Қақпашы – Қуат ШАЙСҰЛТАНОВ (№1 Sportchannel)
«Жақсы қақпашы – жарты команда». Рас, жиі айтылатын мәтел. Бірақ, бұл жолы жаңылмай, адресатын дәл тапқан сөз. Шынымен де, Қуат Шайсұлтанов келгелі «№1 Sportchannel» қақпасына тыныштық орнады. Ал «Aiqyn-Литер» командасы қанша жерден шабуылдағанымен үшеуден артық гол соға алмады.
Қорғаушылар – Азамат ЖАНАСБАЕВ (Еуразия+ОРТ) пен Сәкен ӘБДЕШОВ (Спорт 59)
«Мазмұндамаға» қарсы кездесуде Азаматтан Асқар Мұхтаров қана емес, әйгілі Альфредо Ди Стефано да айналып өте алмайтындай көрінді. Иә, ойын тізгіні қанша жерден қарсыластарының қолында болғанымен олар Жанасбаев бастаған жауынгерлердің қорғанысын бұза алған жоқ.
Бойшаң қорғаушы соңғы шепке жауап беріп қана қоймай, шабуылға да жақсы араласады екен. «Qsport.kz»-ке қарсы ойында қарсыластарының сағын сындырып, бірінші голды соққан да осы қорғаушы. Одан кейін де өз қапталында қателескен жоқ.
Жартылай қорғаушы – Құмарбек АЗАТ (Қазмедиа В)
«В» лигасының ғана емес, «А» лигасының да үздік ойыншысы болуға лайық Құмарбек Азат «Қазмедиа В» сапындағы алғашқы ойында аса қатты көсілген жоқ. Бірақ, соның өзінде алаң ортасын толығымен ашса алақанында, жұмса жұдырығнда ұстап, қарсыластарының мысын басып отырды.
Шабуылшылар – Мағжан ЖҰМАБАЕВ (№1 Sportchannel) пен Әбдіманап КЕҢЕС (Kazaknews.kz)
«№1 Sportchannel»-дің алғашқы жеңісіне қол жеткізуінің бірден-бір себепкері дәл осы Мағжан Жұмабаев. «Aiqyn-Литерге» қарсы ойында айдарынан жел ескен шабуылшы хет-трик авторы атанып, командасына маңызды үш ұпайды әперді.
«Қаламгерге» қарсы кездесуде Әбдіманап Кеңес өте белсенді болып, сәт сайын қарсылас қорғаушыларын қыспаққа алып отырды. Еншісіне бір-ақ гол жазса да, атқарған еңбегі өте зор.
Резерв:
Қақпашы – Ерсұлтан КӘРІПБАЙ (Спорт 59).
Қорғаушылар – Бексұлтан ӘМІРБЕК (Kazaknews.kz), Алмас ӘЛІБАЕВ (Қазмедиа В).
Жартылай қорғаушы – Әлібек ӨТЕУОВ (Еуразия+ОРТ).
Шабуылшылар – Нұрбол ТАЗАБЕК (№1 Sportchannel), Нұрбол ТҰРСЫНБАЕВ (Қазмедиа В).
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.