Ешкім білмейтін еркін агенттер немесе БАҚ лигаға ТОП-7 жаңа есім

0
360
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Дегенмен, бас қаламызда БАҚ лигаға қатыспаған, бірақ допты ұршықша иіретін журналистер әлі де бар. Солардың ТОП жетілігін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. Бәлкім, трансферлік кезеңнен кейін осылардың бірқатарын биылғы біріншіліктен көріп те қалармыз.

№1. Кирилл ПЯРТЕЛЬ (қақпашы)

Қызметі: ҚР Конькимен жүгіру федерациясы Баспасөз қызметінің жетекшісі

Елордамыздағы орыс тілді редакциялардың барлығына дерлік өзінің қолтаңбасын қалдырған Кирилл Пяртельге көз тігіп жүрген командалар өте көп. Алайда, өткен жылы бірқатарының беттерін қайтарып тастағаннан кейін қайта ұсыныс жасауға көпшілігі қаймығып та қалды. Алайда, Пяртельді биыл БАҚ лигадан көріп қалуымыз ғажап емес. Қақпада Дмитрий Покидаевтан нашар тұрмайтын бұл кипер кез келген ұжым үшін жарты команда болары анық.

№2. Серікбол ХАСАН (қақпашы)

Қызметі: «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары

Келесі маусымда БАҚ лигаға жаңа команда қосылуы мүмкін. «Айқын» мен «Литер» бірігіп, Журналистер біріншілігінде бақтарын сынап көрмек. Дегенмен, қазірдің өзінде аталмыш редакциялардың қызметкерлеріне сұраныс көп. Солардың бірі – Серікбол Хасан. Алматыда бір күндік турнирлерде талай шабуылшыны сан соқтырған тасқамал қақпашы жазғы маусымға дейін бір командаға жалға баруы да ғажап емес. Тек нөмірін теріңіздер.

№3. Всеволод ХВАН (қорғаушы)

Қызметі: «Литер» газетінің спорт журналисі

Оңтүстік астанадан бас қалаға қоныс аударған тағы бір журналист. Әу баста «Хабар 24» сапына ауысады деп күтілген. Алайда, қолымызда бар ақпараттарға сүйенсек, трансфер орын алмапты. Демек, өзге командалардың ұсыныс жасауларына әлі де мүмкіндіктері бар. Қорғаныста өте сауатты ойыншы өз командасын тапса, негізгі құрамды бірден тартып алары сөзсіз.

№4. Максим ШИМАНСКИЙ (қорғаушы)

Қызметі: «Қазмұнайгаз» компаниясының сарапшысы

«Казахстанская правдадан» бастап «QAZSPORT»-қа дейін біраз редакцияларда тілшілік қызметтер атқарған Максим Шиманский бүгінде «Қазмұнайгаз» компаниясында сарапшылық қызмет етіп жүр. Ал журналистер футболында біркүндік турнирлерде доп тепкені болмаса БАҚ лигаға қатысып көрмеген. Биыл 40 жасын атап өтетін әріптесіміз қорғаныста өте сауатты және пасты командаласына қолмен қойғандай жеткізіп беретін шеберлігі бар.

№5. Елдос ӨМІРЗАҚ (әмбебап)

Қызметі: «Қазмұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметінің жетекшісі

Ұзақ жылдар «Жас Қазақ» газетін шығарған Елдос Өмірзақтың да Астанаға қоныс аударғанына көп болған жоқ. Бүгінде «Қазмұнайгаз» компаниясының баспасөз қызметіне жауап береді. Студенттік кезден теңбіл допты серік еткен Елдос алаңның қай қапталында болмасын, сауатты ойнап, қателікке бой алдырмайтын ойыншылардың қатарынан.

№6. Асқат САҒИТОВ (әмбебап)

Қызметі: Фрилансер, «Астана» радиосының эфир жүргізушісі

Оны шоулар мен кештерден жиі көресің, дауысын радиодан естисің. «Селебрити» әлемінде өте белсенді әріптес. Дегенмен, спорт түрлерінен хоккейді бірінші орынға қоятын секілді. Шайба қуып жүргенін жиі көресің. Бірақ допты да керемет тебеді. Жаттығуларда талай қақпашыны сазға отырғызып жүр. Бір қызығы, осы күнге дейін БАҚ лигаға қатыспапты. Бәлкім, өз ортасын таппай жүрген шығар. Алайда, осы жобаға қызығушылығы бар екенін де жеткізген.

№7. Руслан ЖЕЛДІБАЙ (әмбебап)

Қызметі: ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Электрондық БАҚ басқармасының жетекшісі

Алматыда жүргенде Руслан Желдібай Дәурен Бабамұрат бастаған команданың негізгі шабуылшысы болатын. Кейін Ұлыбританияға оқуға кетіп, ол жақта ағылшындар мен үнділерді өзінің шеберлігімен таңғалдырыпты. Алайда Астанаға қоныс аударғалы «Реал» футбол клубының жанкүйері футболды сирек ойнап жүр. Өзінің бір сөзінде БАҚ лигаға қуана қатысатындығын айтыпты. «В» лигасына қимайтын, «А» лигасында үздіктердің бірі болатын әріптесіміз қай команданың сапынан табылар екен?..

Әлбетте, бұл жай ғана шолып шыққандағы көзге іліккен журналистер ғана. Әйтпесе, Астанада теңбіл допты ұршықша иіретін БАҚ қызметкерлері жетерлік. Тек команда жетекшілеріне селекцияны дұрыс жүргізе білу қажет.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here