«А» лигасы. «Астана ТВ» – бап пен бақтан әзірге хабар жоқ

0
382
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

«Астана ТВ» өткен маусымның күміс жүлдегері, ал «Qazaq radiolary» қолаға қол жеткізіп, Журналистер кубогын жеңіп алған. Сондықтан, жеребе қос команданы бірінші турда-ақ тоғыстырғанда көпшілігі аса тартысты ойынды күткені жасырын емес. Алайда, маусымаралық үзілісте әртүрлі себептерге байланысты негізгі құрамның біраз ойыншыларынан айрылған «Астана ТВ» әлі бабына еніп үлгермеген екен. Рас, кеткендердің орнын Төреби Нұрланов, Қанат Такиров сынды тарландар басты. Бірақ, әлі де бір-біріне үйренісіп үлгермегені байқалды. Ал «Qazaq radiolary»-ның төрт құбыласы түгел. Жарақат алған ешкімі жоқ. Керісінше, былтырғы мықтылардың қатарына тағы бірнеше шебер қосылып, құрамы тіптен күшейе түскен. Салған жерден шабуылға лап қойып, бірінші таймда-ақ қарсыласының қақпасына жауапсыз алты гол соқты. Үзілістен кейін қарқынын бәсеңдетті ме, әлде қарсыласы ес жиды ма, әйтеуір, ойын теңескендей болды. Алайда, Әділет Құсайынов бастаған «Астана ТВ» сол күйі «радиолықтарды» қуып жете алмады. Қорытынды есеп 7:1.

Алты дүркін чемпион «Хабар» да бабында екен. «В» лигасынан көтерілген «Спорт 59» командасының екі голына 9 тура соққымен жауап берді. Рас, «Спорт 59» ойынды өте сенімді бастады. «Хабарлықтар» соққан жылдам гол оларды естен тандырған жоқ. Арада екі минут өтер-өтпестен таразы басын теңестіріп үлгерді. Дегенмен, чемпиондар бұдан басқа қателеспеді. Әсіресе, Нұрсұлтан Құрманнан капитандықты алған Нұрсұлтан Қабылбек өте белсенді еді. Командаластарын жігерлендіріп, дер кезінде қосалқы құрамның ойыншыларын алаңға қосып отырды. Өзі де дубль авторы атанып, әріптестерінің де көзге түсуіне мүмкіндіктер жасады. Нәтижесінде матч 9:2 есебімен аяқталып, «Хабар» турнир кестесіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Тағы бір ірі есеп «National Geographic Qazaqstan» мен «Kazaknews.kz» арасындағы матчта тіркелді. Екеуі де өткен маусымда «В» лигасында ойнаған. Бір-бірін жақсы біледі. Сондықтан, бұл ойын да тартысты өтуі тиіс болатын. Бірақ, бірінші таймды тәп-тәуір өткізген «Kazaknews.kz» жастары үзілістен кейін босаңсып кетті. Ал БАҚ лигадағы үшінші маусымын өткізіп, біршама тәжірибе жинақтап үлгерген «Табиғат жыршылары» керісінше қарқындарын үдетіп, айналдырған 20 минуттың ішінде 7 гол соғып үлгерді. Қорытынды есеп – 7:2, «National Geographic Qazaqstan» үлкен сынақтарға дайын екендігін дәлелдеді.

Ал бірінші турдың ең тартысты ойыны «Егемен Қазақстан» мен «Қазмедиа» арасында тіркелді. «В» лигасының былтырғы жеңімпаздары ойынды өте сәтті бастаған. Бірінші таймды 1:0 есебімен өз пайдаларына шешіп, үзілістен кейін де жылдам гол соқты. Алайда, матчтың алғашқы жартысындағы қателіктерінен сабақ алған «Егемен Қазақстан» қарқындарын үдетіп, керемет камбэк жасады. Таразы басын теңестіріп қана қоймай, матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда қарсыластарынан жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 4:3, «егемендіктер» жүлделі орындардан дәмелі екендіктерін байқатты.

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суыTURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here