Бәрін ретімен бастайық. Сегізінші турдың шымылдығын «Астана ТВ» мен «Қаламгер» командалары ашқан. Алайда, диктор ойыншыларды таныстырып үлгермей жатып-ақ, телеарна тілшілері алғашқы голдарын соғып кетті. «Ел арнадан» ауысып келген Ернұр Досжанов алғашқы соққысымен-ақ командасын алға шығарып, «Астана ТВ» жетекшілерінің сенімін ақтады. Жалпы, Ернұр бұл ойында екі гол соққан. Бірақ Ұйымдастыру комитеті хет-трик жасаған Александр Олейникті матчтың үздік ойыншысы деп тапты. Одан бөлек, Ұлан Ақсұлтанов та дубль жасады. Ал ойын соңында сәл босаңсып қалып, Ратмир Әубәкір мен Ержан Әмірхановтың гол соғуларына мүмкіндік беріп қойды. Қорытынды есеп – 7:2, «Астана ТВ» 24 ұпаймен пойыздың алдында келе жатыр.
Ал «Мазмұндама» мен «ДИАП Qazaqstan» кездесуі 0:0 есебімен аяқталды. Таңсық естілетін шығар, бірақ расымен де бұл ойында сол күйі есеп ашылған жоқ. Айта кету керек, бұл БАҚ лига тарихындағы екінші голсыз матч. Біріншісі өткен жылы «Elorda aqparat» пен «Qazaqstan TV» арасында тіркелген. Дегенмен, зал мен даланың айырмашылығы жер мен көктей ғой. Кейбір ойындарда 15 голдан соғылып жатқанда бірде-бір доптың қақпаға дарымауы расымен де, көпшілікті таңғалдырды. Бұл үшін «Мазмұндама» командасы жаңа кипері Кирилл Пяртельге алғыс айтуы керек шығар. «ДИАП Qazaqstan» оның қақпасына екі пенальти соға алмады. Одан бөлек, бірнеше рет шабуылшымен бетпе-бет қалып, командасын қауіптен құтқарып қалды. Әйтпесе, ұлттық арнаның ақпараттық-сараптамалық дирекциясында гол соғатын талай мүмкіндік болған. Бірақ, егер матчтың соңғы минутында Мағжан Жұмабаев өз мүмкіндігін мүлт жібермегенде және Әзиз Жұмаділ ашық тұрған қақпаға допты дарыта алғанда, онда «Мазмұндама» бірінші айналымдағы жеңілісі үшін қарымта қайтарар еді.
«Qazaq radiolary» өздерінің басты бәсекелестерінің бірі «Қазмедиа В» қақпасына екінші рет бес гол соғып, қарсыластарының жүлде жолындағы үміттерін сейілтті. Жалпы, «Радио» жігіттері ойыннан гөрі стандартты жағдайларда өте қауіпті екен. Алғашқы екі голды бұрыштамадан соқса, үшіншісін аутты әдемі орындап, тағы да «қазмедиалықтарды» сан соқтырып кетті. Дегенмен, кездесу соңына таман Мұхтар Тұртаев дәстүр бойынша қарсыластарына sale жасап, ҚМО жігіттерін ірі жеңілістен құтқарып қалды. Қорытынды есеп – 5:3, «Qazaq radiolary» 16 ұпаймен турнир кестесінің екінші сатысында.
Өткен жолы «Ел арна» мен «National Geographic Qazaqstan» арасында аяқталмай қалған «әңгіменің» бар екенін өткен жолы жазғанбыз. Естеріңізге сала кетейік, бірінші айналымның соңғы турында «Ел арна» 4:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ойын өте тартысты өтіп, Жасын Біркеновтің жігіттері соңғы минуттарда ғана жеңісті жұлып алған. Дегенмен, ол матч пен бұл кездесуді салыстыруға болмайтын шығар. Трансферлік кезеңде «Ел арна» құрамын әбден сапырылыстырып, Қызылжардан журналистер шақыртты. Командасы 100 пайызға болмаса да, 70 пайызға өзгеріп, «National Geographic Qazaqstan»-ға қарсы мүлдем басқа команда ойнағандай әсерде қалдырды. Бірақ, бұл ойын да текетіреске толы болып, осы жолы да «Ел арна» соңғы минуттарда «табиғат жыршыларынан» үш ұпайды жұлып алды. Қорытынды есеп – 3:2, «Ел арна» 15 ұпаймен үздік үштікті қорытындылап тұр.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.