Әуелі «Астана ТВ»-дан бастайық. Өткен маусымда «В» лигасының жеңімпазы атанып, «А» лигасында да амбициясы мықты екенін көрсетіп жатыр. Алайда, биыл бәсекелестіктің күшейіп кеткені болар, әр ойын оларға да, басқаға да оңай тиіп жатқан жоқ. Сенбі күні «Qazaq radiolary» жігіттерін 2:1 есебімен әзер жеңді. Ал кеше маусымдағы алғашқы жеңілісіне ұшырап, «Ел арнадан» 0:3 есебімен ұтылып қалды.
Өз кезегінде «Ел арна» Робин гуд секілді. «Байлардан» ұпай алып, «кедейлерге» үлестіріп жүр. Сенбі күні «Қазмедиадан» ұтылған еді, кеше «Астана ТВ» жігіттерін жеңіп, бірінші айналымдағы ұтылыс үшін қарымта қайтарды. Бұған дейін де «Ел арнаның» «Хабарды» жеңгенін және «Егемен Қазақстаннан» ұтылғанын ескерсек, Робин гуд деген лақап атау бұларға өте сай келеді.
Бес дүркін чемпиондардың басқа қарсыластарына қарағанда бір ойыны кем. Сенбі күні «Егемен Қазақстанды» 6:3 есебімен оңай ұтты. Ал ойда тағы бір кездесуі бар екенін ескерсек, турнир кестесінің көшбасшысы «Астана ТВ» командасымен теңесіп қалуы әбден мүмкін.
Өз кезегінде ел газеті «Егеменнің» командасы маусымды ала-құла өткізіп жүр. «Хабардан» жеңілгеннен кейін кеше бар ашуын «Қазмедиа А» жігіттерінен алып, қарсыластарының бір голына алты тура соққымен жауап берді. Дәл қазір олар жеті команданың ішінде 6-орында келеді.
Сол секілді, «Қазмедианың» да бір ойыны жеңіс, екіншісі жеңіліс, әйтеуір баланс сақтап келеді. Құрамы да толық жиналар емес. Соның кесірінен соңғы орыннан бір-ақ шықты.
Ал «Qazaq radiolary» екінші айналымды жеңіспен бастады. Бірінші турда «Хабар 24» командасымен кездесіп, жеңіліп қалған олар бұл жолы қорғаныста сауатты ойнап, үзілістен кейін қарсылас қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Айта кету керек, «радиолықтардың» ойын өрнегі де жақсарып келеді. Мұның алдында «Астана ТВ» жігіттеріне қарсы да жақсы ойнаған. Тек сәттілік жетіспей, 1:2 есебімен ұтылып қалған.
«Хабар 24» ше? Әзірге Хасан Ташеновтің командасы жайлы бірнәрсе айту ерте. Команда 9 ұпаймен турнир кестесінің 4-ші сатысында келеді. Бірақ, бәрі сәтті болса, үздік үштікке кіруі де ғажап емес.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.