Айта кетейік, екі команданың биылғы біріншіліктегі тағдырлары күні бұрын шешіліп қойған болса, қалған сегізі финалдық кезеңге шығудан үміттері мен сенімдерін соңына дейін сөндірген жоқ. Бәрі кеше шешілді.
Соңғы турдың алдында үш-ақ команда ғана өздерін жайлы сезінді. Бұлар финалдық кезеңнің жолдамаларын бұған дейін шешіп қойған «Қазмедиа В», «Kazaknews.kz» және «National Geographic Qazaqstan» командалары болатын. Тартыс бес команда арасында өрбіді.
Алдымен алаңға «Қазмедиа В» мен «Qsport.kz» шықты. Соңғыларына тек жеңіс керек. Онда да өздері ғана жеңіп қоймай, «Еуразия+ОРТ», «Спорт 59» және «Мазмұндаманың» сүрінгенін күтуі қажет еді. Алайда, БАҚ лига дебютанттары «Қазмедианың» екінші командасын да ұта алмады. Рас, Берік Уәли хет-трик жасап, командасын алға сүйреп, «Qsport.kz» жігіттеріне үміт сыйлағысы келді. Барынша тырысты. Бірақ, оның үш голына әріптестері үн қоса алған жоқ. Қорытынды есеп – 4:3, «Қазмедиа В» «В» лигасының аралық чемпионы атанды.
Ал БАҚ лигаға бірінші маусымнан бері қатысып келе жатқан әккі «Спорт 59» шешуші ойынға тас-түйін дайындықпен келіпті. Көш басындағы «Kazaknews.kz»-пен кездесіп, әр таймда бір доптан, қарсылас қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Дубль авторы – Аян Қайырбаев. Осылайша «Спорт 59» соңғы сәтте финалдық кезеңнің жолдамасын жұлып алды.
«Қаламгерге» финалдық кезеңге шығу үшін тең есеп те жеткілікті болатын. Алайда, «Aiqyn-Литерге» қарсы ойнаған «Қаламгер» қарсылас қақпасына сегіз гол соқты. Ал БАҚ лига дебютанттарынан сапында тек Елбол Каримовтың ғана аяғы түзу екен, Арман Ақшабаев қақпасынан саңылау таба алған сол ғана. Қорытынды есеп – 8:1.
«№1 Sportchannel» – «Еуразия+ОРТ». Турдың басты сенсациясын «QAZSPORT» жігіттері жасады. Финалдық кезеңге шығу үшін «Бірінші арнаның» командасына тең есеп те жеткілікті болатын. Ойын да олардың жоспары бойынша өтіп жатты. Рас, есепті «№1 Sportchannel» сапынан Нұрбол Тазабек соққанымен көп ұзамай Ерден Құспанов таразы басын теңестіріп қана қоймай, өз команадсын алға шығарды. Бірақ, соңғы бес минут «Еуразия+ОРТ» командасының биылғы маусымдағы тағдырын 180 градусқа бұрып жіберді. Асқар Турлин хет-трик жасап, Данияр Сванкулов соңғы минутта матчқа қою нүкте қойды. Қорытынды есеп – 5:2. Бұл нәтиже «Еуразия+ОРТ» жігіттерін түңілдіріп жібергенімен «Мазмұндамаға» көмескі үміт сыйлады.
Өз кезегінде «Мазмұндамаға» соңғы ойында қалайда «National Geographic Qazaqstan» командасын жеңу қажет болатын. Тіпті, тең есеп те оларды қанағаттандырмақ емес. Сондықтан, төрешінің ысқырығы естіле салысымен бірден шабуылға көшкен «мазмұндамалықтар» Әнуар Құрманбаев қақпасын бірден нысанаға алды. Бірақ, бірінші таймның соңында ғана есеп аша алды. Ал үзілістен кейін қарқындарын тіптен күшейтіп, тағы екі гол соқты. Рас, «табиғат жыршылары» да қарап қалған жоқ. Жартылай резервті құраммен ойнағанына қарамастан барынша қарсылық көрсетіп, Талғат Қайыргелдин есепті қысқарта алды. Қорытынды есеп – 3:1.
Осылайша «В» лигасының финалдық кезеңіне «Қазмедиа В», «Kazaknews.kz», «Қаламгер», «National Geographic Qazaqstan», «Спорт 59» және «Мазмұндама» командалары шықты. Енді олар «А» лигасының жолдамаларына таласады.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.