№7. Бекнұр Нұрмағанбет («Қазақ радиолары»)
«Спорт-59» капитаны Бек Төлеу мен «Қазақ радиолары» капитаны Бекнұр Нұрмағанбеттің бір ұқсастығы бар. Екеуі де осы БАҚ лигада біраз жігіттердің бағының жануына септігін тигізді. Бірақ ұзақ ұстап тұра алмайды. Қазіргі “Хабардың” негізгі ойыншылары болып жүрген Нұрсұлтан Қабылбек, Шыңғыс Ерғалиевті көпшілік осы радио арқылы біледі.
Бекнұрдың селекциялық қабілетінің арқасында біраз ойыншылар БАҚ лигамен танысты. “Қазақ радиолары” алғашқы маусымда екінші орын алған. Биыл да жүлдеге ілігуге мүмкіндіктері бар. Мұхамедәли Болатұлынан кейін бірден капитандық таспаны қолға алып, командасының басын құрап жүрген Бекнұр біздің рейтингте 7-ші орында.
№6. Марғұлан Ибраев («Қазмедиа»)
Марғұлан Ибраев БАҚ лигаға “Жеңіс” командасы арқылы келген. Менеджерлік қабілетінің арқасында кейін өзі “Қазмедиа” командасын шығарды. Талай жігіттердің БАҚ саласына жұмысқа кіруіне де қолғабыс етіп жүр. Жалпы, Марғұлан БАҚ лигада екі команда шығарған алғашқы менеджер. Ол жағынан әзірге басқа ешкім мақтана алмайды.
№5. Алмас Манап («Егемен Қазақстан»)
“Егемен Қазақстан” командасындағы ойыншылардың бәрі мінезді. Еркебұлан Алдаберген, Төлеубек Қадырмола, Берік Шәпетов… Мұндай жігіттердің басын біріктіру көп адамның қолынан келе бермейді. Ал ешкімнің ауыздығына көне қоймайтын бұл жігіттер капитаны Алмас Манапқа бағынады. Алмас бірінші маусымнан бері “Егеменнің” басын құрап, тұрақты ойнап келеді. Арасында жүлдеге ілігіп те үлгерді. Төртінші маусымда екінші орын алған. Ендеше, біздің тізімде болуға әбден лайықты деп санаймыз.
№4. Әділет Құсайынов («Астана»)
Әділет “Серхио Рамос” Құсайынов “Астана” командасы үшін жаны күйетін нағыз капитан. Бүгінде БАҚ лигадағы орыс тілді журналистердің көбісі осы Әділеттің айналасында топтасқан. Сосын Әділеттің командасына бір қосылған адам оңайлықпен ешқайда кете қоймайды. Ол да капитанның арқасы деп ойлаймыз. Қайта басқалар келіп қосылып жатады. Әділет Құсайыновтың әуесқой деңгейдегі бапкерлік қабілеті де бар. Командасының жаттығу процесіне де өзі жауап береді. Биыл маусым ортасына дейін чемпиондықтың көркін қыздырып, біраз талас жүргізді. Команда құрамын да жақсы жасақтаған. Енді кубокты ұтып алуға мүмкіндіктері бар.
№3. Хасан Ташенов («Хабар 24»)
БАҚ лигада алты маусым бойы ойнап жүрген тұрақты команданың бірі – “Хабар 24”. Ал капитаны Хасан Ташеновтің басқалардан басты ерекшілігі – сырттан ойыншы іздемейді. Команданың 90 %-ы осы арнада қызметте. Сосын жеңілісті де мойындай білетін, барлық эмоциясын алаңда тастап кететін биязы капитан.
№2. Бек Төлеу («Спорт-59»)
Ешқандай тұрақты демеушісі жоқ «Спорт-59» БАҚ лиганың алты маусымына да қатысқан санаулы команданың бірі. Команда осыған дейін “А” лигасында ойнады. Биыл “В” лигасында. Жан-жақтан журналист жігіттерді жинап, басын құрап жүрген капитан – Бек Төлеу. Төртінші маусымда команда Журналистер кубогының финалына дейін жетті және үш рет бесінші орын алған.
Бекті БАҚ лига қатысушылары селекциялық жұмыстары арқылы жақсы таниды. Мысалы, осы күні әр түрлі командаларда жүрген Санжар Кеңес (“Егемен Қазақстан”), Абылай Тұрлыбеков (“Ел арна”), Ғасыр Құралбайұлы, Ұлан Заттыбеков “Елорда”), Сапарғали Қанат, Олжас Күлтешов, Ербол Кенжебаев (“Хабар”), Бейімбет Молдағали (“Хабар-24”), Нұрмұхамед Байсүгіров (“Астана”), Махамбет Әнуарбекұлы (NGO) секілді ойыншылардың БАҚ лигада жарқырап көрінуіне бірден-бір ықпал еткен капитан.
№1. Нұрсұлтан Құрман («Хабар»)
Біздің «number one» – Нұрсұлтан Құрман. Шыны керек, БАҚ саласындағы басшылардың бәрі бірдей спортқа тұрақты көңіл бөле бермейді. Дегенмен, Нұрсұлтан өзінің ерліктері мен командасының жеңістері арқасында «Хабар» басшыларының бетін бері қарата білді. Әрі тұрақты 100 % нәтиже көрсетіп жүрген команданың жетекшісі. Соның арқасында «Хабар» бүгінде кез келген турнирдің «басты фавориті» мәртебесіне ие. Турнир алдында-ақ көпшілігі Құрманның командасына чемпиондықты беріп қойып жататыны тағы бар. Биыл да «Хабар» БАҚ лигадағы алтыншы чемпиондығын тойлауға жақын. Иә, бұл атаққа ерен еңбек сіңіріп жүрген Нұрсұлтанды «Хабардың» Фрэнк Лэмпарды» десек артық айтпағандығымыз шығар.
Нұрсұлтан өзі де ойнайды, жақсы менеджер және тактик екенін де ерекше айта кетуге болады. Командасы ұтылып жатқанда, тайм-аут алып, ойынның сценариін мүлдем басқа арнаға ауыстырып жіберген сәттері жетерлік. Былтырғы маусымның соңғы екі турында да командасы ұтылып жатты. Біріншісі – «Елордамен» болған ойында болса, екіншісі – «Қазмедиадан». Осы екі ойында да қажет тұста, қақпаға өзі тұрып, бесінші ойыншының міндетін жақсы атқарып шықты. Соның арқасында бесінші чемпиондыққа қол жеткізді.
«Хабар» бүгінгі таңда әуесқой ұжымнан гөрі, жартылай кәсіпқой командаға көбірек келіңкірейді. Ойындардың барлығына футболға қажетті құрал-жабдықтарымен бірге келеді. Маусым сайын формасын ауыстырады. Бірнеше фронтта ойнап жүр. Жаттығулары да тұрақты. Сырттан келетін ойыншылардың жолақысы тағы. Осының барлығын реттеп, демеуші тауып отырған Нұрсұлтан Құрман біздің тізімнің көш басына орналасты. Бұған ешкім қарсы бола қоймас. Расымен де, Нұрсұлтан Құрман болмаса, «Хабар» бүгінгі жетістіктеріне жете алмас еді.
Автор: Қисықаяқ ТҮЗУТЕПКЕНОВ
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.