Бірінші болып алаңға «Elorda aqparat» пен «Спорт 59» шыққан. Әр ойыншысының техникасы он адамға татитын «Спорт 59» матчты қарқынды бастағанымен командалық ойын үлгісін көрсете алмады. Шыны керек, Ғалым Қожабеков шәкірттері прессингпен-ақ қарсыластарына адым аштырған жоқ. Есепті үзіліске төрт минут алғанда Аян Әбдуәли ашып, бірінші таймның соңғы минутында қақпашы мен қорғаушының өзара келісе алмаушылығынан Ербол Кенжебаев автоголдың авторы атанды. Ал екінші таймда Бексаттар Саттар іске кірісіп, дубль жасады. Дегенмен, Бексаттардың қос голының ортасында «Спорт 59»-дың қарағандылық сұрмергені Нұрмұхамед Байсүгіров бір гол соққан. Қорытынды есеп – 4:1, «Elorda aqparat» турнир кестесінде үздік үштіктен үміткер «Спорт 59»-дан 7 ұпайға ұзай түсті.
Жандос Манашевтің бенефисімен өткен «Qazaqstan TV» – «Хабар 24» кездесуі де 4:1 есебімен аяқталды. Алайда, есепті Жандос емес, 11-ші минутта талантты журналист Руслан Тәуірше ашты. Бұл матчтың 11-ші минуты болатын. Бірінші таймда есеп өзгерген жоқ. Үзілістен кейін «хабарлықтар» да қарқындарын күшейтіп, тайлы-тұяғымен шабуылға көшкенімен ұлттық арнаның қорғанысынан өте алмады. Ал соңғы 10 минуттықта Жандос Манашевтің екінші тынысы ашылып, кездесудің соңында хет-трик жасады. Дегенмен, «Хабар 24» те қарап қалған жоқ. Қорғанысты мойнына алған Рауан Омархан бір рет шабуылға барып қайтты да, бір гол олжалады.
Дәл осындай сценариймен «Егемен Қазақстан» – «Қазмедиа А» матчты да өрбіді. Сондықтан, сағызша созбай, есептің 4:1 есебімен аяқталғанын, ал осы жеңістен кейін ҚМО командасы турнир кестесінде «Хабарды» қуып жетті. Екеуінде де 7 турдан кейін 15 ұпайдан. Өз кезегінде қолымызда бар ақпараттарға сүйенсек, «Егемен Қазақстан» командасын трансферлік кезеңде үлкен өзгерістер күтіп тұр. Мұны біз жақсылыққа жорып отырмыз.
«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.