Қақпашы – Дмитрий ПОКИДАЕВ (Астана ТВ)
Турдың орталық кездесуіне баланған «Астана ТВ» – «Ел арна» кездесуінде Дмитрий Покидаевтың жұмысы аз болған жоқ. Дәурен Жолдасов пен ағайынды Темірғалиевтер бастаған агенттік ойыншылары сәт сайын «Астана ТВ» жігіттерін қыспаққа алып, бірнеше рет қақпашыны тексеріп көрді. Алайда, екі голдың өтіп кеткені болмаса, Покидаевтың сенімді сейвтері командасына өте маңызды үш ұпай сыйлады.
Қорғаушылар – Темірлан ТӨЛЕУТАЙ (ДИАП Qazaqstan) мен Айдын ҚАНЖЕКЕЕВ (Мазмұндама)
Ойынның екінші минутында-ақ өте маңызды гол соғып, өз командасын алға шығарған Темірлан Төлеутай қорғаныста да сауатты ойнап, әсіресе екінші таймда өз қақпашысының сенімді серіктесі бола білді.
Егер «Мазмұндама» матчқа толық келген болса, Айдын Қанжекеевке негізгі құрамда орын табылмауы ғажап емес еді. Бірақ қиын сәтте командаластарының сенімін ақтай білген қорғаушы «National Geographic Qazaqstan» шабуылшыларына еш мүмкіндік бермей, әріптестерінің алғысына, қарсыластарының құрметіне бөленді.
Шабуылшылар – Бақытжан МАСАҚОВ (Qazaq radiolary) пен Ратмир ӘУБӘКІР (Қаламгер)
Егер Бақытжан Масақовтың покері болмағанда «Қаламгерге» қарсы ойында «Qazaq radiolary» үш емес, жалқы ұпайға да зәру болып қалар еді. Екінші таймда дер кезінде тізгінді қолға алған шабуылшы командасына өте маңызды жеңіс сыйлады.
Өкінішке қарай, Ратмир Әубәкірді қостайтын әріптесі табылмады. «Qazaq radiolary» қақпасына соққан хет-трик зая кетті. Дегенмен, еңбегі мен жігерлігін ескеруіміз керек. Ратмир бұл турда таңдаулы құрамға әбден лайық болды.
Резерв:
Қақпашы – Кирилл ПЯРТЕЛЬ (Мазмұндама).
Қорғаушылар – Әділет ҚҰСАЙЫНОВ (Астана ТВ), Александр ОЛЕЙНИК (Астана ТВ).
Шабуылшылар – Дмитрий НЕСТЕРЕНКО (Мазмұндама), Бақыт ТЕМІРҒАЛИЕВ (Ел арна).
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.