97 ойын
БАҚ лиганың бесінші маусымында жоспарланған 98 ойынның 97-сі өтті. Оның 42-сі «А» лигасына тиесілі. Өкінішке қарай, «В» лигасында жоспарланған 56 кездесудің біреуі өтпей қалды. Соңғы турда «Астана ТВ» командасына қарсы алаңға шықпағаны үшін «ДИАП Qazaqstan»-ға 0:5 есебімен техникалық жеңіліс жазылды.
755 гол
«А» лигасы. Өткен маусым көрермендерге 362 гол сыйлады. Орта есеппен алғанда әр матчтың еншісіне 8,5 голдан келеді екен. Ең көп гол 5-турда соғылған. Үш кездесуде киперлер қақпаларынан 41 доп алып шығуға мәжбүр болған. Сол турда «Қазмедиа А» «Хабар 24»-ті 11:2 есебімен ұтса, «Elorda aqparat» жігіттері «Qazaqstan»-ның 3 голына 8 тура соққымен жауап берген. Ал «Хабар» мен «Егемен Қазақстан» кездесуі 14:3 нәтижесімен аяқталған.
11-ші тур «А» лигасында голға сараң болып шықты. Небәрі 14-ақ гол соғылды («Хабар» – «Спорт 59» 7:0, «Qazaqstan TV» – «Егемен Қазақстан» 3:2, «Elorda aqparat» – «Қазмедиа А» 0:2).
«В» лигасы. 55 матчта жанкүйерлер 393 гол тамашалапты. Яғни, әр матчта орта есеппен 7 голдан соғылып отырған. Ең көп гол 4 турдың еншісінде. Төрт ойында 40 гол соғылған. Нақты айтсақ, «Қаламгер» сол турда «ДИАП Qazaqstan»-ды 12:1 есебімен ұтты. «Мазмұндама» 3:7 есебімен «Ел арнадан» ұтылса, «Астана ТВ» өте тартысты матчта «Қазмедианы» 4:3 нәтижесімен тізерлеткен. Ал «National Geographic Qazaqstan» 4:6 есебімен «Qazaq radiolary»-ның алдында қауқарсыздық танытқан.
Тоғызыншы турда шабуылшылардың жолдары болмады. Төрт матчта бар болғаны 18 гол соғылды («Qazaq radiolary» – «ДИАП Qazaqstan» 4:1, «Қазмедиа В» – «Ел арна» 3:3, «National Geographic Qazaqstan» – «Астана ТВ» 0:6, «Қаламгер» – «Мазмұндама» 0:1).
Қос лиганы қосқанда бесінші маусымда барлығы 755 гол соғылған.
143 сары қағаз
«А» лигасы. Өткен маусымда төрешілер 66 рет қалтасынан сары қағаз шығаруға мәжбүр болған. Дегенмен, 11 ойын ескертусіз өткен. Бірақ, біреуінде сары қағаз көрсетілмегенімен бір ойыншыны алаңнан қууға мәжбүр болған. Жалпы, ең көп ескерту алған команда – «Хабар 24». Оларға төрешілер 14 рет ескерту жасаған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Спорт 59»-дың үш-ақ ойыншысына сары қағаз көрсетіліпті. Сондай-ақ, 40 ойыншыға сары қағаз көрсетілген.
«В» лигасы. Журналистер біріншілігінің «В» лигасында төрешілер қалтасынан 77 рет сары қағаз алып шыққан. Еш ескертусіз өткен ойынның саны 12 болғанымен соның біреуінде төреші қалтасынан қызыл қағаз алып шығуға мәжбүр болған. Ал тоғызыншы турда төрешілер 9 рет ойыншыларға ескерту жасапты. Ең көп ескерту алған команда – «ДИАП Qazaqstan». Нақты айтсақ, 14 рет сары қағазбен жазаланыпты. Мәселен, «Астана ТВ» командасына төрешілер алты рет қана ескерту жасаған. Есесіне осы команданың шабуылшысы Дарын Шеңгелбай бесінші маусымның ең «сотқар» ойыншысы атанып, бес рет сары қағаз еншілепті. Жалпы, өткен маусымда 48 ойыншыға сары қағаз көрсетілген.
10 қызыл қағаз
«А» лигасы. Үш айға созылған біріншіліктің «А» лигасында бар болғаны 2-ақ ойыншы алаңнан қуылды. Алдымен «Хабарға» қарсы ойында «Хабар 24» қорғаушысы Бауыржан Тілеулин тікелей қызыл қағаз алып, бірден алаңнан қуылған. Ал «Qazaqstan TV» командасына қарсы кездесуде «Егемен Қазақстан» капитаны Алмас Манапқа қызыл қағаз көрсетілді.
Алаңнан қуылғандар: Алмас Манап (Егемен Қазақстан), Бауыржан Қошанов (Хабар 24).
«В» лигасында алаңнан қуылғандар әлдеқайда көп. Тек «Мазмұндама», «Қазмедиа В» және «Қаламгердің» ғана ойыншыларына қызыл қағаз көрсетілмепті.
Алаңнан қуылғандар: Бекнұр Нұрмағанбет (Qazaq radiolary), Арай Ізбай (National Geographic Qazaqstan), Әлібек Ескендіров (ДИАП Qazaqstan), Бауыржан Тлеулин (Ел арна), Талғат Қайыргелдин (National Geographic Qazaqstan), Нұрбол Балғабеков (Ел арна), Дарын Шеңгелбай (Астана ТВ), Дулат Нуркин (ДИАП Qazaqstan).
12 автогол
«А» лигасында барлығы бес автоголдың куәсі болдық. Дегенмен, автоголдан ең көп жапа шеккен команда – «Спорт 59». Алаңға бутсыларын алмастырып шыға ма, әйтеуір өз қақпаларына үш рет гол соғып алыпты.
Автогол авторлары: Төлеубек Қадырмолла (Elorda aqparat – «Егемен Қазақстан), Нұрсұлтан Бақанов (Спорт 59 – Qazaqstan TV), Есет Жұбаев (Егемен Қазақстан – Qazaqstan TV), Ербол Кенжебаев (Elorda aqparat – Спорт 59), Олжас Күлтешов (Спорт 59 – Хабар 24).
«В» лигасының автогол авторлары: Еламан Балтабай (Астана ТВ – Qazaq radiolary), Мирас Қайырхан (Қазмедиа В – ДИАП Qazaqstan), Еркебұлан Шуашов (Астана ТВ – Ел арна), Темірлан Төлеутай (ДИАП Qazaqstan – Qazaq radiolary), Данияр Сванкулов (Ел арна – Мазмұндама), Бекзат Сайназар (National Geographic Qazaqstan – Qazaq radiolary), Мұхамедәлі Болатұлы (Qazaq radiolary – Мазмұндама).