Алаңға алдымен «Elorda aqparat» пен «Aiqyn-Литер» шықты. Бірі көшбасшы, екіншісі аутсайдер. Бұл кездесуден де көрермен ірі есеп күтті. «Elorda aqparat» екі сандық есеп айырмашылығымен ұтады деп ойлады. Бірақ ұйқылары қанбады ма, менсінбей шықты ма, әлде ойындары жүрмеді ме, бұл енді өздерінің проблемасы, әйтсе де, «Aiqyn-Литер» олардың алты голына төрт тура соққымен жауап бере алды. БАҚ лигадағы 16 команданың ең әлсізі саналатын «Aiqyn-Литер» үшін мұның өзі үлкен ерлік. Ал келесі турда оларды «Қаламгер» күтіп тұр. Әлеуеттері бірдей ұжымдар. Бәлкім, БАҚ лигадағы алғашқы ұпайын «Aiqyn-Литер» енді алатын шығар.
«Қаламгер» демекші, бұған дейін қатарынан үш турда да жеңілістің кермек дәмін татқан олар кеше алғашқы ұпайды қоржындарына салды. Өздерінің «фарм командасы» «Мазмұндамамен» кездескен. Екі рет есепте алға шыққанымен жеңісті ұстап тұра алмады. Ал 39-шы минутта Еркебұлан Шуашовтың дәл тоғыздыққа тоғытқан голынан кейін «Мазмұндама» жеңіске жарты қадам жақын тұрды. Өкініштеріне қарай, визуалды жеңістерін тым ерте тойлап қойған сияқты. Аяқтағы доптарын бағаламай, қорғаныста қателесті. Бұл кезде ойынның аяқталуына 15 секунд қалған. Евгений Акманов алаң ортасынан допты тартып алып, Арлан Түлкібаевқа жеткізді. Ал жас ойыншы өзінің осы кездесудегі екінші голын соғып, командасына алғашқы ұпайды әперді. Қорытынды есеп – 3:3.
«Хабар 24» пен «QAZSPORT» арасындағы айқас та өте тартысты өтті. Әу баста маусымның басты фавориті саналған «Хабар 24» Ратмир Әубәкірдің қателігі мен Марат Тукатовтың дер кезінде қабылдаған ұтымды шешімінің арқасында жылдам гол соғып алғанымен басымдықты еселей алмады. Ал «QAZSPORT» уақыт өткен сайын қарқындарын арттыра берді. Алдымен Эльдар Аманбаев таразы басын теңестірсе, үзіліске бір минут қалғанда Тұрлыжан Әйтенов командасын алға шығарды. Рас, екінші таймды «Хабар 24» тағы да белсендірек бастап, автоголдың арқасында таблодағы көрсеткішті 2:2-ге жеткізгенімен соңғы минуттар бәрібір спорттық арнаның еншісінде қалды. Матчтың үздік ойыншысы Ермек Төрениязов үшінші голды соғып, соңғы минутта Ратмир Әубәкір өзінің автоголын жуып-шайды. Қорытынды есеп 4:2, қос команданың да турнир кестесіндегі ұпайлары теңесті. Ал матчтан кейін «QAZSPORT» капитаны Ермек Төрениязов біз енді ДИиК МО РК-ны да жеңеміз деп мәлімдеді. Жарайды, оны енді келесі турда көреміз. 22 желтоқсанның орталық ойыны осы екі ұжым арасында өтпек.
Өз кезегінде Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметі «Qsport.kz» командасына еш мүмкіндік бермей, 12:3 есебімен ойсырата ұтты. Келесі кездесуді Жандос Әбумуталифұлы бастаған жігіттер «Хабар 24»-ке қарсы өткізеді. Бұл да бір қызық ойын болғалы тұр.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені