Айта кетейік, БАҚ лига Регламенті бойынша кубокты үш рет жеңіп алған команда жүлдені өздерінде қалдыруға мүмкіндік алады. Сондықтан, бұған дейін екі рет теңдессіз атанған «Хабарға» кубокты өздерінде қалдыру үшін осы жолы да жеңімпаз атануы қажет болатын. Алайда, кубок биыл «Qazaq radiolary» командасына бұйырды.
Алдымен жартылай финалдың ойындары жайлы айтайық. Бірінші жұпта «Хабар» мен «Астана ТВ» арналарының командалары кездескен. Бірі биылғы біріншіліктің чемпиондары болса, екіншілері күміспен күптелген команда. Дегенмен, басты күшті кубокқа салған «астаналықтар» ойынды өте қарқынды бастап, бесінші минутта-ақ есеп ашты. Одан кейін де гол соғатын мүмкіндіктері болды. Алайда, естерін дереу жиған «хабарлықтар» Әлішер Келгенбайдың көмегімен таразы басын теңестіріп, көп ұзамай, Нұрсұлтан Қабылбек өз командасын алға шығарды. Бұл екеуі бір-бір голға қанағаттанған жоқ. Тағы бір-бір голдан соғып, «Хабар» 4:1 есебімен жеңіске бір қадам жақындады. Содан кейін ғана «Астана ТВ» ойынға қайта кірісіп, қарқындарын күшейткенімен бәрі де кеш еді. Ратмир Әубәкірдің әдемі айып соққысы ешнәрсені өзгерте алған жоқ. Қорытынды есеп – 4:2, «Хабар» командасы финалдың алғашқы жолдамасын еншіледі.
«Хабар 24» пен «Qazaq radiolary» арасындағы кездесу де тартысқа толы болып, соңы драмаға ұласты. Есепті Ержан Жүніс ашып, «радиолықтар» алға шыққан. Алайда, үзілістен кейін қорғаныспен қатар шабуылын да күшейткен «Хабар 24» Қанат Мағзұмовтың көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Ал 36-шы минутта екінші ескерту қағазын алған «Qazaq radiolary» командасның қорғаушысы Нұрбек Жолшыбек алаңнан қуылса, 40-шы минутта аталмыш ұжымның қақпашысы Нұрбол Самат та қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайда қалдырды. Бірақ, пенальти сериясында «Хабар 24» сапынан Рауан Омарханов қателесіп, финалдың екінші жолдамасы «Qazaq radiolary»-на бұйырды.
Финал. Құрамы селдіреп қалғанымен «Qazaq radiolary» жасыған жоқ. Қақпаны «Шалқар» радиосының бас редакторы Мұхтар Тұртаев күзетті. Қорғанысқа Назар Найзабеков көмектесті. Оның қасында команда капитаны Бекнұр Нұрмағанбет пен Нүркен «Терминатор» Жамбаев. Ал алғы шепте Дәурен Жолдасов пен Ибраһим Еренғайып. Қосалқы құрамдағы Ержан Жүніс пен Мирас Жақыпов та дер кезінде ойынға қосылып отырды. Дегенмен, «Хабардың» құрамы өте қарымды. Нұрсұлтан Құрманнан бастап, Нұрсұлтан Қабылбек, Шыңғыс Ерғалиев, Сапарғали Қанат, Ернұр Жәмелдердің барлығы да «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Ал алғы шептегі Әлішер Келгенбайдың аяғына келген доптарының барлығы жарылардай қақпаға ұшады. Иә, көпшіліктің топшылауы бойынша, матчтың фавориті «Хабар» болатын.
«Хабардың» өзі де, трибунадағы көрермен де солай ойлағанымен мұнымен «Qazaq radiolary» келіскен жоқ. Мұхтар Тұртаев, құдды бір, қақпа кілтін жұтып қойғандай, еш допты қақпасына дарытқан жоқ. Ал Ибраһим Еренғайыптың бірінші голы «Хабар» қақпасының «тоғыздығынан» дәл табылып, голкипері Азамат Нұрматовқа еш айла қалдырмады. Үзіліске дейін Ибраһим тағы бір гол соқты. Есеп 2:0. Екінші таймда «хабарлықтар» қарқынын күшейтіп, Нұрсұлтан Құрманның өзі қақпаға тұрғанымен «Qazaq radiolary»-ның қорғанысы сыр бермеді. Ал ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Ибраһим Еренғайып хет-трик жасап, командасына Журналистер кубогын алып берді.
Енді кемі бір жыл Журналистер кубогы «Qazaq radiolary» редакциясының төрінде тұрады.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.