Бірінші маусымнан бері бас бәйгені ешкімге бермей келе жатқан «Хабар» биыл да өздерінің теңдессіз екендіктерін дәлелдеді. Рас, ортасында «Ел арнадан» ұтылып, «Астана ТВ»-мен тең түсіп, ұпай жоғалтқандары бар. Алайда, сәтсіздіктер Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттердің сағын сындырған жоқ. Дер кезінде бас көтеріп, еңсе тіктей білді. Құрамы селдіреп қалғанда Қызылордадан Әділбек Жақановты, Алматыдан Әлішер Келгенбайды алдыртып, сынақты тік тұрып күтіп алды. Соңында оның барлығы да ұмытылды. Маусым ортасындағы қиындықтарды айтамыз. Басты бәсекелесі «Астана ТВ» жігіттерін алты ұпайға артта қалдырғанда «Хабар» ойыншылары үшін алтыншы чемпиондық тым оңай келгендей көрінген де шығар. Қазір әлбетте солай секілді. Бірақ, мұның барлығы қажырлы еңбек пен тынымсыз жаттығулардың арқасы. Алты маусымдық маңдай тердің нәтижесі. Әйтпесе, еш нәрсенің де аспаннан салбырап түспейтінін «Хабардың» бәсекелестері жақсы біледі. Бұрындары «хабарлықтардың» жеңгенін қаламайтын қарсыластары да биыл мықтылықтарын мойындап жатыр. Иә, Чемпиондар лигасында «Реалдың» рөлі қаншалықты жоғары болса, БАҚ лига үшін де «Хабардың» абыройы соншалықты асқақ. Дәл солай. Ал осы демалыста Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер «Qazaq radiolary» және «Хабар 24» командаларымен кездесіп, екеуінде де ірі жеңіске қол жеткізді. Алғашқыларын 10:3 есебімен тізе бүктірсе, «Хабар» агенттігінің дербиінде «кіші әріптестерінің» екі голына сегіз тура соққымен жауап берді. Осылайша 11 ойында 28 ұпай жинаған «Хабар» басты бәсекелесі «Астана ТВ» командасынан алты ұпайға ұзап кетті. Енді соңғы турда өзара кездеседі. Турнирлік маңызын жоғалтқан матчта жеңіліп қалса да «Астана ТВ» оларды қуып жете алмайды.
Өз кезегінде өткен маусымда «В» лигасын жеңген «Астана ТВ» биыл күміс жүлдегер. Былтыр ғана төменгі топта доп тепкен команда үшін өте жақсы нәтиже. Дегенмен, чемпиондыққа қол жеткізу үшін Адлет Құсайынов жігіттеріне әлі де баланс пен тұрақтылық қажет секілді. Тәжірибенің де аздау екені байқалды. Оның барлығы уақытпен келетін нәрсе.
Дәл сондай мінездемені «Qazaq radiolary» мен «Ел арна» туралы да айтуға болады. Бірді-екілі ойындарда жеңіске жетуге қабілетті болғанымен әлі де үлкен чемпионаттарға дайын емес екен. Командаларында тепе-теңдік жоқ. Жұлдыздарды үйіп алғанымен оларды өз орнымен пайдалануды әзірге үйрене алмай жүр.
Ал «Хабар 24» пен «Қазмедиа А» маусым қорытындысы бойынша «В» лигасына түсіп қалды. Екі командаға да бір серпіліс керек. Бәлкім, төменгі топқа барып, ес жиып қайту қажет шығар.
«Егемен Қазақстан» ше? Алтыншы маусымның қожайындары үшін бәсеке аяқталды. Біріншілікте қатысудан басқа мақсаты болмаған команда үздік төрттікті қорытындылап тұр. Рас, соңғы турдан кейін 5-ші сатыға түсіп қалуы ғажап емес. Бірақ, маусым қожайындары үшін биылғы чемпионат қанағаттандырарлық дәрежеде аяқталды. Ең бастысы, кез келген командамен тіресе алатындықтарын дәлелдеді және өздерінің де көздері жетті. Енді дәл осы құрамын сақтап қалар болса, келесі маусымда басты фавориттердің қатарында болары анық.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.