Дәл қазір турнир кестесінде «Қазмедиа В» жеке-дара көш бастап келеді. Өткен демалыста алдымен «Қаламгерді» ірі есеппен ұтып, одан кейін «Спорт 59» қақпасына жауапсыз екі гол соққан олар ұпайдан шашау шығармай келеді.
Одан кейінгі орындарда 4 ұпаймен «National Geographic Qazaqstan» мен «Kazaknews.kz» тұр. Екінші кезеңнің бірінші турында өзара кездесіп, бір-бірінің қақпасына гол соға алмай кеткен аталмыш командалар кеше үш ұпайдан еншіледі. «Kazaknews.kz» аса тартысты өткен ойында «Қаламгер» жігіттерін 1:0 есебімен тізерлетсе, «табиғат жыршылары» «Мазмұндамадан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылып жатып, екінші таймда матч тағдырын 180 градусқа бұрып жіберді де, тамаша камбектің арқасында 6:5 нәтижесімен жеңіске жетті.
Үздік үштіктен кейін «Спорт 59» үш ұпаймен ілесіп келеді. Олар бірінші турда «Мазмұндама» жігіттерінің екі голына жеті тура соққымен жауап беріп, Құдайберген Махамбетәлі пента-трик жасаған. Дегенмен, келесі күні капитаны Бек Төлеу де орнынан қозғала алмай қалды, командасы да білгенінен жаңылып, ҚМО командасынан ұтылды.
Ал көш соңында «Қаламгер» мен «Мазмұндама» қол ұстасып, бірге келеді. Екі ойында да ұтылған олардың қоржындары әзірге бос. Бірақ, ешкім бұларды тізімнен сызуға да асықпайды.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.