В лигасы. Тоғызыншы турдың таңдаулы құрамы жасалды

0
52

Қақпашы – Арман АҚШАБАЕВ (Қаламгер)

Рас, «Aiqyn-Литер» командасы «Қаламгер» қақпасын аса қатты мазалаған жоқ. Бірақ, оқта-текте ұшқан доптарды Арман Ақшабаев еш қиындықсыз қайтарып жатты. Ал 4-ші минутта соққан голы қарсыластарының сағын мүлдем сындырып тастады. Өз кезегінде «айқындықтар» Арманның қақпасынан бір-ақ рет саңылау таба алды.

Қорғаушылар – Айдын ҚОЖАХМЕТ (Мазмұндама) пен Асқар ТУРЛИН (№1 Sportchannel)

«National Geographic Qazaqstan» командасына қарсы ойында «Мазмұндамаға» тек жеңіс керек еді. Сондай-ақ, өз қақпасын да ұмытпауы қажет болатын. Екінші міндетті команда бұлжытпай орындағанымен қарсылас қақпасына гол соғу қиын болып кетті. Осы сәтте шабуыл шебіне команда капитаны шығып, маңызды голды соқты. Бұдан бөлек, «Табиғат жыршыларының» басты шабуылшысы Махамбет Әнуарбекұлын да тырп еткізген жоқ.

Асқар Турлинді қорғаушы дегеннен гөрі әмбебап ойыншы деген дұрыс шығар. «Еуразия+ОРТ» командасына қарсы ойында Асқар артқы шепке де, алғы шепке де үлгеріп отырды. Ерден Құспановты да тұсап тастап, өзі хет-трик авторы атанды.

Жартылай қорғаушы – Тұрлыжан ӘЙТЕНОВ (Қаламгер)

Тұрлыжан Әйтенов сараң футболшылар қатарынан емес. Әріптесінің қолайлы шепте тұрғанын көрсе, бірден пас береді. Дегенмен, «Aiqyn-Литер» командасына қарсы кездесуде «қаламгерлік» көшбасшы ассистенттігімен ғана емес, голеадорлығымен де көзге түсіп, хет-трик авторы атанды.

Шабуылшылар – Аян ҚАЙЫРБАЕВ (Спорт 59) пен Берік УӘЛИ (Qsport.kz)

Аян Қайырбаевты жақсы білеміз. Негізінен, қорғаушы. Алайда, ұпай керек болғандықтан шығар, «Kazaknews.kz»-ке қарсы кездесуде артқы шепті әріптестеріне қалдырып, алға өзі атойлады. Нәтижесінде дубль жасап, командасын финалдық кезеңге алып шықты.

«Зая кеткен голдар-ай» деп осындайда айтатын шығар. «Қазмедиа В» қақпасына бірінен бірі өтетін үш гол соққанымен Берік Уәлидің еңбегі ақталмады. «Qsport.kz» қанша тырысқанымен қарсыластарын ұта алмады. Жалғыз өзі атан түйенің жүгін арқалағанымен әріптестері оның хет-тригіне тағы бір-екі гол қоса алмай, сан соқтырды. Дегенмен, БАҚ лигадағы өзі қатысқан төрт ойында 5 гол соққан Бекеңнің ерлігін атап өтпеуге болмайды.

Резерв:

Қақпашы – Қанат БАЗЫЛХАН (Хабар).

Қорғаушылар – Сәкен ӘБДЕШОВ (Спорт 59), Данияр СВАНКУЛОВ (№1 Sportchannel).

Жартылай қорғаушы – Батырбек ҚАЗБЕК (Қазмедиа В).

Шабуылшылар – Ерден ҚҰСПАНОВ (Еуразия+ОРТ), Арлан ТҮЛКІБАЕВ (Қаламгер).

«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:

«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.

Google search engine

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here