«В» лигасы. Соңғы тур фавориттер үшін сәтсіз болды

0
415
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Алдымен маусымды екінші орынмен аяқтаға «Qazaq radiolary» күтпеген жерден «Мазмұндаманың» алдында тізе бүкті. Есеп – 4:7. Дегенмен, айта кету керек, «радиолықтар» бұл матчқа жартылай резервті құраммен шықты. Бақытжан Масақов іс-сапармен өзге аймаққа кетіп қалса, мұның алдындағы турда ауыр жарақат алған Назар Найзабеков балдақпен жүр. Сондай-ақ, Олжас Жақыпбек те матчқа келе алмады. Ал Ержан Жүніс сары қағаздарының шектен асып кетуіне байланысты ойынға қатыса алған жоқ. «Мазмұндама» керісінше, матчқа тыңғылықты дайындықпен келіпті. Тіпті, «Астана» футбол клубымен бірге Алматыда «Қайратты» жеңіп қайтқан Дмитрий Нестеренко да ұшақтан түсе сала, БАҚ лигаға қарай құстай ұшты. Ал голдардың басым бөлігі бірінші таймда соғылды. Алдымен Амангелді Сейітханның әдемі пасын тиімді пайдаланған Әзиз Жұмаділ қақпашы Мұхтар Тұртаевты алдап өтіп, есеп ашты. Көп ұзамай Бекнұр Нұрмағанбеттің алыстан соққан голының арқасында «Qazaq radiolary» таразы басын теңестірген. Алайда, үзіліске дейін-ақ Мағжан Жұмабаев «Мазмұндаманы» алға шығарып, Асқар Турлин дубль жасады да, Еркін Шәкір бірінші таймды 5:1-мен қорытындылады. Ал екінші таймда қақпашыларын алмастырып, бес ойыншымен шабуылға көшкен «Qazaq radiolary» қанша тырысқанымен қарсыластарын қуып жете алмады. Елдос Өмірхан дубль авторы атанып, Ержан Қожабеков таблодағы көрсеткішті қысқарта алғанымен Кирилл Пяртельдің соққан голы бар, оның үстіне Мұхамедәлі Болатұлының автоголы бар, матч 7:4 есебімен аяқталды.

«В» лигасын үшінші орынмен аяқтаған «Ел арна» да қарсыластарына есе жіберіп қойды. Маусымның басты аутсайдері «Қаламгермен» кездескен. Алайда, аутсайдер азуын айға білеген қарсыластарынан еш қаймықпады. Әсіресе Ратмир Әубәкір барын салды. Әдеттегідей, қақпаны алыстан көздеумен болған «Qazsport» журналисі хет-трик жасады. Одан кейінгі екі голды да спорттық арнаның жігіттері соқты. Олар: Тұрлыжан Әйтенов және Ерсін Ерік. Негізі есеп 4:4 болып тұрған. «Ел арна» да соңғы сәтке дейін жеңіске ұмтылғанымен Ратмирдің үшінші голы «Қаламгерге» жеңіс сыйлады. Әлбетте, бұл жеңіс «қаламгерліктерді» соңғы орыннан көтере алған жоқ. Дегенмен, 10 ұпай жинаған олар маусым соңына таман ойындары түзелгенін байқап, келесі маусымға дайындықты құлшыныспен бастап кетті.

Соңғы кездері рухы түсіп, ойындарын сәтсіз өткізіп жүрген «National Geographic Qazaqstan» да маусымды жеңіспен аяқтады. Әу баста «В» лигасының басты фавориттерінің бірі саналған «табиғат жыршылары» екінші айналымды өте сәтсіз өткізіп, әп-сәтте 7-ші орынға түсіп қалған. Сегіз команданың ішінде 7-ші орын. Бұл құрамында Дәурен Берікқажы, Арай Ізбай, Ермек Төрениязов, Талғат Қайыргелдин сынды тәжірибелі ойыншылар мен Бекзат Сайназар, Болатхан Серікбай, Нұрәлем Жалғасұлы сынды жалынды жастар жиналған команда үшін өте нашар көрсеткіш. Әйтсе де, соңғы турда намысқа тырысып, «Қазмедиа В» командасын 4:2 есебімен тізерлетті. Жоғарыда аталғандардан Ермек, Талғат, Арай және Бекзат сынды жігіттер бір-бір голдан соғып, «National Geographic Qazaqstan» командасының да әлі қауқары бар екендіктерін дәлелдеді. Ал ҚМО-ның екінші командасы сапынан Жандос Дәуітқұлов пен Батырбек Қазбек соңғы минуттарда бір-бір голдан еншілеріне жазып, таблодағы көрсеткішті сәл де болса қысқарта алды.

«В» лигасында қарсылас шақ келтірмеген «Астана ТВ» командасы үшін де біріншіліктің соңғы туры сәтсіз болды. Рас, «ДИАП Qazaqstan»-ға қарсы өтуі тиіс болған ойында оларға 5:0 есебімен техникалық жеңіс жазылды. Бірақ, олардың күткені бұл емес еді. Соңғы тур болғандықтан команда толық құрамда жиналып, ойыннан ләззат алуды көздеген. Өкінішке қарай, қарсыластары «ДИАП Qazaqstan» матчқа келмеді. Әлібек Ескендіров пен Оңғар Тоқановтан басқасы бой көрсеткен жоқ. Осылайша Ұйымдастыру комитетінің еңбегі еш кетіп, «Астана ТВ» ойыншыларының уақыттары зая өтті.

Сонымен, маусым қорытындысы бойынша «Астана ТВ», «Qazaq radiolary» және «Ел арна» «А» лигасының жолдамаларын жеңіп алды. Енді оларды бұдан да қиын, бұдан да қызықты сынақтар күтеді.

«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here