Ашылу салтанатына қазақ футболының аңыз ардагері, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Сейілдә Байшақов, «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және «Elorda aqparat» ЖШС директоры Жарқын Жұмаділов қатысты.
– Жылына екі мәрте толыққанды чемпионат өткізіп тұру Қазақстан журналистері арасында жақсы дәстүрге айналды. Сіздер өздеріңіз бас болып, халықты салауатты өмір салтына шақыруда жақсы үлгі көрсетіп жүрсіздер. БАҚ лиганың ойындарына әрдайым келіп тұрам. Араларыңызда кәсіпқой деңгейде де доп тебуге шамасы жететін ойыншылар бар, – деді Сейілдә Икрамұлы.
Естеріңізге сала кетейік, БАҚ лиганың биылғы маусымы «Elorda aqparat» ЖШС құрамына кіретін «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 30 жылдық мерейтойы аясында өтеді. Олар эстафетаны ғасырлық тарихы бар еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстаннан» қабыл алды.
– БАҚ лиганы ұйымдастыруды эстафета ретінде бір-бірінен қабылдау – медиа агенттіктер арасында жақсы дәстүрге айналды. БАҚ лига барша БАҚ өкілдерінің ортақ жобасы. Бұл Қазақстан журналистерінің басын бейресми алаңда біріктіретін жарқын жоба және оның өміршең болатынына әр маусым сайын көз жеткізіп келемін, – деді «Егемен Қазақстан» газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы.
Эстафетаны «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі «Elorda aqparat» агенттігінің директоры Жарқын Жұмаділовке тапсырды. Осы орайда айта кетейік, елордада басылып, барша республикаға таралатын қазақ тілді басылым – «Астана ақшамы» газетінің алғашқы саны 1990 жылдың 13 қазанында жарық көрген. Әуелі «Ақмола ақиқаты» ретінде аптасына бір рет оқырмандарына жол тартып отырған басылым 1998 жылдың қаңтарынан бастап «Ақмола ақшамы» атанып, кейінірек «Астана ақшамы» атауымен күллі Республикамызға қоғамдық-саяси газет ретінде таралды. Бүгінде аптасына 3 рет шығатын «Астана ақшамы» оқырмандарға қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін жеткізіп қана қоймай, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды. Газеттің орыс тілінде жарық көретін сыңары «Вечерняя Астана» басылымы да өзінің он мыңдаған аудиториясы бар, кемелді ақпарат ресурсына айналған. Қос газет келесі жылдың қазанында 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Меншік-иесі «Elorda aqparat» ЖШС мерейтойдың мерекелік шараларын қазірден бастап кетті.
Шаралардың бірі ретінде Ұжымның басшылғы БАҚ лиганы таңдап отыр. Айналдырған үш жылдың ішінде журналистердің «тимбилдингіне» айналған БАҚ лиганың келесі маусымы «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің 30 жылдықтары аясында ұйымдастырылады.
БАҚ лиганың байрағын көтеру рәсімінен кейін журналистерге сұхбат берген Жарқын Түсіпбекұлы барша қатысушыларды маусымның ашылуымен құттықтады:
– 30 жылдығымызды жақсы дәстүрмен бастап, қуанышымызды барша әріптестерімізбен бөліскіміз келді. Бұл бір жағынан игі дәстүр. Біз ғана емес, аға басылымдар да қолдап жатыр. Сондықтан, біз де шет қала алмадық. БАҚ лига бүгінде бұқаралық сипат алған және Республикамыздағы өзіндік орны қалыптасқан ірі турнирге айналды.
Сонымен, «А» және «В» лигаларына бөлінген командалар енді көктемге дейін өзара доп теуіп, үздіктерді анықтайды.