BAQ league экваторынан асты, екінші жартысынан не күтеміз?

0
311
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Естеріңізге сала кетейік, БАҚ лиганың биылғы маусымы толығымен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Әр жексенбі сайын Назарбаев университеттің Спорт кешенінде жиналатын журналистер қауымы бесінші маусымның тура жартысын артта қалдырды.

Иә, бәрі көзді ашып-жұмғанша. Басталғаны кеше ғана сияқты еді, 7 турды артта қалдырыппыз. Қос лигада да фавориттер мен аутсайдерлер анықтала бастады. Мәселен, «А» лигасын айтар болсақ, «Хабар» мен «Қазмедиа А» командалары енді соңғы турға дейін ұпай жоғалтпайтын секілді. Маусымның шымылдығын жабатын да осы екі команда. Бірінші турда «Хабар» басты бәсекелесін 5:2 есебімен жеңген. Дегенмен, одан кейін «Elorda aqparat»-тан ұтылды да, қазір қос команданың ұпайы теңесті. «Elorda aqparat» демекші, елордамыздың басты ақпарат агенттігі де қалысар емес. Рас, «Хабарды» жеңгенімен «Қазмедианың» басты командасынан ұтылып, «Хабар 24»-ке ұпай беріп қойды. Десек те, олардың да бас жүлдеден үміттері бар. Бұлардың да тағдыры соңғы турда анықталуы тиіс. Әу баста көпшілік фавориттер қатарына «Спорт 59»-ды да қосқан. Өкінішке қарай, Бек Төлеудің командасы бәсекелестікке шыдас бермеді. Әр ойында барын салғанымен шешуші сәттерде жүйкелері сыр беріп жатты. Оларды тіпті, «Qazaqstan TV» қуып жетті. Өз кезегінде былтыр «В» лигасында үздік үштіктен көрініп, «А» лигасына жолдама алған ұлттық арна командасына да аздап уақыт қажет сияқты. Дәл сондай сипаттама «Хабар 24»-ке де жарасатын болар. Тәулік бойы ақпарат тарататын арнаның командасы 4 ұпаймен 7 команданың ішінде 6-шы орында тұр. Шындап кіріссе, кез келген командадан ұпай тартып ала білетінін өткен турда көрдік. Бірақ, «Хабар» командасының капитаны Нұрсұлтан Құрман айтпақшы, оларға жеңімпаз рухы жетпей жатқан сияқты. Ал «Егемен Қазақстанға» бір серпін қажет немесе командасының БАҚ лигаға қатысу саясатын өзгерту керек. Әлбетте, биыл еліміздің басты газеті Журналистер біріншілігінде жүлделі орындарға таласа қоймас. Үздік бестіктен көрінулері де неғайбыл. Келесі маусымда «В» лигасына барып, «демалып» қайтуды мақсат тұтса, қазірден бастап үйренісе беру үшін қосалқы құрамдағы ойыншыларына көбірек мүмкіндік берулері қажет-ау.

«В» лигасында «Астана ТВ» командасына қазірден-ақ жеңімпаздың тәжін кигізе беру керек секілді. Әділет Құсайынов, Дмитрий Покидаев, Александр Олейник сынды саңлақтар бастаған бұл команда бірінші айналымда қарсылас шақ келтірген жоқ. Алдынан келгенін қоғадай жапырды. Ал басты бәсекелестері «Ел арна», «National Geographic Qazaqstan», «Qazaq radiolary» сынды командаларды бұйым құрлы көрмей, ірі есептермен ұтты. Екінші айналымда да босаңси қоймас. Сондықтан, алдарына үлкен мақсат қойған өзге командаларға екінші немесе үшінші орындарды қанағат қылуға тура келетін сияқты. Ал күміске кім лайық? Әлбетте, жоғарыда аталған үш командада да «А» лигасына екінші орынмен шығатындай мүмкіндік бар. Дегенмен, «Қазмедиа В» жігіттерін де ұмытпаған жөн. Бірақ, ҚМО командасы жүлдеге ілігеді дегенге әзірге өздерінен өзге ешкім сенбей тұр. Қалған үш команда жайлы не айтуға болады? Иә, соңғы үш ойында 7 ұпай еншілегенімен «ДИАП Qazaqstan»-ды әлі де бәсекеге қабілеттілердің қатарына жатқыза алмайсың. Кез келген матчта жеңіліп қалулары ғажап емес. «Мазмұндама» да дәл сол сияқты. Құрамы қарымды болғанымен бұл командада чемпиондық амбиция жоқ. Жеңістен гөрі достық қатынасты алға қоятын командалардың бірі. Ал «Қаламгерге» көбірек жаттығу қажет. Ынтымағы жарасқан аталмыш ұжым осы құрамды жоғалтпай, біраз уақыт бірге доп тепсе, келесі маусымдарда үздіктердің қатарында болары анық.

Осылайша, маусымның жартысын артқа тастадық. Барлық қызық әлі алда. Трансферлік терезеден кейін әр матч бұрынғыдан да тартысты бола түсеріне сенімдіміз.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here