Қақпашы – Айбек ҚАБЫЛША (Хабар)
Екінші турдың орталық кездесуінде «Хабар» қақпашысы Айбек Қабылшаға артылған жүк өте ауыр еді. Бірақ, голкипер өз міндетін абыроймен атқарып шықты. Әсіресе бірінші таймда «Қазмедиа А» шабуылшыларын әбден састырып, өз әріптестерінің кеудесіне сенімділік сыйлады.
Қорғаушылар – Төреби НҰРЛАНОВ (Ел арна) пен Әділет ҚҰСАЙЫНОВ (Астана ТВ)
Бірінші турда алаңға шықпаған Төреби Нұрланов маусымдағы алғашқы матчында-ақ дубль жасады. «Хабар 24»-ке қарсы өткен кішігірім дербиде «Ел арна» ойыншысы қорғанысты да ұмытқан жоқ. Сол қапталмен ойқастай жүріп, «Реалдағы» Марселоның міндетін атқарды.
Әділет Құсайыновтың капитандығы мен бапкерлігі өз алдына қорғаушы ретінде де мықты екенін білеміз. Онысын осы жолы тағы дәлелдеді. «Егемен Қазақстанға» қарсы ойында қарсыластарының шабуылдарын «түгімен жұтқан» «Астана ТВ» капитаны екінші рет таңдаулы құрамнан орын алып отыр.
Жартылай қорғаушы – Ернұр ДОСЖАНОВ (Астана ТВ)
«Астана ТВ» командасында Сергей Надточей ғана емес, Ернұр Досжанов та хет-трик жасай алады. «Егемен Қазақстан» командасына қарсы ойында экс-«ел арналықтың» үш голынан бөлек, керемет дриблингтарын да таңдай қаға тамашаладық.
Шабуылшылар – Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар) пен Бақытжан МАСАҚОВ (Ел арна)
Қатардағы көп матчтардың бірінде емес, турдың орталық кездесуі «Хабар» – «Қазмедиа А» ойынында пента-трик жасаған Нұрсұлтан Қабылбектің бұл турда тепкен добы қақпа торынан табылып жатты.
Өзге сұрмергендерге қарағанда Бақытжан Масақовтың алаңдағы функциясы өзгешерек көрінетіні жасырын емес. Допты көбіне өз айып алаңынан сүйрете әкеліп, нысананы кез келген нүктеден көздейтін бұл форвард «Хабар 24» қақпасына дубль жасады.
Резерв:
Қақпашы – Дмитрий ПОКИДАЕВ (Астана ТВ),
Қорғаушылар – Асқат ҚАРАҚОЙШИЕВ (Ел арна), Ернұр ЖӘМЕЛ (Хабар).
Жартылай қорғаушы – Абдулла ТӨКЕНОВ (Ел арна)
Шабуылшылар – Сергей НАДТОЧЕЙ (Астана ТВ), Шыңғыс ЕРҒАЛИЕВ (Хабар).
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.