Өткен демалыста Журналистер біріншілігінің ойындары аса тартысты өтіп, командалар күтпеген жерден ұпайлар жоғалтып жатты. Ал маусымның басты фавориттері «Хабар» мен «Астана ТВ» төрт ұпайдан қоржындарына салды. Дегенмен, бәрінен де «Хабар 24»-тің көңілдері тоқ.
Алдымен сенбі күні «Егемен Қазақстан» командасының бір голына төрт тура соққымен жауап берген Хасан Ташенов бастаған жігіттер кеше «Қазмедиа А» командасының да қақпасына дәл осынша гол соғып, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде екі ойында да жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізді де, барлығы 9 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.
«Хабар» мен «Астананың» да жағдайлары жаман емес. Пентакампеондар сенбі күні «Qazaq radiolary»-н 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Үш голды Әлішер Келгенбай соқса, тағы үш голды өз еншісіне Асқар Хамиден жазып, қарсыластарын ес жиғызбай «соққыға жықты».
Өз кезегінде «Астана ТВ» құрамы селдіреп қалған «Қазмедиа А» командасын 6:1 есебімен ұтты. Дегенмен, жеңіс оңайлықпен келген жоқ. «Астана ТВ» сапынан Дарын Шеңгелбай 9-шы минутта есеп ашқанымен арада бес минут өтер-өтпестен «қазмедиалық» Азат Жүсіпбек таразы басын теңестірген. Келесі голды көрермендер ұзақ күтті. Вице-чемпиондар айбынды «астаналықтарға» барынша төтеп беріп жатты. Алайда, соңына таман шаршап қалды да, айналдырған алты минуттың ішінде қақпасына қатарынан бес гол жіберіп алды.
Ал кешегі «Match day»-де «Хабар» мен «Астана ТВ» кездесті. Чемпиондықтан басты үміткерлер, һәм дәмелілер. Екі команда да матчқа тас-түйін дайындықпен келгенімен құрамдары толық болған жоқ. Үш матчтық дисквалификациядан кейін қатарға Нұрсұлтан Қабылбек қосылғанымен “Хабар” Сапарғали Қанат пен Асқар Хамиден болған жоқ. «Астана ТВ»-да кездесуге 40 қазақ ертіп келгенімен басты көшбашысы Сергей Надточейге сенім арта алмады. Бірақ, оның орнын басар басқа көшбасшы бар екен, Николай Кружальский екінші минутта-ақ есеп ашты. «Хабар» қамықпады. Қорғанысқа тайлы-тұяғымен көшкен қарсыластарын ақырындап қыспаққа ала берді. «Астана ТВ» да өз айып алаңдарында өте сауатты ойнады. Бірақ, Нұрсұлтан Құрманның жартылай пас, жартылай соққысын қайтара алған жоқ. Арада үш минут өтер-өтпестен Ернұр Жәмел «Хабардың» екінші голын соғып, жеңіске бір қадам жақын қалған еді, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда Нұрмұхамед Байсүгіров Айбек Қабылша қақпасының алыс бұрышын дәл көздеп, таразы басын теңестіріп кетті. Есеп – 2:2, бұл нәтиже алаңдағы командалардың ғана емес, трибунадағы көрермендердің де көңілдерінен шықты.
Ал «Qazaq radiolary» үшін өткен демалыс өте сәтсіз өтті. Алдымен «Хабардан» 0:6 есебімен ұтылып қалғаны бар, кеше «Ел арнаны» 2:0 есебімен ұтып тұрып, матчтың аяқталуына 10 секунд қалғанда Бақытжан Масақов өзінің бұрынғы командасын жеңістен айырды.
«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.