Жеребеге сәйкес бірінші турда «Хабар» командасы демалыс алды. Дегенмен, бас өкілі Нұрсұлтан Құрман ойындардың барлығын тамашалап, қарсыластарына баға беріп кетті. «Ойнауға болады екен» деді соңында.
Ал «А» лигасының ойындары «Астана ТВ» және «Ел арна» арасындағы кездесумен басталды. Екеуі де былтыр «В» лигасында доп тепкен. Бірі бас жүлдені жеңіп алса, екіншісі қолаға қол жеткізген. Қос команданың құрамы да күшейіпті. Бірақ, салған жерден шабуылға лап қойған «Астана ТВ» ә дегеннен-ақ қарсылас қақпасына үш гол соғып тастады. Хет-трик жасаған Сергей Надточей. Осыдан кейін ғана аздап естерін жия алған «Ел арна» Абылай Тұрлыбековтың мергендігі арқасында таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізе алған. Екінші таймды да «ел арналықтар» тәуір бастап, Абдулла Төкенов тағы бір гол соқты. Дегенмен, қайта күшіне енген «Астана ТВ» жігіттерін тоқтату мүмкін болмады. Бақытжан Масақов автогол авторы атанып, соңғы екі минутта Ратмир Әубәкір мен Нұрмұхамед Байсүгіров бір-бір голдан еншісіне жазды.
Тағы бір тартысты кездесу «Qazaq radiolary» мен «Хабар 24» арасында өрбіді. Бас радионың командасы қарқынды еді. Оның үстіне, командаға алғашқы маусымдарда көрерменнің көзайымы болған Ибрахим Еренғайып оралып, ойыны одан сайын түлей түсіпті. Әйтсе де, «жұлдызы» көп болғанымен командасының іргетасы әлі беки қоймапты. Шикіліктер сезілді. Әсіресе тәртіптік тұрғысында. Ол енді команданың ішкі проблемасы ғой. Бірақ, бірінші маусымнан бері құрамына құртпай, тек нақты селекциялық жұмыстар жүргізген «Хабар 24»-тің қасында бұл проблемалар қатты білініп қалады екен. Қорғанысқа көңіл бөліп, қақпашысын өте тиімді пайдаланған «Хабар 24» матч соңына таман гол соғып, жеңісті жұлып алды. Жеңіс голының авторы – Бауыржан Қошанов.
Бірінші турдың шымылдығын «Егемен Қазақстан» мен «Қазмедиа А» командалары жапты. Өткен маусымда күміспен күптелген «қазмедиалықтар» биыл да бас жүлдеден дәмелі. Құрамы да соған сәйкес. Әйтсе де, «Егемен Қазақстан» да біріншілік қожайындары болғанымен ешкімге жеңісті оңайлықпен бере салайын деп тұрған жоқ. Бірінші болып есепті ашқан да ел газетінің өкілі Еркебұлан Алдаберген. Бірақ, қуаныштары ұзаққа созылмады. Қанат Такиров таразы басын теңестіріп, үзіліске санаулы секундтар қалғанда Жандос Манашев «Қазмедианы» алға шығарды. Ал екінші таймда Құмарбек Азат дубль жасағандықтан «егемендіктер» тарапынан Қолғанат Салиннің соққан голының аса мәні болмай қалды.
BAQ league алтыншы маусымының серіктестері:
«Egemen Qazaqstan» газеті, Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, “Астана” футбол клубы, “Life football” спорттық дүкені, «Halva» кафесі, «Spectrum» халықаралық мектебі.