”В” лигасы. Турнир кестесі “төңкеріле” жаздады

0
326
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Qazaq radiolary – Қаламгер 6:4

Наурыз мерекесіне байланысты біраз ойыншысы демалысқа кетіп, құрамы селдіреп қалған «Qazaq radiolary» әупірімдеп жүріп, «Қаламгерді» 6:4 есебімен тізе бүктірді. Дегенмен, Бақытжан Масақовтың покері болмағанда ұтылып қалулары да ғажап емес еді. «Қаламгер» сапынан Ратмир Әубәкір хет-трик жасап, Ерсін Ерік баспен гол ұрып, «радиолықтарды» біраз тығырыққа тіреген. Тіпті, есеп те теңесіп қалған еді. Алайда, Дамир Өскенбаевтың қателігін пайдаланған Бақытжан Масақов алдымен өз командасын алға шығарса, одан кейін қайта күш алып, ойын аяқталғанша тағы екі гол соқты.

Ойыншылар бағасы:

Qazaq radiolary: Мұхтар ТҰРТАЕВ – 3.5, Ержан ЖҮНІС – 4, Мұхамедәлі БОЛАТҰЛЫ – 3, Жалын ТІЛЕУБЕРГЕН – 4.5, Ержан ҚОЖАБЕКОВ – 4, Бақытжан МАСАҚОВ – 5, Олжас ЖАҚЫПБЕК – 4.5

Қаламгер: Нұрхан ШАРХАНҰЛЫ – 4, Ербол ҚАЙЫРОВ – 2, Тұрлыжан ӘЙТЕНОВ – 4, Ерсін ЕРІК – 4.5, Ратмир ӘУБӘКІР – 5, Дамир УСКЕМБАЕВ – 3, Ермек КЕНШІМБЕК – 3.5

ДИАП Qazaqstan – Қазмедиа В 3:2

Басқа командаларға қарсы бар күшін сала ойнайтын «Қазмедиа В» жігіттері, неге екені белгісіз, «ДИАП Qazaqstan»-ға қарсы алаңға қалтырап шығатын сияқты. Ә дегенше болған жоқ, ұлттық арнаның ақпараттық-сараптамалық дирекциясының журналистері маусымдағы алғашқы ойынын өткізіп жатқан Ардагер Сәтбаевтың қақпасына бірден екі гол соғып үлгерді. Рас, ҚМО ойыншылары да естерін тез жиып, бірінші тайм аяқталғанша таразы басын теңестіріп үлгерген. Алайда, үзілістен кейін қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда қарсыластарының әр қателігін аңдып басқан ДИАП жігіттері ойынның аяқталуына үш минут қалғанда жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп – 3:2, «ДИАП Qazaqstan» екі айналымда да дәл осындай есептен «Қазмедиа В» командасынан басым түсіп отыр.

Ойыншылар бағасы:

«ДИАП Qazaqstan»: Айбек МЕРЕЙХАН – 4.5, Николай ПУТИЛИН – 4, Махамбет ӘНУАРБЕКҰЛЫ – 5, Бақытжан ОМАР – 3.5, Дулат НУРКИН – 4, Темірлан ТӨЛЕУТАЙ – 4.5

«Қазмедиа В»: Ардагер СӘТБАЕВ – 3.5, Мағжан ТӨЛЕУОВ – 3.5, Айдос АТАГЕЛДИЕВ – 4, Рифхад СӘТБАЕВ – 4, Марғұлан ИБРАЕВ – 4, Нұрбол ТҰРСЫНБАЕВ – 4, Жандос ДӘУІТҚҰЛОВ – 4.5, Батырбек ҚАЗБЕК – 5

National Geographic Qazaqstan – Мазмұндама 1:4

Әу баста «National Geographic Qazaqstan» командасы маусымның басты фавориттерінің қатарынан болатын. Ал бірінші айналымда Арай Ізбай бастаған «табиғат жыршылары» «Мазмұндаманы» 8:2 есебімен ойсырата жеңген. Бір жағынан осы жағдай себеп болған шығар, екінші жағынан «Мазмұндаманың» селдіреп қалған құрамы бойларына сенімділік орнатқан болар, әйтеуір, кездесу басталарда көздерінен қарсыластарды менсінбеушілік байқалды. Алайда, тур сайын ойындары дұрыс жолға қойылып келе жатқан «Мазмұндама» матчты бірден қарқынды бастап, «табиғат жыршыларын» бірден есеңгіретіп тастады. Алдымен Әзиз Жұмаділдің пасынан кейін Дмитрий Нестеренко есеп ашса, көп ұзамай Нестеренко «қарызын қайтарып», Әзиздің гол соғуына септігін тигізді. Осыдан «National Geographic Qazaqstan» Нұрәлем Жалғасұлы соққан голдың арқасында таблодағы көрсеткішті қысқартып, еңселерін тіктегендей болған. Алайда, бұл жай ғана иллюзия екен, бірінші таймның соңына таман Амангелді Сейітхан «Мазмұндаманың» үшінші голын соқса, екінші таймда қарымта шабуылдардың бірінде Дмитрий Нестеренко дубль жасап, таблодағы көрсеткішті 4:1-ге жеткізді. Осы жеңістің арқасында «Мазмұндама» турнир кестесінде 4-ші орынға көтерілсе, «National Geographic Qazaqstan» 7-орынға түсіп қалды.

Ойыншылар бағасы:

«Мазмұндама»: Кирилл ПЯРТЕЛЬ – 5, Айдын ҚАНЖЕКЕЕВ – 5, Еркін ШӘКІР – 4.5, Амангелді СЕЙІТХАН – 5, Дмитрий НЕСТЕРЕНКО – 5, Әзиз ЖҰМАДІЛ – 4.5

«National Geographic Qazaqstan»: Ануар ҚҰРМАНБАЕВ – 4.5, Бекзат САЙНАЗАР – 4, Нұрәлем ЖАЛҒАСҰЛЫ – 4.5, Қуанышхан САПАРБАЕВ – 4, Дәулет СЕЙДАҒАЛИ – 3.5, Талғат ҚАЙЫРГЕЛДИН – 4, Дәурен БЕРІКҚАЖЫ – 3.5, Арай ІЗБАЙ – 4, Болатхан СЕРІК – 3.5, Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ – 3

Ел арна – Астана ТВ 2:3

«В» лигасының ғана емес, бүкіл турдың орталық кездесуіне баланған «Ел арна» мен «Астана ТВ» арасындағы ойын расымен де, көпшіліктің үмітін ақтап, көрермендерге керемет ләззат сыйлады. Естеріңізге сала кетейік, бірінші айналымда елорданың басты телеарнасы Жасын Біркенов бастаған жігіттерді 4:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Алайда, одан бері біраз нәрсе өзгерді. Трансферлік терезеде «Ел арнаның» басты ойыншыларының бірі Ернұр Досжанов «Астана ТВ» сапына ауысса, оның орнын қызылжарлық журналистер басып, агенттік командасын тіптен күшейтті. Аласапыран және текетіреске толы матчта қос команда да қорғанысқа көңіл бөліп, қателіктерге бой алдырмауға тырысты. Алайда, Нұрбол Балғабековтің қақпаға кіріп бара жатқан допты қолмен тоқтатып, есепті пенальтиден Александр Олейник ашты. Есін жиып үлгермеген «ел арналықтардың» қақпасына келесі минутта-ақ Әлішер Өмірзақ екінші голды соқты. Осылайша бірінші айналымдағы ойынның сценариі қайталанып келе жатқан. Абырой болғанда үзіліске санаулы секундтар қалғанда Дәурен Жолдасов бір гол соғып, интриганы қайта сыйлады. Екінші тайм алма-кезек шабуылдарға ұласып, қос команда бір-бір голдан алмасқанымен «Ел арна» таразы басын теңестіре алған жоқ. Тіпті, екінші ескерту қағаздан кейін кем құрамда қалған қарсыластарын да қыспаққа ала алмады. Шамалары жеткен жоқ. Шаршап қалды. Бірақ, тамаша тартыс сыйлағандары үшін көрермендер ойын соңында екі командаға да тік тұрып, қошемет көрсетті.

Ойыншылар бағасы:

«Астана ТВ»: Дмитрий ПОКИДАЕВ – 5, Әлішер ӨМІРЗАҚ – 4.5, Рүстем СМАҒҰЛОВ – 4, Әділет ҚҰСАЙЫНОВ – 5, Дарын ШЕҢГЕЛБАЙ – 3.5, Николай КРУЖАЛЬСКИЙ – 4.5, Александр ОЛЕЙНИК – 5, Еркін БЕКТЕНОВ – 5, Ернұр ДОСЖАНОВ – 4.5

«Ел арна»: Жасын БІРКЕНОВ – 4.5, Риат ШОНИ – 4.5, Данияр ТЕМІРҒАЛИЕВ – 4.5, Данияр СВАНКУЛОВ – 3.5, Аят ДҮЙСЕМБАЕВ – 4, Бақыт ТЕМІРҒАЛИЕВ – 5, Дәурен ЖОЛДАСОВ – 5, Бауыржан ТІЛЕУЛИН – 4.5, Нұржан СӘДІРБАЕВ – 3.5, Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ – 3.

«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here