Жеребенің сиқырлығына осындайда тағы көз жеткізесің. Журналистер біріншілігінің соңғы турында бас жүлдеден басты бәсекелес қос команда «Хабар» мен «Қазмедиа А» кездесті. Чемпион болу үшін «қазмедиалықтарға» тең есеп те жеткілікті еді. Ал «Хабарға» қалайда жеңіс қажет болған. Басқа нәтиже олардың қанағаттандырмайтын.
Сондықтан болар, ойынды Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер өте ширақ бастап, бірінші минутта-ақ Бимухамед Букеевтің жойқын соққысынан кейін алға шықты. Алайда, қуаныштары ұзаққа созылған жоқ. Көп ұзамай Ер-Ұлан Нұрланов таразы басын теңестірді. Көзді ашып-жұмғанша Абдулла Төкенов тағы бір гол соғып, өз командасын алға шығарды. Бірақ, мұндай ойында «хабарлықтардың» де қарап қалмайтыны әу бастан түсінікті еді. Тартысқа толы матчта жанкүйерлер де екіге жарылды. Жартысы «Қазмедианың» командасын қолдаса, қалған бөлігі «Хабар» деп ұрандатқан. Алма-кезек шабуылдардың нәтижесінде тағы үш гол соғылып, «хабарлықтар» бірінші таймды 3:2 есебімен өз пайдасына аяқтады. Гол соққан Әлішер Келгенбай мен Нұрсұлтан Қабылбек.
Екінші таймды «Қазмедиа А» қарқынды бастады. Тайлы-тұяғымен шабуылға шығып, Абдулла Төкенов хет-трик жасады. Қарымта шабуыл арқылы алға басып, қаңырап қалған «Хабар» қорғанысын Ер-ұлан Нұрланов бұзып өтті де, «Қазмедиа А» командасына чемпион болу үшін бір ғана қадам қалған.
Кенет «Хабар» қақпашысын алмастырып, Айбек Қабылшаның орнына бесінші ойыншы ретінде Нұрсұлтан Құрман шықты. Капитан алға атойлаған соң командаластары да жігерлене түсіп, Құрманның өзі таблодағы есепті қысқартты да, Әлішер Келгенбай таразы басын теңестірді. Дегенмен, уақыт зырғып өтіп жатқан. Ойынның аяқталуына бір-ақ минут қалды. Қорғанысқа жантайып жатып алған «қазмедиалықтар» жеңісті тойлауға дайындалып-ақ жетті. Алайда, тәжірибе жетіспеді, әлде «Хабардың» чемпиондық рухы мықтырақ болды ма, ол жағы енді біз үшін тылсым құбылыс. Әйтеуір 39-шы минутта алдымен Бимухамед Букеев чемпиондарды алға шығарып, келесі шабуылда Әлішер Келгенбай өзінің хет-тригімен «Хабарға» Пентакампеон атағын сыйлады.
Қорытынды есеп – 7:5, «Хабар» – БАҚ лиганың бес дүркін чемпионы. Айналмалы кубокты өздерінде екінші рет қалдыруға мүмкіндік алып отыр. Ал «Қазмедиа А» Журналистер біріншілігінің күміс жүлдегері.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.