Рас, чемпион мен вице-чемпион және «А» лигасынан ұшып кеткен аутсайдерлер соңғы турға дейін-ақ анықталып қойған. Сенбі күні өткен «А» лигасының 14-ші туры қола жүлдегердің тағдырын шешіп берді. Үміттілер «Qazaq radiolary» мен «Ел арна» болатын. Бір ұпайға алда тұрғандықтан алғашқыларына тең нәтиже де жеткілікті еді. Ал «Ел арна» қалай да жеңіске жетуді көздеді. Бұл жауапкершілікті Жасын Біркенов бастаған жігіттер көтере алмады. Жылдам гол соғу мақсатында бірден шабуылға шығып кетіп, бірінші минутта-ақ қарымта шабуылдан қақпаларына гол жіберіп алды. Есепті ашқан Ибраһим Еренғайып болатын. Көп ұзамай Ибра дубль жасады. Ал келесі шабуылда Нүркен Жамбаевтың қанжығасы қанданып, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Дегенмен, «Ел арна» да қол қусырып қарап отырған жоқ. Бірінші таймның соңына таман Бақытжан Масақов дубль жасап, есепті қысқартса, үзілістен кейін Абдулла Төкенов таразы басын теңестірді. Осыдан кейін көпшілік «Ел арнаны» енді ешкім тоқтата алмайды деп топшылаған. Алайда, Назар Найзабеков пен Дәурен Жолдасовтың голдарынан кейін сол күйі естерін жия алмады. Қорытынды есеп – 5:3, қола жүлде «Qazaq radiolary»-ның ұжымына бұйырды. Бұл жеңіліс «Ел арнаны» 5-ші орынға түсіріп жіберсе, «Егемен Қазақстан» үздік төрттікті қорытындылады.
«Хабар» мен «Астана ТВ» командаларының сәйкесінше, чемпион және вице-чемпион атанып қойғандарын жазғанбыз. Соңғы турда командалар өзара кездесті. Рас, ойын турнир кестесіне әсер еткен жоқ. Екі команда да алаңға қосалқы құраммен жүрді. Бірақ, «Астана ТВ» жігіттері 6:2 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі ұпай айырмашылығын үшеуге дейін қысқарта алды.
Ал маусымның басты аутсайдерлері «Хабар 24» пен «Қазмедиа А» арасындағы ойында «жаңалық жаршылары» қарсыластарын 4:2 есебімен тізе бүктірді. Алайда, екі команда да келесі маусымды «В» лигасында өткізеді.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.