Қақпашы – Кирилл ПЯРТЕЛЬ (Мазмұндама)
Бұл турда қақпашылардың барлығы да өте керемет ойнады. Дегенмен, трансферлік терезеден кейін қосылып, БАҚ лига тарихындағы алғашқы ойынын өткізген Кирилл Пяртельдің тамаша сейвтеріне бүкіл көрермен тамсанып, бастарын шайқады. Бір-біріне «қайдан келген қақпашы?», – десіп, әріптесіміздің биографиясына үңілді. Өзінің алғашқы матчында-ақ «Мазмұндаманы» жалғыз өзі сүйреп шығып, қақпасына екі пенальтиді дарытпаған Пяртель бірден көпшіліктің көзайымына айналды.
Қорғаушылар – Александр ОЛЕЙНИК (Астана ТВ) пен Темірлан ТӨЛЕУТАЙ (ДИАП Qazaqstan)
Әлемде қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда өз мүмкіндіктерін мүлт жібермейтін екі-ақ қорғаушы бар. Біреуі Мадридтің «Реалында» ойнаса, екіншісі БАҚ лигада «Астана ТВ» намысын қорғап жүр. Расымен де Серхио Рамос пен Александр Олейниктің ұқсастықтары көп. Біздің шоумен шашын өсіріп, денесін бояп алар болса, екеуін айыра алмай да қалар едіңіз. Өткен жексенбіде Олейник қорғаныста жүріп-ақ хет-трик жасады. Айта кетейік, тіпті шабуылшылардың өздері де 8-ші турда мұндай көрсеткішке қол жеткізе алмады.
Ал апта сайын Арқадан Астанаға отарбалатып келетін Темірлан Төлеутайдың дриблингтерінен кез келген ойыншының басы айналып, алдындағы добына ие бола алмай қалып жатады. «Мазмұндамаға» қарсы ойында «ДИАП Qazaqstan» жігіттері тұтас команда ретінде жақсы ойнады десек, осы команданы біріктірген күш иесі Темірланға тиесілі болды десек, әсіре сілтегендігіміз емес.
Шабуылшылар – Ержан ЖҮНІС (Qazaq radiolary) пен Дәурен ЖОЛДАСОВ (Ел арна)
«Qazaq radiolary» командасының рухани жетекшісі «Таңдаулылар құрамына» бірінші рет ілігіп тұрған жоқ. Алайда, негізгі құрамнан көріне алмай жүрген еді. «Қазмедианың» «В» командасына қарсы ойында бірінші минуттан бастап, алға атой салған Ержан Жүніс қарсылас қақпасына жылдам екі гол соқты да, әріптестеріне сенімділік сыйлады. Кез келген тығырықтан шыға білетін Ержан қандай нүктеден болмасын, қарсылас қақпасын нысанаға алуға дайын тұратынын кезекті рет дәлелдеп, нағыз жыртқыш шабуылшыға тән қабілетімен көзге түсті.
Трансферлік терезеден кейін «Ел арнаның» құрамы қатты өзгерді. Петропавлдан бір топ журналист келіп, бұрын негізгі құрамнан орын алып жүрген жігіттердің біршамасы өз позицияларынан айрылып қалды. Дегенмен, Дәурен Жолдасовқа бұл өзгерістер титімдей де әсер еткен жоқ. Жаңа әріптестерімен алаңда жақсы түсіністік орната білген шабуылшы «National Geographic Qazaqstan»-ға қарсы ойында да жасындай жарқылдап, дубль жасады. Ал оның соңғы секундтарда соққан голы «Ел арнаға» өте маңызды жеңіс сыйлады.
Резерв:
Қақпашы – Дәулет СЕЙДАҒАЛИ (National Geographic Qazaqstan),
Қорғаушылар – Жалын ТІЛЕУБЕРГЕН (Qazaq radiolary) мен Еркін ШӘКІР (Мазмұндама),
Шабуылшылар – Ернұр ДОСЖАНОВ (Астана ТВ) пен Бақыт ТЕМІРҒАЛИЕВ (Ел арна).
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “Qazsport” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatin” ағылшын тілі орталығы,