Назарларыңызға «Таңдаулы құрамдар» мен «Үздіктерге дауыс беру» нәтижелері бойынша түзілген бесінші маусымның «Dream team» командасын ұсынамыз.
Қақпашы – Дмитрий ПОКИДАЕВ (Астана ТВ)
«Астана ТВ» командасының бірде-бір матчта ұтылмай, «А» лигасына бірінші орынмен жолдама алуы бірінші кезекте Дмитрий Покидаевтың арқасы. «Астана» телеарнасының командасы қысқы маусымда қақпасына бар болғаны 15-ақ гол жіберіпті. Онда да соның бесеуі Покидаевсіз өткен екі ойында соғылған. Ал таңдаулы құрамаға кипер 9 рет енген екен.
Резерв: Кирилл ПЯРТЕЛЬ (Мазмұндама)
«Мазмұндамаға» маусым ортасында қосылған Кирилл Пяртель команданы 4-ші орынға бір-ақ көтерді. Егер бірінші турдан бастап қақпаны қорғағанда, онда «Мазмұндаманың» үздік үштіктен көрінуі де ғажап емес еді.
Қорғаушылар – Адлет ҚҰСАЙЫНОВ (Астана ТВ) пен Назар НАЙЗАБЕКОВ (Qazaq radiolary)
Әу баста бұл команданы көпшілік көзге де ілген жоқ. «Шалдар» деді, «шау тартқан» дегендер де көп. Дегенмен, Адлет Құсайыновтың өзі команда жасақтап, «Астана ТВ» ұжымын ұшпаққа шығарды. Оның қорғаныстағы әр қимылы барша әріптестеріне сенімділік сыйлап, қарсыластарын қоғадай жапырумен болды.
Команда капитандары мен вице-капитандары арасында жүргізілген сауалнамада Назар Найзабеков басты бәсекелесі Адлет Құсайыновтан бар болғаны бір-ақ ұпайға қалып қойды. Расымен де, Назар үшін биыл маусым өте сәтті өтті. Тек соңғы жағында ғана жарақат алып, командасына көмектесе алмады.
Резерв: Александр ОЛЕЙНИК (Астана ТВ), Арай ІЗБАЙ (National Geographic Qazaqstan)
Олейник биыл бәрін таңғалдырды. Әсіресе маусымның екінші жартысында. Оның алаң ортасынан соққан голдары фейсбукта ғана емес, «уатсаптағы» әртүрлі топтарда да өзара тарап жүр. Ал «National Geographic Qazaqstan» үшін маусым сәтсіз өтсе де, капитаны Арай Ізбай аянып қалған жоқ. Бұл команда өкілдерінің де назарларынан тыс қалмай, дауыс беруде 4-ші орынды иемденді.
Шабуылшылар – Бақытжан МАСАҚОВ (Qazaq radiolary) пен Дәурен ЖОЛДАСОВ (Ел арна)
Бақытжан Масақов маусымның үздік ойыншысы атанды. Расымен де, Бақытжан «Qazaq radiolary» үшін үлкен олжа болды. Өзі қатысқан ойындардың барлығында командасын алға сүйреп, басым бөлігінде матчтың үздік ойыншысы атанды. Еншісінде 23 гол бар. БАҚ лига дебютанты үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.
Үздік сұрмерген, әрі Үздік шабуылшы номинацияларын еншілеген ойыншы қалайда Dream team командадан орын алуы тиіс еді. Дәурен 14 ойында 28 гол соқты. Орта есеппен әр матчта 2 голдан. «Ел арнаны» жалғыз өзі «А» лигасына алып шықты десек те қателеспейміз. Тіпті, трансферлік кезеңде командаға қызылжарлық журналистердің де қосылуы оның көшбасшылығына кедергі келтіре алған жоқ.
Резерв: Дмитрий НЕСТЕРЕНКО (Мазмұндама), Ратмир ӘУБӘКІР (Қаламгер)
«Үздік шабуылшы» номинациясында команда өкілдері Дмитрий Нестеренконы үшінші орынға қойды. Расымен де, «Астана» ФК баспасөз қызметінің жетекшісі биыл «Мазмұндама» үшін Джуниор Кабананганың «Астанаға» жасаған жақсылығынан артық қызмет етті. Ал Ратмир Әубәкір командасы соңғы орында болса да, өзі сұрмергендер тізімінде 19 голмен үздік үштікке енді.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.