№7. Мұхамедәлі БОЛАТҰЛЫ (шабуылшы)
Еркін агент – Qazaq radiolary
Не себептен екені белгісіз, 8-ші турда біз «Qazaq radiolary» сапынан Мұхамедәлі Болатұлын кездестірмедік. Бәлкім, күшін алдағы ойындарға сақтап жүрген шығар. Неде болса, бұл шабуылшының келуімен «Qazaq radiolary»-ның алғы шебі күшейді. Өз мүмкіндігін мүлт жібермейтін Мұхамедәлі алдағы маңызды матчтарда өз командасына сөзсіз көмектеседі.
№6. Қанат ТАКИРОВ (шабуылшы)
Хабар 24 – Қазмедиа А
Жарты маусымға «Хабар 24»-ке жалға барып қайтқан Қанат Такиров біріншіліктің бірінші жартысында үш гол соққан. «Қызыл сойқандардың» негізгі шабуылшысына айналып та үлгерген. Дегенмен, трансферлік терезеде «Қазмедиаға» қайта оралып, ҚМО үшін бірінші кездесуінде-ақ дубль жасады. Әлбетте, бұл командада бәсекелестік өте жоғары. Алайда, Қанатқа бұл құрамнан міндетті түрде орын табылуы тиіс.
№5. Асқар ХАМИДЕН (шабуылшы)
Егемен Қазақстан – Хабар
Асқар Хамиденнің «Егеменнен Қазақстанға» ауысу жырын Гарет Бейлдің «Тоттенхэмнен» «Реалға» немесе Фелиппе Коутиньоның «Ливерпульдан» «Барселонаға» ауысу сагаларымен байланыстыруға болатын шығар. Команда ауыстыру үшін Асқар да мүмкіндігі бола тұра алаңға шығудан бас тартты. Ақыры дегеніне жетіп, «Хабарға» ауысты. Өткен маусымда үздік сұрмергендер тізімінде екінші орынды иемденген Хамиден енді өз голдарымен чемпиондарды қуантуға тырысатын шығар.
№4. Нұрахмет БЕКТҰРҒАНОВ (әмбебап)
Хабар – Хабар 24
«Қайратым кетті, «Хабарда» ойнауға қауқарым қалмады», – деп түсіндірді Нұрахметтің өзі бұл трансфердің себебін. Дегенмен, «Хабар 24» сапындағы алғашқы ойынын көрдік. Әлі де әлеуетті. Оны «Қызыл сойқандар» сапындағы жаңа командаластары да айтып жатыр. Расымен де, Бектұрғанов келгелі «Хабар 24»-тің бойына қан жүгіріп, жеңімпаз рухы пайда болған сияқты. Мұны біз «Qazaqstan TV» командасына қарсы кездесуден де байқадық.
№3. Бақыт ТЕМІРҒАЛИЕВ (әмбебап)
Еркін агент – Ел арна
Трансферлік кезеңде «Ел арна» құрамы 100 пайыз болмаса да, 70 пайызға өзгерді. Астанадан бөлек, жаңа ойыншыларды Петропавл қаласынан да шақырды. Дегенмен, трансферден кейінгі алғашқы матчтан түйгеніміз, ағайынды Темірғалиевтердің орны бөлек секілді. Ал Бақыт пен Даниярдың арасынан алғашқысын таңдап отырмыз. 9-шы нөмірді меншіктеген Бақыт Темірғалиев «Ел арна» сапындағы алғашқы ойынында гол соқпаса да, өзінің дриблингтерімен көпшіліктің көзайымына айналды. Дәл осы қарқынын жоғалтпаса, өз командасын әлі талай қуантатын сияқты.
№2. Кирилл ПЯРТЕЛЬ (қақпашы)
Еркін агент – Мазмұндама
«Мазмұндаманың» бағы шығар, өткен маусымда талай команданың ұсынысынан бас тартқан Кирилл Пяртель «ақ жейделілерді» таңдады. Шеберлігі әлдеқашан мойындалып қойған Дмитрий Покидаевтан кем емес екенін бұған дейін де жазғанбыз. Дегенмен, көпшілік оның мықтылығына «ДИАП Qazaqstan»-ға қарсы кездесуден кейін ғана сенді. Енді Пяртельдің келісімен «Мазмұндама» «В» лигасында ақырындап ұпай жинай бастайтын шығар.
№1. Ернұр ДОСЖАНОВ (әмбебап)
Ел арна – Астана ТВ
Бір қызығы, үздік үштікті толығымен «В» лигасының трансферлері құрап отыр. Бірақ, бұған да себеп бар. Ал Ернұр Досжановқа келер болсақ, «Ел арна» сапындағы әріптестерімен алаңда тіл табыса алмай жүргендігін байқаған соң оған құда түскен команда өте көп болды. Алайда, Ернұр Досжанов «Астана» телеарнасын таңдады. Алғашқы ойынында-ақ дубль жасаған Ернұр өз мықтылығын кезекті рет дәлелдеп, алдағы уақытта да жаңа командасын жеңіске жетелейтініне үміт сыйлады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.