«В» лигасы. «Астана ТВ» – жеңімпаз, «Qazaq radiolary» – күміс жүлдегер

0
313
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

«Астана ТВ» «А» лигасына бірінші орынмен шықты және, айта кетуіміз керек, бірде-бір ойында ұпай жоғалтқан жоқ. Оны айтасыз, «В» лигасындағы командалардың ішіндегі ең аз гол жібергені де, ең көп гол соққаны да – «Астана ТВ». Өткен турда елордамыздың басты телеарнасының командасы «Мазмұндаманы» 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Керемет ойнады деп айта алмаймыз. Қос команданың жекелей ойыншыларын алар болсақ, «Астана ТВ» жігіттерінің шеберліктері қарсыластарынан соншалықты жоғары да емес. Дегенмен, ойын жүйесі қойылған. Ойындары жетілгені соншалық, әр шабуылын екі қадам бұрын ойластырып отырады. «Мазмұндама» кипері Кирилл Пяртель қанша жерден қақпасын қауіптерден қорғаса да, 6 рет сан соғып, жамбасқа отырды. Енді соңғы екі кездесуін «Qazaq radiolary» және «ДИАП Qazaqstan»-ға қарсы өткізеді. Әлбетте, команданың капитаны Әділет Құсайынов өз жоспарын жайып салатындардың санатынан емес. Әйтсе де, оның әрбір әрекетінен «биыл біз маусымды 100 пайыздық көрсеткішпен аяқтауымыз қажет» деген ұстанымды байқайсыз.

«Qazaq radiolary» командасын «күміс жүлдегер» атануымен құттықтаймыз. «А» лигасына екінші орынмен жолдама алды. Келесі маусымда оларды өте ауыр сынақтар күтіп тұр. Дегенмен, дәл осы құрамды сақтап қалар болса, жоғарғы дивизионда да үздіктер қатарынан көрінуге шамалары жетеді. Рас, екінші орыннан «Ел арнаның» да дәмесі болған. Ол үшін «Qazaq radiolary» үш турда ұпай жоғалтып, «Ел арна» керісінше, үшеуінде де жеңіске жетуі тиіс болатын. Кеше осы бәсекелестер өзара кездесіп, «күміс» жүлденің тағдырын шешті. Көпшілік «Match day» деп айдар таққан ойын Жасын Біркенов бастаған «ел арналықтар» үшін өте сәтті басталды. Бірінші таймның қорытындысы бойынша 3:2 есебімен жеңіп тұрды. Матчтың аяқталуына 3-4 минут қалғанда да бір гол басымдығымен алда болды. Алайда, қақпашысын алмастырып, бес ойыншымен алға шыққан «Qazaq radiolary» есепті теңестіріп қана қойған жоқ, жеңісті жұлып алды.

«Ел арнаны» да үшінші орынмен құттықтай беруге болатын шығар. Бірақ, оларды теориялық тұрғыда «ДИАП Qazaqstan» қуып жете алады. Рас, ұлттық арнаның ақпараттық-сараптамалық дирекциясында «қоладан» үміт аз. Кеше олар «National Geographic Qazaqstan» командасымен кездесіп, голсыз тарқасты. Жартылай резервтік құраммен шыққан «ДИАП Qazaqstan» қарсыластарының тегеурінді шабуылдарына тойтарыс беріп, бір ұпайға қол жеткізді. Дегенмен, соңғы екі турда бұл команданы «Ел арна» мен «Астана ТВ» командалары күтіп тұрғанын ескерсек, Бақытжан Омаров, Дулат Нуркин, Досымжан Ермұрат бастаған жігіттерге үшінші орын алу өте қиын болатыны анық.

Ал «National Geographic Qazaqstan» жеңіс рухын жоғалтып алған секілді. Әйтпесе, құрамы өте қарымды команда. Ойындар кестесі де өздеріне ыңғайлы болатын. Бірақ, әу баста фавориттердің бірі болған «табиғат жыршыларының» қалай турнир кестесінің тұңғиығына түсіп кеткенін түсіндіру қиын.

Негізі, «қоладан» «Қазмедиа В»-ның да үміті болған. Алайда, кеше күтпеген жерден «Қаламгермен» тең түсіп, 4:4 есебімен тарқасқан ҚМО-ның екінші командасы армандарымен біржола қоштасты. Енді олар үшін 4-орыннан көрінудің өзі ерлік болмақ.  Жалпы, 4-орынның тағдыры келесі турда «Қазмедиа В» мен «Мазмұндама» арасындағы ойында шешіледі.

«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here