Дегенмен, «А» лигасының үшінші туры «Qazaqstan TV» – «Қазмедиа А» арасындағы матчпен басталды. Екеуі маусымды екі түрлі бастаған. Көңіл күйлерінің әркелкі болғаны түсінікті. Бірақ, матчқа бірдей жауапкершілікпен келіпті. Ойын бірден тартысты басталып, алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Әсіресе «қазмедиалықтардың» қарқыны қатты болды. Бірінші турда «Хабардан» оңбай ұтылып, ауыр соққы алған «сары жейделілер» қалайда қоржынына ұпай салуға тырысты. Алайда, алғашқы голды «Qazaqstan TV» соқты. Төреші белгілеген пенальтиді голға айналдырған Асқар Мұхтаров командасын алға шығарған. Осыдан кейін «Қазмедиа А» тайлы-тұяғымен қосылып, қайта алға атойлады. Бірақ, қорғанысты ұмытуға болмайды ғой, Жандос Манашев екінші голды соғып, жазасын берді. Есеп 2:0. Бір қызығы, «қазмедиалықтар» саспады. Жүйкелерінің сыр бергенін де байқамадық. Қарсыласының әр қателігін бағып, ақыр соңында матчтың аяқталуына екі минут қалғанда есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып та алды.
Ал «Егемен Қазақстан» газетінің командасы естерін әлі жия алмай келеді. Үшінші турда да ірі жеңіліске ұшырады. Бұл жолы «Спорт 59» командасынан ұтылды. Рас, нашар ойнаған жоқ. Алайда, Бек Төлеудің жігіттері «егемендіктердің» әр голына екі тура соққымен жауап беріп отырды да, нәтижесінде таблода 8:4 есебі тіркелді.
«Хабар» агенттігінің дербиінде БАҚ лиганың төрт дүркін чемпиондары да «Хабар 24» командасының қақпасына 8 гол соқты. Дегенмен, матчты тамаша бастап, бірнеше қауіпті шабуылдар мен соққылар жасағанымен Хасан Ташенов бастаған жігіттер «Хабардың» қарқынына төтеп бере алмады. Алғашқы минуттарды қорғаныста өткізгенімен ойынның екінші жартысына таман Нұрсұлтан Құрман және оның командасы іске шындап кірісе бастады да, матчты толығымен өз бақылауларына алды. Қорытынды есеп – 8:2, «Хабар» өткен турдағы жеңілістен кейін қайта ес жия бастады.
«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.