– Ештеңе етпес, есеп – 2:2, ұпай айырмашылығы сол қалпы. «Астана ТВ» бізден ешқайда ұзап кеткен жоқ. Алда әлі екінші айналым бар, бәрі өзімізге байланысты, – деп бастады Нұрсұлтан Құрман.
– Жеңіске жетуге не кедергі болды?
– Ойын тізгіні біздің қолымызда болды. Автобусқа қарсы ойнаған қиын екен. Бұзу оңай болмады. Оның үстіне, жылдам гол жіберіп алдық та, барлық жоспарымызды өзгертуге мәжбүр болдық. Жалпы, футбол деген қызық қой, кейде 100 пайыздық мүмкіндіктерді голға айналдыра алмай жатасың, кейде болмашы соққың қақпада тулап жатады. Мәселен, егер Әлішер Келгенбай өзінің соңғы минуттардағы 200 пайыздық мүмкіндігін соға алғанда қазір басқаша әңгіме айтып тұрар едік.
– «Астана ТВ» сапында басты сұрмергені Сергей Надточей болған жоқ. Егер ол болғанда «Хабардың» ұтылып қалуы мүмкін бе еді?
– Керісінше, Надточей келгенде «Астана ТВ» бұлайша қорғанысқа жатып алмас еді. Шабуылға көбірек басымдық берер еді. Ал біздің ойыншылар, өздеріңіз білесіздер, өте жылдам. Қорғана жүріп, қарымта шабуылдар арқылы ойын тағдырын шешіп кетер едік.
– Сіздіңше, «Астана ТВ» биыл қаншалықты күшейген?
– Капитаны Әділет Құсайыновты өте қатты құрметтеймін, әріптесім ретінде жақсы сыйлаймын. Команданы жақсы жасақтай білді. Шабуылы қарымды болмаса да, қорғанысты күшейткен. Қақпашылары да тасқамал. Командасында тәртіп пен дисциплина бар. Бұл футболда өте маңызды аспект. Соның арқасында жетістіктерге жетіп жүр деп ойлаймын. Әйтпесе, көп командаларда тәртіп жағы нашарлау. Соның кесірінен маусым ортасында шашылып қалып жатады. Ал «Астана ТВ» бұл жағынан мықты. Енді олармен соңғы турда кездеседі екенбіз ғой, егер біз немесе олар оған дейін сүрініп қалмасақ, биыл чемпиондықтың тағдыры тағы да соңғы турда шешілетін сияқты.
– Ал «Хабар» биыл бұрынғыға қарағанда әлсіреп қалды деп ойламайсыз ба?
– Келісемін, құрамымыз кішкене әлсірегені рас. Дегенмен, әрбір негативті жағдайдан бір позитив көре білу керек. Мысалы, бізден Ершат Қожатаев сияқты қарымды қорғаушы кеткенімен жас ойыншымыз Ернұр Жәмел тур өткен сайын күшейіп келеді. Таңдаулы құрамдарға да кіріп жүр. Біз соған қуанамыз. Демек, Ершаттың орнын басар басқа да жігіттер табылып жатыр. Жалпы, әлсіреді деуіңіз де бекер емес. Сапарғали Қанат отбасылық жағдайына байланысты Шымкентке қоныс аударса, Бимухамед Букеев «Ел арна» командасына ауысып кетті. Бірақ, біздің «Хабарда» рух бар. Оны әр ойында дәлелдеп келеміз.
– Бимухамед Букеевтің команда ауыстыру себебі неде? Араларыңызда қандай түсініспеушілік болды?
– Шыны керек, Бимухамедтің неліктен кеткенін өзіміз де түсінбей қалдық. Мүлдем қызық жағдай. Оның себебін өзінен немесе «Ел арна» капитаны Жасын Біркеновтен сұрағандарыңыз дұрыс шығар. Не себеп болғаны бізге де қызық болып тұр.
– Егер «Хабар» биыл чемпион бола алмаса, бұл сіздер үшін қаншалықты трагедия болмақ?
– Жоқ, бұл ешқандай да трагедия емес. Бес рет чемпион болғанбыз. Сондықтан, психологиялық тұрғыда бәріне дайынбыз. Мұндай жағдай ерте ме, кеш пе, кез келген команданың басына туады. Басқа турнирлерде де біз жеңіспен қатар, жеңілістің де кермек дәмдерін сезініп, сәтсіздіктерге душар болғанбыз. Бірақ, біздің мотивациямыз өте мықты. «Астана ТВ», «Ел арна» сынды командаларға қарсы қалай ойнау қажеттігін түсіндік. Барлығын екінші айналымда шешуге тырысамыз.
– Енді трансферлік кезеңдегі жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Команда құрамын үш ойыншымен күшейтпекпіз. Оның екеуі «Спорт 59» командасындағы Олжас Күлтешов пен Ербол Кенжебаевпен «келісімшарт жасасамыз». Екеуі де біздің жігіттерге бұрыннан таныс. Жаттығуларды да бірге өткізіп жүрміз. Командаға бірден сіңісіп кетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, Алматыдағы әріптесіміз Дулат Кәрібаев та біздің қатарға қосылады. Әлбетте, әр тур сайын астанаға келіп тұра алмайтын шығар, бірақ маңызды ойындарда көмегі тиеді деп сенемін.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.