Журналистер кубогын БАҚ өкілдері асыға күтеді. Оның өз себебі бар. Мұнда «А» лигасы мен «В» лигасы біте қайнасып, өзара кездесіп жататын матчтар да жеткілікті. Сондықтан, қос Лиганың айырмасын тексеріп алуға да жақсы мүмкіндік.
Ал турнир 1/16-финалдан басталып, іріктеу ретінде өткен бұл ойында «Спорт 59» бен «Қазмедиа В» кездесті. Қай жеңгені «Хабарға» қарсылас атанатын. Командалар біріншілік аясында да өзара кездесіп қойған. Сол матчта «Спорт 59» жеңіске жеткенімен Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімімен 3 ұпай ҚМО командасына бұйырған. Бұл жолы «Спорт 59» есе қайтарып, қарсыластарын 4:2 есебімен тізе бүктірді. Бірақ, қуаныштары ұзаққа созылған жоқ. 1/8-финалда «Хабармен» кездесіп, 1:7 есебімен ойсырай ұтылды. Жеті голдың бесеуін Сыр елінен келген әріптес Әділбек Жақанов ұйымдастырып беріп, дубль және үш ассист авторы атанды.
7:1. Бірақ, 1/8-финалда бұдан да ірі есепті көрдік. «Қазмедиа А» командасы «В» лигасының аутсайдерлерінің бірі «Еуразия+ОРТ» қақпасына жауапсыз сегіз гол соқты. Бірінші таймды тамаша бастап, біраз тайталасқанымен «бірінші арналықтар» қарсыластарының қарқынына төтеп бере алмады. Ал ең тартысты ойын «Ел арна» мен «Егемен Қазақстан» арасында өтті. Чемпионат аясында өткен аптада өзара кездескен «А» лигасының қос мықтысы тағы да жасыл алаңда беттесіп тұрған еді. Бұл жолы «ел арналықтардың» жолы болып, өткен жеңілістің есесін қайтарды. Тағы бір тартысты кездесу «Kazaknews.kz» пен «Qsport.kz» арасында өткен. Спорт сайтының саңлақтары камбек жасап, 3:2 нәтижесімен жеңісті жұлып алды. Дегенмен, бұдан да керемет камбекті «Мазмұндама» жасады. «Қаламгермен» кездескен олар бірінші таймның қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіп тұрған. Бірақ, үзілістен кейін қарсыластарына бір гол айырмашылығымен алға шығуға мүмкіндік беріп қойды. Тек ойынның аяқталуына бес минут қалғанда ғана естерін жиған «мазмұндамалықтар» соңғы күштерін сарқып, 6:4 есебімен «қаламгерліктерді» тізе бүктірді.
Кубоктық бәсекені пенальтисіз елестету қиын. Бұл кезеңде де пенальти сериясына куә болдық. “В» лигасының басты фавориті «National Geographic Qazaqstan» мен «А» лигасының басты аутсайдері «Хабар 24» арасында өткен ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталып, командалар үш-үштен пенальти тепті. Нәтижесінде «табиғат жыршылары» сапынан капитан Арай Ізбай қақпа бағанасын дәл көздеп, Талғат Қайыргелдиннің тепкен добын қақпашы Хасан Ташенов аяқпен қайтарып, «Хабар 24» ширек финалға шықты.
Жалпы, бұл кезеңде «В» лигасы мен «А» лигасының командалары бір-бірімен бес рет кездесті. Жоғарыда аталған үш матчтан бөлек, «Астана ТВ» 7:3 есебімен «№1 Sportchannel»-ді тізе бүктірсе, «Qazaq radiolary» 5:1 нәтижесімен «Aiqyn-Литер» командасынан басым болды.
Енді ертең сағат 19:00-де «Ел арна» мен «Хабар» арасындағы ойынның алдында ширек финалдың жеребе тарту рәсімі өтеді.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.