Олар БАҚ лигаға қайта орала ма немесе командасыз жүрген ТОП-7 жүйрік

0
447
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

№1. Мұхит ЕСЕНТАЙ (қақпашы)

Жасы: 31

Жұмыс орны: «Хабар» агенттігі

Қызметі: Жарық қоюшы

Соңғы командасы: Qazaqinfo.kz (үшінші маусым)

Журналистер біріншілігінің бірінші маусымында көпшіліктің көзайымы болып, талай шабуылшыны сан соқтырған тасқамал қақпашы соңғы рет БАҚ лигада 2018 жылдың қысында ойнапты. Онда да “Қазақ ТВ” мен “Ел арнадан” кейін “Qazaqinfo.kz”-тің екі-үш ойынына ғана қатысқан. Содан кейін көрінбей кетті. Сенім артсаң, «В» емес, «А» лигасындағы командалардың да қай-қайсысын күшейте алатын қабілеті бар. Естуімізше, денсаулығы жарамай жүрген секілді. Дегенмен, егер жақсы ұсыныс түссе, алаңға қайта оралуы да ғажап емес.

№2. Серік ҚОҢЫРБАЕВ (қорғаушы)

Жасы: 33

Жұмыс орны: «Хабар 24» телеарнасы

Қызметі: оператор

Соңғы командасы: Ел арна (екінші маусым)

2017 жылы Сейдахмет Бердіқұлов турнирінде дисквалификация алып, журналистер арасындағы барлық жарыстардан жарты жылға шеттетілген Серік Қоңырбаев содан кейін алаңға оралған жоқ. Әйтпесе, аяғын тартып қалмайтын өте мықты қорғаушы. Жамбыл футбол мектебінің түлегі тіпті, Қаратаудың «Лашын» футбол клубында да доп тепкен. Қазір аздап салмақ қосып алғаны болмаса, білетіндер әлі де бабында деседі.

№3. Евгений АКМАНОВ (қорғаушы)

Жасы: 32

Жұмыс орны: «Барыс» хоккей клубы

Қызметі: Баспасөз қызметінің жетекшісі

Соңғы командасы: Sportinform.kz (төртінші маусым)

Былтыр жазғы маусымда Евгений Акманов Sportinform.kz командасына жақсы көмектесті. Сұңғыла бойлы қорғаушы өзінен доп өткізбей, қақпашысының сенімді серіктесі бола біліп, командасына біршама ұпай әперді. Алыстан қақпаға қақырата тебетіні де бар. Алайда, «Барыстың» Құрлықтық хоккей лигасында жиі ойнайтындығына байланысты биыл еш команда сапына тіркеле алмады. Дегенмен, ҚХЛ-да да маусым аяқталып келеді. Яғни, бос уақыты да көбейе түседі. Ұсыныс жасаған командалардан бас тарта қоймас.

№4. Ибраһим ЕРЕНҒАЙЫП (әмбебап)

Жасы: 22

Жұмыс орны:

Қызметі:

Соңғы командасы: Qazaq radiolary (үшінші маусым)

2018 жылы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінен түлеп ұшқан Ибраһим Еренғайып БАҚ лиганың алғашқы үш маусымында доп тепті. Бірақ, кейін футболды қойып кетті. Қазір фитнеспен айналысып, ет жинады деп естиміз. Уақытша журналистика әлемінен басқа салаға бет бұрғанын да білдік. Дегенмен, ЖурФакты бітіргендердің барлығы түбі БАҚ әлеміне қайта айналып келері жазылмаған заңдылық. Оның да қаны бері қарай тартып тұрары сөзсіз. Ал, әлеуетін барлық команда жақсы біледі. Қай командаға ойнаса да, үздік болары анық.

№5. Мұхамедәлі БОЛАТҰЛЫ (шабуылшы)

Жасы: 31

Жұмыс орны: Qazaq radiolary

Қызметі: Диктор

Соңғы командасы: Муфтият.кз (төртінші маусым)

Мұхамедәлі Болатұлының қандай себептермен «Qazaq radiolary» командасынан тыс қалуы, шыны керек, біз үшін жұмбақ. Бірінші маусымда команданың күміс жүлдегер атануына ерен еңбегін сіңірген шабуылшы әу баста «Qazaq radiolary»-ның биылғы тізімінде болған. Кейін сызылып тасталды. Араларында не болғанын білмейміз ғой, бірақ қайта қатарға қосылады деген үміттеміз. Әйтпесе, оны кез келген команда өз сапында көруге қуанады. Былтыр «Муфтият.кз» сапында ойнаған Мұхамедәлі талай маңызды голдардың авторы атанып, сол кездің өзінде-ақ біраз командалардан шақырту алған.

№6. Дастан КЕНЖАЛИН (шабуылшы)

Жасы: 40

Жұмыс орны: ҚР Спорт журналистері қауымдастығы

Қызметі: Астана қалалық филиалының төрағасы

Соңғы командасы: “Жеңіс” (екінші маусым)

Талай жыл «Егемен Қазақстанды» өрге сүйреген Дастан Кенжалин БАҚ лигада «Жеңіс» деген команданы құрған. Екі маусым дүрілдеп тұрды. Алайда, кейін отбасылық жағдайы мен қызмет бабына байланысты аздап футболдан қол үзіп қалды. Бүгінде аптасына екі рет өз жолдастарымен доп теуіп тұрады екен. Демек, әлі де бабында.

№7. Ғалым ҚАЛМЕН (шабуылшы)

Жасы: 30

Жұмыс орны: «Еуразия+ОРТ» телеарнасы

Қызметі: «Пендеміз ғой» бағдарламасының жүргізушісі

Соңғы командасы: “Еуразия+ОРТ” (төртінші маусым)

БАҚ лигада «Қазмедиа» және «Еуразия+ОРТ» командаларында доп теуіп, небір керемет голдардың авторы атанған Ғалым Қалмен биыл «ДИАП Qazaqstan»-ға сеніп қалды. Алайда, техникалық ақаулардың ба, әлде басқа себептердің кесірінен бе, әйтеуір командаға ілінген жоқ. Қазір еркін агент. Өзге командалардан ұсыныс күтіп отыр.

Бонус. Дания АБДИЛОВА (әмбебап)

Жасы: 18

Жұмыс орны: «QAZSPORT»

Қызметі: Редактор

Соңғы командасы: «QAZSPORT» (екінші маусым)

Данияның ойынын БАҚ лигаға алғашқы маусымдардан бері қатысып келе жатқан әріптестердің барлығы жақсы біледі. «QAZSPORT»-ты алаңға капитан ретінде бастап шығып, небір сүйсінерлік голдарды соққан. Футболды кейбір жігіттерден жақсы ойнамаса, нашар теппейді. Оған себеп те бар. Кезінде «Көкше» және «Шахтер-КарГУ» командаларында тәлім алған. Дегенмен, кейін тұрмыс құрып, декретке шықты. Сондықтан, футболдан аздап қол үзіп қалған. Бірақ, әлі де бабында. Кез келген команданы ойын тұрғысынан да, имидждік жағынан да күшейте алатын ойыншы. Өзі де футболды сағынып жүр.

Әлбетте, бұл еркін агенттердің аз ғана бөлігі. Егер журналистер нарығына жақсылап зер салсаңыз, Марлен Бейсебаев (шабуылшы), Мұхтар Қалимолла (әмбебап), Серік Ембергенов (қорғаушы), Ертас Жақыпбай (әмбебап), Ғабит Бөкенбай (әмбебап), Асқар Турлин (әмбебап), Данияр Рамазанов (әмбебап) және ағайынды Жанасбаев сынды мықтылардың барын көресіз. Ендеше, қалғаны сіздің еншіңізде. Нөмірлерін теріңіз де, өз командаңызды қалауыңызша күшейтіңіз.

Автор: Қисықаяқ ТҮЗУТЕПКЕНОВ

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here