Алдымен кішігірім сенсацияны «№1 Sportchannel» жасады. Алғашқы үш турды сәтсіз өткізіп, әр турда ойсырай жеңілген «спорт журналистері» бұл жолы матчтың соңғы минуттарында «Мазмұндамадан» бір ұпайды жұлып алды. Виктор Кирилюктің екі голына ««№1 Sportchannel» сапынан Мағжан Жұмабаев дубльмен жауап беріп, өзінің бұрынғы командасын турнир кестесінде көш бастау мүмкіндігінен айырды.
Ал одан кейін «Еуразия+ОРТ» «В» лигасының көшбасшысы «Қаламгерді» 5:2 есебімен ойсырата жеңіп, өздерінің алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ерден Құспановтың хет-тригі мен Әлібек Өтеуовтің дублінен кейін «қаламгерліктер» сол күйі ес жия алмай кетті.
Бірінші таймның қорытындысы бойынша «Aiqyn-Литер» де жеңіске бір қадам жақын болған. 2:1 есебімен жеңіп тұрды. Алайда, үзілістен кейін шаршап қалған газет тілшілері «Спорт 59» футболшыларының шабуылдарына төтеп бере алмай, 5:8 нәтижесімен ұтылып қалды.
Ал ең ірі есеп «National Geographic Qazaqstan» мен «Qsport.kz» арасындағы ойында тіркелді. Екінші минутта Нұрәлем Жалғасұлының голына 4-ші минутта-ақ жауап бере алғанымен «табиғат жыршыларының» одан кейінгі шабуылдарына қайтарар жауаптары болмай, ойын 1:13 есебімен аяқталды. Бұл осы маусымдағы ең ірі есеп.
Бұл жеңіс «National Geographic Qazaqstan» командасын турнир кестесінде бірінші орынға көтерсе, ұпайы бірдей болғанымен гол айырмашылығы бойынша «Қаламгерден» кейінгі үшінші орынға жайғасқан «Kazaknews.kz» командасы «Қазмедиа В» командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Жалғыз голдың авторы – Әбдіманап Кеңес.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.