Бүгін Астанада журналистер арасындағы БАҚ лиганың төртінші тур ойындары өтті. Әзірге ұпайдан шашау шығармай келе жатқан жалғыз команда бар. Ол – «Астана ТВ» командасы. Дегенмен, соңғы кездері елордамыздың басты телеарнасына әр жеңіс асқан қиындықпен жетіп жатыр. Мәселен, үшінші турда тек соңғы минуттарда ғана «Мазмұндама» қақпасына жеңіс голын соққан болса, кеше «Қазмедианың» «В» командасын да төрешінің ысқырығы естілуге шақ қалғанда тізерлетті. Есеп – 4:3, әзірге «Астана ТВ» 12 ұпаймен «В» лигасында көш бастап келеді.
Екінші орында – «Ел арна». «Хабар» агенттігінің үшінші командасы көшбасшыдан үш ұпайға қалып келеді. Кеше абырой болғанда дер кезінде естерін жиды. Әйтпесе, бірінші минуттардан бастап қарқынды шабуылға кіріскен «Мазмұндама» айналдырған екі минуттың ішінде Жасын Біркенов қақпасына үш гол соғып, «ел арналықтарды» есеңгіретіп тастаған. Айдын Қанжекеев есеп ашып, Дмитрий Нестеренко дубль жасады. Содан «Ел арна» ойыншыларында кішігірім депрессия басталып, арты айқай-шуға ұласты. Әріптестерімен басы піспеген кейбірі үстіндегі формасын шешіп, алаңнан кетіп те қалды. Абырой болғанда естерін дер кезінде жиып, ойын тағдырын түбегейлі өзгерте алды. 0:3 есебімен жеңіліп жатып, қарсылас қақпасына жеті гол соқты. Қорытынды есеп 7:3.
Ал «Қаламгер» маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Аутсайдерлер текетіресінде «ДИАП Qazaqstan» командасымен кездескен олар қарсыластарының жалғыз голына 12 тура соққымен жауап берді. «QAZSPORT» телеарнасының комментаторы Ерсін Ерік пента-трик авторы атанса, дәл осынша голды аталмыш арнаның тағы бір редакторы Ратмир Әубәкір соғып, ұлттық арнаның ақпараттық-сараптамалық дирекциясының командасы үшін іс насырға шауып кетті. Қорытынды есеп – 12:1, Досымжан Ермұрат, Дулат Нуркин, Бақытжан Омаров, Мейірлан Раханов, Ермұхамед Мәулен сынды марғасқалары бар «ДИАП Qazaqstan»-ға еңсе тіктемесе болмайды.
Дегенмен, турдың орталық кездесуі BAQ league дебютанттары «National geographic Qazaqstan» мен бір маусым үзіліс жасап, бәйгеге қайта қосылған «Qazaq radiolary» арасында өтті. Қос тараптың да құрамы мықты. «В» лигасының басты фавориттері. «А» лигасына жолдама алудан басты үміткерлер. Алғашқы болып есепті «табиғат жыршылары» ашқанымен «Qazaq radiolary» да қарап қалған жоқ. Қарсыластарының әр шабуылына лайықты жауап қайтарып отырды. Ал матч соңында «National geographic Qazaqstan» қызметкерлері қаһарына мінген сәтте іске «Шалқар» радиосының бас редакторы Мұхтар Тұртаевтың өзі кірісіп, қақпасын талай қауіптерден сақтап қалды. Нәтижесінде, таблода 6:4 есебі тіркеліп, «Qazaq radiolary» қатарынан екінші кездесуде жеңіске жетті.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.