БАҚ лигаға сән кіргізер ТОП-25 еркін агент

0
684
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Осы орайда назарларыңызға дәл қазір командасыз жүрген ТОП-25 еркін агенттерді ұсынбақпыз.

Нұрғазы САСАЕВ (қақпашы)

Қазақстан Спорт журналистері қауымдастығының вице-президенті

Соңғы рет Нұрғазы Сасаев БАҚ лигада екінші маусымда ойнап, бірнеше матчта үздік ойыншы атанған. Маусым соңында капитандардың дауыс беру қорытындысы бойынша ТОП-3 қақпашылар қатарына кірген. Қазір де кез келген команданы күшейте алатын голкипер әзірге еркін агенттердің көшін бастап тұр.

Бақытнұр ӘЛІБАЙ (қақпашы)

«31 телеарна» тілшісі

«Жақсы қақпашы – жарты команда». Бақытнұр Әлібайға арналған мәтел шығар бұл. БАҚ лиганың үшінші маусымында «Qazaqinfo.kz» командасының қақпасын қорғап, қарсылас шабуылшыларын әбден әбігерге салған. Қазір де қай командаға болмасын, керек голкипер.

Жасұлан ӨМІРӘЛИЕВ (қақпашы)

«Казконтент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары

«ДИАП Qazaqstan» командасының экс-голкипері Жасұлан Өмірәлиев бұрын БАҚ лиганың ойындарынан қалмайтын. Оның қаншалықты тасқамал қақпашы екенін сол командадағы әріптестерінен сұрай берсеңіз болады. Алайда, қазір командасыз. Ендеше, «А» лигасындағы командалардың «құлақтарына алтын сырға», қапы қалып қоймаңыздар.

Ардақ ТОҒЫМОВ (қорғаушы)

Спорт журналистикасының қайраткері

Қазақ спорт журналистикасының мэтрі Ардақ Тоғымов елуге таяп қалса да, шау тартпағанын «Футбол үйінде» журналистер мен футбол ардагерлеріне қарсы ойында көрдік. Орталық қорғаушы ретінде өз міндетін мүлтіксіз атқаратын ардагер журналистің пастары да пайдаға жарап жататынына да сол матчта көз жеткіздік. Бір сөзбен айтқанда, «А» лигасына болмаса да, «В» лигасына өте қажетті ойыншылардың бірі екен.

Евгений АКМАНОВ (қорғаушы)

«Барыс» ХК Баспасөз қызметінің жетекшісі

Былтыр жазғы маусымда Евгений Акманов Sportinform.kz командасына жақсы көмектесті. Сұңғыла бойлы қорғаушы өзінен доп өткізбей, қақпашысының сенімді серіктесі бола біліп, командасына біршама ұпай әперді. Алыстан қақпаға қақырата тебетіні де бар. Алайда, «Барыстың» Құрлықтық хоккей лигасында жиі ойнайтындығына байланысты биыл еш команда сапына тіркеле алмады. Дегенмен, ҚХЛ-да да маусым аяқталып келеді. Яғни, бос уақыты да көбейе түседі. Ұсыныс жасаған командалардан бас тарта қоймас.

Серік ҚОҢЫРБАЕВ (қорғаушы)

«Хабар» агенттігінің телеоператоры

2017 жылы Сейдахмет Бердіқұлов турнирінде дисквалификация алып, журналистер арасындағы барлық жарыстардан жарты жылға шеттетілген Серік Қоңырбаев содан кейін алаңға оралған жоқ. Әйтпесе, аяғын тартып қалмайтын өте мықты қорғаушы. Жамбыл футбол мектебінің түлегі тіпті, Қаратаудың «Лашын» футбол клубында да доп тепкен. Қазір аздап салмақ қосып алғаны болмаса, білетіндер әлі де бабында деседі.

Саят ЖӨКЕНҰЛЫ (қорғаушы)

«Хабар» агенттігінің бас редакторы

Біле білсеңіз, Саят Жөкенұлы БАҚ лиганың бес дүркін чемпионы. Әлбетте, жасыл алаңдағы бәсекелестік «Хабар» агенттігінің бас редакторын жаңа команда қарастыруға мәжбүр етті. Намысты қолдан бермейтін бұл ойыншымен ешқандай майдан қорқынышты емес.

Әлібек ЕСКЕНДІРОВ (қорғаушы)

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Телерадио арналардағы ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы

«ДИАП Qazaqstan» БАҚ лигадан тыс қалып, Әлібек Ескендіров те командасыз қалып қойды. Намысқой қорғаушы былтыр бір ойында допты қарсыласына оңайлықпен бергісі келмей, қызыл қағаз да алған. Биыл да оны өз сапынан көргісі келген командалар көп болыпты. Алайда, әзірге өзіне лайықты команданы таңдаған жоқ.

Асқат ЖАКАЕВ (қорғаушы)

«Хабар» агенттігінің спорттық продюсері

Бесікте бөлеулі кезінде-ақ футбол әліппесімен танысып, өмірін теңбіл допқа арнаған Асқат Жакаев жасыл алаңда да жақсы ойнайды. Өзіңіз ойлап көріңізші, алдыңызда алпамсадай қорғаушы тұрса, одан айналып өте алар ма едіңіз? Жауабыңыз дайын ғой. Ендеше, Жакаевқа хабарласып көріңіз. Оның нөмірін табу аса қиындық тудырмас.

Дулат НУРКИН (қорғаушы)

«Qazaqstan» ұлттық арнасының журналисі

«ДИАП Qazaqstan» экс-капитаны Дулат Нуркин өткен маусымда «Үздік қорғаушылар» номинациясында үздіктер қатарында болған. Қазір денсаулығына байланысты БАҚ лигадан тыс қалып қойыпты. Бәлкім, жарты маусым доп тебуге шамасы жетер…

Асқат САҒИТОВ (хавбек)

«Астана» радиосы және «Хабар 24» телеарнасының жүргізушісі

Оның дауысын «Астана» радиосынан естіп, түрін «Хабар 24» телеарнасынан көресің. Кейде қаладағы сауық кешендерінен шоу жүргізіп жүргенін байқап қаласың. Спорттан да алыс емес. Елордамыздағы Түнгі хоккей лигасында шайба қуады. Футболға да жақын. Реалфан. Алаң ортасына қойсаңыз, әріптестерін әдемі пастарға үйіп тастай алатын қабілеті бар.

Елдос ӨМІРЗАҚ (хавбек)

Әлеуметтік өзара әрекеттесу және байланыс орталығының бас директоры

Дәл қазір қаншалықты бабында екені белгісіз, бірақ оңтүстік астанада жүргенінде Елдос Өмірзақ теңбіл доппен өте жақын дос болатын. Шабуылда да, қорғаныста да ойнай беретін әмбебап футболшыны тек шалып қана тоқтата аласың. Рас, әзірге шамасы «А» лигасына жетпейтін шығар, бірақ «В» лигасында кез келген команданың негізгі құрамынан ойып тұрып орын ала алады.

Димаш ТӨЛЕГЕНОВ (хавбек)

Sportinform.kz сайтының тілшісі

Жиырмаға енді ғана толатын жас таланттың әлеуеті өте зор. Физикасы да жетік. Алаңда шаршап қалмайды. Әр допқа соңына дейін таласады және жас болғандықтан саз балшық секілді қалағаныңызша илеп, өзіңіз керекті қалыпқа сала аласыз.

Шерхан ӘБДЕЛИЕВ (хавбек)

«Qazaqstan» ұлттық арнасының эфир жүргізушісі

Күн сайын ұлттық арнадан «қайырлы кеш» деп барша қазақстандықтарға күн тәртібіндегі жаңалықтарды таныстырып отыратын Шерхан Әбделиев БАҚ лиганың үшінші маусымында «ДИАП Qazaqstan» сапында доп тепкен. Сол кезде-ақ қайтпас-қайсарлығымен көзге түскен хавбек қазір де кез келген команданы күшейте алатын дәрежеде.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ (хавбек)

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Баспасөз қызметінің жетекшісі

Шағын футболда хавбек деген түсінік жоқ. Әмбебап ойыншы дегенді білеміз. Бірақ, Ағабек Қонарбайұлы шағын футболда ғана емес, футзалда да хавбектің рөлін атқара алатын ойыншы. Өте қырағы және қарсыласынан допты аяғымен қоса жұлып алатын мінезі бар. Оған былтыр БАҚ лиганың төртінші маусымында көз жеткізгенбіз.

Олжас БЕРКІНБАЕВ (хавбек)

«Хабар» телеарнасындағы «Білу маңызды» бағдарламасының жүргізушісі

Биыл Олжас Беркінбаев БАҚ лигаға өзі команда қоспақшы болған. Алайда, соңғы сәтте бұл ниеті жүзеге аспады. Дегенмен, Олжастың биыл Журналистер біріншілігінде доп тебетін мүмкіндігі әлі де бар. Ұсыныс болса, «В» лигасынан бастап көруге болады. Шақырған командасын да жерге қаратпас.

Ғабит БӨКЕНБАЙ (хавбек)

«Qazaqstan» ұлттық арнасының корреспонденті

«Жылдың үздік журналисі» атанып, «Үркер» сыйлығын иемденген Ғабит Бөкенбай БАҚ лигамен де жақсы таныс. Үшінші маусымда «ДИАП Qazaqstan» сапында доп теуіп, тіпті, командасы үшін маңызды голдар да соққан. Қазір де «В» лигасында үздіктердің бірі бола алатын әлеуеті бар.

Бақытжан ОМАРОВ (шабуылшы)

«Хабар 24» телеарнасы жаңалықтар қызметінің бас редакторы

Рейтингте «ДИАП Qazaqstan»-ның экс-ойыншылары көп болып кетті. Мұның өз себебі бар. Расымен де өте сүйкімді команда еді. Басты шабуылшыларының бірі Бақытжан Омаров та көпшіліктің есінде сұрмергендігімен қалып үлгерді. Дәл қазір бос. Бірақ, қазірдің өзінде ұсыныс жасап жатқан командалар бар көрінеді. Сондықтан, асыққан жөн болар.

Дастан КЕНЖАЛИН

Sportpress.kz сайтының бас редакторы

Бұрын Дастан Кенжалин БАҚ лигаға тұрақты түрде команда қосып тұратын. Кейін отбасылық жағдайларына байланысты журналистер арасындағы турнирлерден тыс қалып қойды. Алайда, «Футбол үйінде» өткен Галина Полеваяны қолдауға арналған қайырымдылық матчта байқадық, еш шау тарта қоймапты.

Марлен БЕЙСЕБАЕВ (шабуылшы)

Қазақстан хоккей федерациясы Маркетинг және PR бөлімінің жетекшісі

Егер үлгермесеңіз, бұл шабуылшыдан да құр қалуларыңыз мүмкін. Дәл қазір сұрмерген «В» лигасындағы командалардың бірімен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Қай командаға барса да, шабуылына жан кіргізейін деп тұр.

Серғали БАЛАЖАН (шабуылшы)

«Нұр Медиа» компаниясы

Серғали Балажан БАҚ лигада 2018 жылдың басында ойнауы керек еді, алайда Алматыға қоныс аударуына байланысты Журналистер біріншілігінен тыс қалып қойған. Биыл елордаға қайта келіп жатыр. Оның жасыл алаңдағы әлеуетін астаналық тілшілер қауымы жақсы біледі. Сондықтан, трансферлік кезеңде ұсыныстарды кезек-кезегімен қабылдайды деген үміттеміз.

Қанат ЫСҚАҚОВ (шабуылшы)

ҚР Президентінің Баспасөз қызметі

БАҚ лигада екі маусым доп тепкен шабуылшы өзінің сұрмергендік қабілетімен де жақсы танымал. Допқа таластан аяғын тартып қалмайтын Қанат Ысқақов «В» лигасында ғана емес, «А» лигасында голдарды қарша борататын болады.

Кемелбек ОЙШЫБАЕВ (шабуылшы)

«Ұлттық жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» ҰАҚ Басқармасының басшысы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің түлегі Кемелбек Ойшыбаев әртүрлі ақпарат агенттіктерінде корреспонденттік қызметтен бастап, басшылық міндеттерді де атқарған. БАҚ лиганың алғашқы маусымына «Qazaqstan» ұлттық арнасын үкілеп қосқан да Кемелбек Бақтығұлы. «Футбол десе ішкен асын жерге қоятындығын» баласын футбол мектебіне бергендігінен-ақ байқау беруге болады. Оның үстіне, Еуропаға жол түскен сайын сүйікті командалары «Реал» мен «Челсидің» ойындарын көруге барып тұратындығын да білеміз.

Талғат ЕШЕНҰЛЫ (шабуылшы)

ҚР Президентінің әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары

Талғат Ешенұлының теңбіл допты қалай ұршықша иіретіндігін елордалық әріптестер жақсы біле қоймайтын шығар. Бірақ, алматылықтардың жадында жақсы сақталған, 2000 жылдардың басында сол кездегі «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы журналистер арасындағы турнирлерде алдына жан салмайтын. Бердіқұлов додасын жеңіп алғаны да бар.

Берік УӘЛИ (шабуылшы)

ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы

Берік Уәлиұлы БАҚ лигамен жақсы таныс. Бұған дейін «Егемен Қазақстан» газеті мен «Qazaqstan» ұлттық арналарының командаларының намысын қорғап, талай қақпашыны сан соқтырған. Басқа турнирлерде де топ жарып, журналистер турнирінің төресі Сейдахмет Бердіқұлов додасының жеңімпазы атанған. БАҚ лигада қай команданы болмасын күшейте алатын сұрмерген.

BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:

«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here