жігіттер. Аят Дүйсембаев «Ел арнаның», Зухраб Отаров «Хабар 24»-тің, Еркебұлан Шуашов «Хабардың», Әлішер Өмірзақ «Астананың» қосалқы ойыншылары еді. Дегенмен, жеңістің рухын сезінген жігіттер. «Мазмұндаманы» әжептеуір күшейтті. Алматыдан арқаға ауысқан Амангелді Сейітхан-джуниор да командаға бірден сіңісіп кетті. Сондықтан «Мазмұндаманың» фавориттерге жеңісті оңайлықпен бере салмайтын, қай қарсыласпен болмасын қасарыса ойнайтын команда екені әу бастан-ақ белгілі бола бастады. Бұған ДИиК МО РК, «Хабар 24» ойыншылары куәгер. «Elorda aqparat» та хабардар. Бірақ қаперге алмай қателесті. Менсінбеушіліктің бар екені матч басында-ақ байқалған. Ойыншылары да «басқа-басқа, бұл команданы қалпақпен қайырып аламыз» дегендей матчқа салғырт қарады. Кешіккен жігіттері өз алдына, қақпашысыз ойнауды жөн көрді. «Мазмұндамаға» да керегі сол екен, жарты тайм бойы қорғаныста жатып, сәтті ұйымдастырылған қарымта шабуылдардың арқасында таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Алдымен кіші Амангелді Сейітхан гол соқса, араға минут салып Әзиз Жұмаділ есепті еселеді. Екінші таймда да «Мазмұндама» 3х1 жүйесін таңдап, үшбұрыш құру арқылы қарсыласының қателігін аңдыды. «Elorda aqparat» та екпін алған. Қарқынын Әлішер Өмірзақтың қатарынан соғылған екі голы басты. 4:0. Рас, Айбек Рахымовтың қақырата тепкен екі добынан кейін есеп екі есеге қысқарған. Алайда Аят Дүйсембаевтың айып соққысынан кейінгі тамаша голы матчқа қою нүкте қойды. Қорытынды есеп – 5:2, «Мазмұндама» адам сенгісіз таңғажайып сенсацияның авторы атанды.
«В» лигасында 5-ші турдың өзге ойындары да тартысты өтті. Әсіресе аутсайдерлер дербиі. «Қаламгер» мен «Aiqyn-Литер» айқасын айтамыз. Бас партияның бас газетінің намысын қорғайтын «айқындықтар» матчты жап-жақсы бастаған. Жалпы, жаман ойнады деп те айта алмаймыз. Бірақ қорғаушы Серік Қоңырбаев пен қақпашы Сейіл Қожатайдың өзара түсініспеушілігі ойынның шешуші сәті болды-ау. Кімнің қателігі дегенге жауап іздемей-ақ қояйық. Тек футболда «қақпашы «мен» деп орнынан атып шыққанда қасындағы әріптестері жағаласпау керек» деген жазылмаған қағида бар. Қоңырбаевтың да қандай лидер екенін жақсы білеміз ғой. Алаңның қай бұрышы болмасын, допқа соңына дейін таласатын ойыншы. Бірақ өз қақпашысының қолындағы допты тартып алмай-ақ қойғаны дұрыс еді. Артық қылам деп допты қарсыласы Арлан Түлкібаевтың аяғына салып берді. Ал бұдан кейін «айқындықтардың» ойынында береке қалмады. Таразы басын теңестірем деп жүріп қақпасына тағы бір гол жіберді. Әлішер Мұқажан арпалысып жатып, есепті қысқартқаны сол еді, жоқ жерден өзі сүрініп, «Қаламгерді» тағы ұзатып алды. Осылайша ойын 3:1 есебімен «қаламгерліктердің» пайдасына шешілді.
Көрермендерге керемет эмоцияны «QAZSPORT» пен ДИиК МО РК командалары да сыйлады. Алдынан келгенін қоғадай жапыратын Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі «QAZSPORT»-ты да ойсырата ұтады дегендер көп болған. Дегенмен, еліміздің басты спорттық арнасының командасы өздерінің қайсарлығымен бұларға да қарсы ойнауға болатынын дәлелдеді. Рас, 2:5 есебімен ұтылды. Рас, үзіліске дейін-ақ таблода 0:4 есебі тіркеліп, екінші таймда да голдар қарша борайтындай көрінген. Алайда «QAZSPORT» еңсе тіктей алатын команда екен. Соңына дейін айқасты. Бесінші ойыншыны қосудан қорықпай, есеп айырмасын екі есеге дейін қысқартты. Тек шама жетпей қалды. Күштеріне ертерек сенгенде, бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді, қуаттары сарқылғанда доп қуалаған да қиын ғой, шаршап қалды да, қақпасына бесінші голды жіберіп алды. Қорытынды есеп – 5:2, осы жеңіс пен «Мазмұндаманың» көмегінің арқасында ДИиК МО РК 5-ші турдан кейін жеке-дара көш бастады.
Ал турдың шымылдығын «Хабар 24» пен «Qsport.kz» кездесуі ашқан. Айқай мен қиқудан құлақ тұнатын эмоцияға толы матчтың тағдырын Аслан Мыңбаев пен Шыңғыс Мұса соққан жылдам голдар шешіп кетті. Әйтпесе ойын тең жағдайда-ақ өткен еді. «Хабар 24» қақпашысы Хасан Ташенов те қателескен жоқ. Екі сейвіне көрермендер тік тұрып қошемет көрсетті. Бір жағынан, жетекшісі келмей қалған «Qsport.kz» те жарытып ойнамады. Бәлкім, бұл олардың күні емес шығар. Бабы мен бағы қатар шапқанда қай команданы болмасын тізерлете алатынын бұған дейін талай көрдік емес пе?..
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені