Шыны керек, әу баста ешкім бұл команданы фавориттер қатарына қосқан жоқ. Құрамы да қазіргідей мықты емес еді. Алайда, трансферлік терезеде «Қазмедиа А» сапынан Ершат Қожатаев пен Құмарбек Азатты алдыртқан «Қазмедиа В» бірден бас жүлдеден басты үміткерлердің көшін бастады. Иә, екеуі де мықты, көпшілік мойындаған ойыншылар. Ершат Қожатаев төрт маусым бойы БАҚ лиганың үздік қорғаушысы атанып келді. Құмарбек Азат – екі дүркін үздік ойыншы. Осы екеуі келгелі «Қазмедиа В» ойыны бірден түледі. Төрт турдан кейін максималды 12 ұпай жинап, орысша айтқанда «В» лигасының «досрочно» жеңімпазы атанды. Енді оларды келесі маусымда «А» лигасының айбынды командалары күтіп тұр. «Қалай болар екен?» деген ой бізді ғана емес, өздерін де мазалайтын шығар. Өйткені, ол жақтың деңгейі мүлдем бөлек. Дегенмен, біреулер Марғұлан Ибраевтың командасы Қанат Такиров бастаған жігіттермен бірігіп, екі ұжымды қосу арқылы қайта бір команда жасақтайды деген болжамдарды да айтып жүр. Мұны, бірақ, Марғұланның өзі жоққа шығарды. «Жұмыста басымыз қосылғанымен алаңда бірікпейміз» деп жатыр. «Қазмедиа В» өз алдына дербес бір команда болмақ. Бұл да жақсы шығар.
Ал қалған екі жолдаманың иелері әлі анықталған жоқ. Үш команда үмітті. Олар: «Kazaknews.kz», «Спорт 59» және «National Geographic Qazaqstan». Жолдамаға қол жеткізу үшін алғашқыларына соңғы турда тең ойнаса да жеткілікті. Ал «Спорт 59» бен «табиғат жыршылары» өзара қырқысады. Демек, «В» лигасында шиеленіс әлі шешілген жоқ.
«Мазмұндама» мен «Қаламгерді» бекер ұмытып кеткен жоқпыз. Екінші кезеңге шығып алған аталмыш командалар дәл қазір өз ләззаттары үшін алаңда уақыт өткізумен ғана жүр. Олардың «А» лигасына өтетін мүмкіндіктері де, ынталары да жоқ.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.