Үш тур бұрын ұшып кетуден үміткерлер саны төртеу болған. Алайда, «Qazaqstan TV» командасы соңғы ойынын сәтті өткізгеннен кейін үміткерлер саны үшеуге дейін қысқарды. Осылайша «Егемен Қазақстан», «Хабар 24» және «Спорт 59» командаларының тағдырлары соңғы турда шешілді.
Ойындар кестесіне сәйкес, соңғы турда «Хабар 24» пен «Спорт 59» кездесті. Екеуіне де жеңіс керек. Оның үстіне, үш ұпайы шегерілгеннен кейін Бек Төлеудің командасын жеңістен басқа нәтиже қанағаттандырмайтын. Алайда, «хабарлықтардың» бастапқы қарқынына шыдай алмай, 10-шы минутта-ақ 0:2 есебімен жеңіліп жатты. Алдымен Марат Тукатов есеп ашып, көп ұзамай Олжас Күлтешов өз қақпасына гол соғып алған. Бірінші таймда бұдан басқа гол соғылға жоқ. Есесіне барлық қызық екінші таймда орын алды. Айналдырған екі минутта Ербол Кенжебаев дубль жасап, таразы басын теңестіріп кетті. Ал араға тағы үш минут салып, Нұрмұхамед Байсүгіров «Спорт 59»-да алға шығарды. Бұл ойынның 33-ші минуты еді. Кездесудің аяқталуына 4 минут қалғанда Аслан Мыңбаев «Хабар 24»-ті жеңілістен құтқарып қалды. Ал тең есеп екі команданы да қанағаттандырған жоқ. «Спорт 59»-дың тағдыры осы ойынмен шешіліп қойса, «Хабар 24» жігіттері «Егемен Қазақстан» мен «Elorda aqparat» матчының нәтижесін күтті.
Дегенмен, «Егемен Қазақстан» басты бәсекелесіне сый жасай қоймады. Журналистер біріншілігінің қола жүлдегерін 11:9 есебімен ұтып, «А» лигасының жолдамасын өздерінде сақтап қалды. Айта кету керек, қола жүлденің тағдырын күні бұрын шешіп қойған «Elorda aqparat» матчқа жартылай резервті құраммен шығып, бұған дейін ойыны қанбай жүрген ойыншыларының барлығын алаңға шығарды. Оларды ойынның нәтижесі қызықтырмады, таблоға да қараған жоқ. Тек басты шабуылшысы Бексаттар Саттарды Лиганың үздік сұрмергені ету үшін бар күштерін салды. Осылайша тоғыз голдың сегізін Бексаттар соғып, сұрмергендер көшінде «хабарлық» Нұрсұлтан Қабылбекті басып озды.
Осылайша турнир кестесінде соңғы орындарды еншілеген “Хабар 24” пен “Спорт 59” командалары “В” лигасына түсіп қалды. Олардың орындарын келесі маусымда “В” лигасының биылғы үздіктері – “Астана ТВ”, “Qazaq radiolary” және “Ел арна” басады.
«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.