Қақпашы – Алмас МАНАП (Егемен Қазақстан)
Қақпаны сағынып қалыпты. «Ел арнаға» қарсы ойында Берік Шәпетовтің орнын басқан Алмас Манап командасының расымен де №1 ойыншысы екенін дәлелдеді. Кезінде голкипер болғандығы бар ғой, қақпашының бар қулығын меңгеріп алған. Қалай уақыт созып, қалай допты жылдам ойынға қосуды жақсы біледі. Соның арқасында командасына жеңіс әперді.
Қорғаушылар – Ернұр ЖӘМЕЛ (Хабар) мен Нұрсұлтан ҚҰРМАН (Хабар)
БАҚ лиганың екінші маусымынан бастап ақырындап құрамына тарта бастаған «Хабар» кіп-кішкентай Ернұр Жәмелден жап-жақсы футболшы тәрбиелеп шығарыпты. Ойыны піскен. Аға әріптестерінің өзін қосалқы құрамға отырғызып тастады. Енді Нұрсұлтан Құрман мен Айбек Қабылша бастаған «хабарлықтар» Ернұрды білікті журналист етіп тәрбиелеп шығарса, тіптен керемет болар еді.
Ал Нұрсұлтан Құрман, сөзсіз, турдың үздік ойыншысы атағына лайық болды. «Хабар 24»-ке қарсы дербиде өзге командаластары қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып жатқанда білегін сыбана кіріскен осы Нұрсұлтан. Әріптестерін қайрап, өте ауыр пенальтиді алып шықты.
Жартылай қорғаушы – Еркебұлан АЛДАБЕРГЕН (Егемен Қазақстан)
«Егемен Қазақстан» және «Ел арна» арасындағы матч 3:3 есебімен тең аяқталуы әбден мүмкін еді. Бірақ, «егемендіктер» сапында Еркебұлан Алдаберген деген пақыр бар. 40-шы минутта шабуылды өзі бастап, командасына маңызды жеңісті жұлып әперді.
Шабуылшылар – Құмарбек АЗАТ (Қазмедиа А) пен Ибраһим ЕРЕНҒАЙЫП (Qazaq radiolary)
Рас, «Қазмедиа А» үшін өткен апта сәтсіз болды. Бірақ, ойыншыларын жаман ойнады деп жазғыра алмайсың. Бәрі де тырысты. Әсіресе, «Qazaq radiolary» командасына қарсы кездесуде Құмарбек Азат барын салып, дубль жасады. Өкінішіне қарай, бұл екі гол тең есепке де жетпеді.
Егер осы қарқынынан таймаса, «Qazaq radiolary»-ның шабуылшысы Ибраһим Еренғайып үздік ойыншылар тізімінің төрінен көрінері анық. Қазірдің өзінде 7-нөмірлі сұрмерген әр матч сайын әріптестерін алға сүйреп, командасының моторы болып жүр.
Резерв:
Қақпашы – Айбек ҚАБЫЛША (Хабар).
Қорғаушылар – Бекнұр НҰРМАҒАНБЕТ (Qazaq radiolary), Аят ДҮЙСЕМБАЕВ (Ел арна).
Жартылай қорғаушы – Сапарғали ҚАНАТ (Хабар).
Шабуылшылар – Бағдәулет ЕРҒАЛИ (Егемен Қазақстан), Дәурен ЖОЛДАСОВ (Qazaq radiolary).
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.