Құрамына жеті ойыншы қосқанымен «Қаламгер» үшін өткен демалыс өте сәтсіз өтті. Алдымен сенбі күні «Kazaknews.kz»-тен 3:4 есебімен жеңіліп қалған. Ал кеше «Қазмедиа В» командасынан 0:7 нәтижесімен ойсырай ұтылды. Осылайша алғашқы үш турдың қорытындысы бойынша көш бастап тұрған командаға көз тиді ме, қазір турнир кестесінде 6-шы орынға бір-ақ ығысты. Егер ойындарын түземесе, «үздік алтылықтан» тыс қалып қоюы да ғажап емес.
Есесіне «Қазмедиа В» қарқын алды. Құрамына БАҚ лиганың төрт дүркін үздік қорғаушысы Ершат Қожатаев пен үшінші және төртінші маусымдардың үздік ойыншысы Құмарбек Азатты қосқан олар «Қаламгердің» алдында «National Geographic Qazaqstan»-ды да тізе бүктірген болатын.
Өз кезегінде «National Geographic Qazaqstan» да өткен демалысты өз активтеріне жаза алмайды. Екі ойында бар болғаны бір-ақ ұпай жинады. Дегенмен, қарсыластары да өте қарымды еді. «Қазмедиадан» кейін «табиғат жыршылары» маусымның тағы бір фавориті «Спорт 59»-бен кездескен. Ермек Төрениязов пен Нұрәлем Жалғасұлы соққан жылдам голдардан кейін 2:0 есебімен ұтып тұрғанына қарамастан жеңісті есепті ұстап тұра алмай, таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойды.
Ал «Спорт 59» бұл «weekend»-те 4 ұпай олжалап, турнир кестесінде 3-орынға көтерілді. Кеше тең ойнап қалғанымен сенбі күні Бек Төлеу бастаған жігіттер «Qsport.kz» сайтын 4:2 есебімен тізе бүктірген.
Айтпақшы, «Qsport.kz» осы трансферлік терезеде керемет күшейді. Скауттары тамаша жұмыс жасап, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәлиді, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Әлеуметтік өзара әрекеттесу және байланыс орталығының директоры Елдос Өмірзақты, ҚМДБ Баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы мен «Нұр Медиа» компаниясынан Серғали Балажанды шақырды. Бұған дейін де құрамында Жандос Әбдумүтәліпұлы, Мұхамедәлі Болатұлы, Ермұхамед Мәулен, Ертас Жақыпбай, Еламан Әмірғазы сынды марғасқалар ойнайтын команда осылайша тіптен жұлдызды ұжымға айналды. Ал су жаңа сұрмергені Берік Уәли екі турда да екі гол, екі ассист жасап, командасын бірден өрге сүйреді. Оның қасында Ермұхамед Мәулен де қалыспай, қос шабуылшы алғы шепте тамаша тандем құрды. Айта кету керек, «Спорт 59»-дан ұтылып қалғаннан кейін кеше олар «№1 Sportchannel» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірген болатын.
Дегенмен, маусымның дебютанттары «№1 Sportchannel» де осы демалыста өздерінің алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Аутсайдерлер дербиінде олар тағы бір дебютант «Aiqyn-Литер» командасынан 6:3 есебімен басым түскен.
Егер тек бірінші таймдар ғана есепке алынғанда «Aiqyn-Литер» көш бастап тұрар ма еді, кім білсін, әйтеуір, үнемі үзілістен кейін тізгінді қолынан шығарып алатын әдет тауып алды. Бұл бірінші рет емес. Мәселен, кеше «Еуразия+ОРТ» командасын 3:1 есебімен жеңіп тұрып, екінші таймда қақпаларына тағы үш гол жіберіп алды. Қорытынды есеп – 3:4.
Ал «Еуразия+ОРТ» кәдімгідей қарқын жинап алды. Қатарынан үш жеңіс. Сенбі күні де Ерден Құспанов бастаған команда маусымда әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген «Мазмұндаманы» 2:1 есебімен тізе бүктірген.
Ал «Мазмұндама» тең ойынға қанағат білдіретін, достықтың командасына айналып келеді. Кеше «Kazaknews.kz» сайтының саңлақтарымен кездескен олар 2:1 есебімен ұтып тұрып, тағы да соңғы сәтте таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойды. Бұл тең ойын «Kazaknews.kz»-ті қанаттандырып, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.