БАҚ лиганың пентакампеондары 4-турда «Ел арнамен» кездескен. Бұрын бұл команданы ешкім есепке алмайтын. «Хабар» агенттігінің басты дербиі «Хабар» мен «Хабар 24» болатын. Алайда, Жасын Біркенов қолына алғалы бері «Ел арна» ақырындап күшейіп келеді. Өткен маусымда «В» лигасының қола жүлдегері атанып, қазір «А» лигасында да алдарына үлкен мақсаттар қойып отыр. Осы бағытта командасын да мықты жігіттермен толықтырды. Лиганың үздіктерінің бірі Бимухамед Букеев келгелі бұл команда фавориттер санатынан бір-ақ шықты. Оның қасында Бақытжан Масақов, Абдулла Төкенов және ағайынды Нұрлановтардың бар екенін ескерсек, расымен де «Ел арнаның» ел сескенетін командаға айналғандығын бағамдай беруге болады. Ал «Хабар» қазір бұрынғыдай айбарлы емес секілді. Жоғарыда аталған Бимухамед Букеев кетіп қалды. Одан бөлек, оған дейін Ершат Қожатаев, Рауан Омархан, Нұрахмет Бектұрғанов та команда ауыстырған. Олардың орындарын Әлішер Келгенбай, Сапарғали Қанат сынды саңлақтар басқанымен алғашқысы биыл Алматыға қайта қоныс аударып, екіншісі туған жері Шымкентке қайтып кетіпті. Оның үстіне, бұған дейінгі басты сұрмергені Нұрсұлтан Қабылбек пен қақпашысы Айбек Қабылша да алаңнан қуылып, «Хабар» дербиіне қатысу құқығынан айрылған. Сондықтан, пентакампеондар үшін бұл кезекті сынақ еді. Қызылордадан Әділбек Жақановты шақыртып, Алматыдан Әлішер Келгенбайды алдыртты. Бірақ, легионерлер бар күштерін кубоктық ойынға сарқып қойған сияқты. Екінші кездесуге шаршаңқы шықты. Рас, екінші таймның басында таразы басын теңестіргендей болған. Тіпті, әдеттегінше жеңісті де жұлып әкететіндей әсер қалдырды. Бірақ, «Хабардың» екпіні лап өтіп жанды да, тұтанбаған күйі қайта өшіп қалды. Ал «Ел арна» естерін тез жиды. Қарымта шабуылдарға иек артып, 5:2 есебімен жеңісті жұлып алды.
Осылайша «Хабардың» жеңілісі турнир кестесінде «Астана ТВ» командасын жеке-дара көш басына шығарды. Өз кезегінде елордамыздың басты телеарнасының командасы «Хабар» агенттігінің тағы бір командасы «Хабар 24» қақпасын алты рет тесті. Оның төртеуін Сергей Надточей соқты. Қорытынды есеп – 6:1. Бірақ, шыны керек, «Астана ТВ» ойыны тікелей Надточейге байланысты секілді. Үш ойында команда 17 гол соққан болса, соның жартысына жуығы Сергейдің еншісінде. Әр ойында командасын жеңіске сүйреп жүрген сұрмерген қарсылас қақпасына 8 гол соғып тастады.
Ал 4-ші турдың ең тартысты ойыны «Егемен Қазақстан» мен «Qazaq radiolary» арасында өтті. Құрамы кіл жұлдыздардан жасақталған, шаш үлгілері италиялықтардан аумайтын, бірақ ойындары әзірге қалыпқа келмей тұрған «Qazaq radiolary» қанша шабуылдағанымен «Егемен Қазақстан» қақпасына үш доптан артық кіргізе алмай, әбден әбігерге түсті. Ал қарымта шабуылдарға иек артқан ел газетінің ойыншылары Еркебұлан Алдабергеннің хет-тригі арқасында үш гол соғып, таблода 3:3 есебі тіркелді.
«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.