Оларды «шалдар» деді, шау тарта бастаған дегендер де көп болды. Бірақ, көпшілік көзге ілмеген «Астана ТВ» командасы алғашқы үш турдан кейін ұпай жоғалтпаған жалғыз команда. Рас, кешегі кездесуі елордалық телеарна тілшілері үшін оңай болған жоқ. Бұған дейін екі турда қақпасын «құрғақ» ұстаған Дмитрий Покидаев «Мазмұндамамен» болған матчта қақпасынан екі доп алып шығуға мәжбүр болды. «Мазмұндама» да жаман ойнаған жоқ. Бұрын «Қаламгердің» негізін құраған команданың жігіттері ғой, алаңдағы өзара түсіністіктері де арта бастапты. Бірақ тең есепті ұстап тұра алмады. Кездесудің аяқталуына бар болғаны екі минут қалғанда қорғаныста қателесіп, қолда тұрған ұпайларынан айрылды. Қорытынды есеп 2:3.
Сондай-ақ, олардың өкшелерін басып, соңынан қалмай «National Geographic Qazaqstan» мен «Қазмедиа В» командасы келе жатыр. Маусымның ашылу матчында өзара кездесіп, бір-бір ұпайдан бөліскен аталмыш командалар содан кейін ұпай жоғалтқан жоқ. ҚМО жігіттері «Қаламгерді» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, «табиғат жыршылары» «Qazaqstan» ұлттық арнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының екі голына 12 тура соққымен жауап берді.
Шыны керек, «ДИАП Qazaqstan» командасында екеуден артық гол соғатын мүмкіндіктер болған. Алайда, алаңдағы орнын қақпаға алмастырған Ермек Төрениязов бұл күні өте сақ ойнады. Қорытынды есеп – 12:2, «National Geographic Qazaqstan» командасы 7 ұпаймен «Астана ТВ» соңынан қуып келеді.
Ал турдың орталық кездесуі «Ел арна» мен «Qazaq radiolary» арасында өрбіді. Бұған дейін ұпайдан шашау шығармай келген «Хабар» агенттігінің үшінші командасы бірінші рет ұтылды. Тіпті, Дәурен Жолдасовтың хет-тригі де көмектеспеді. Өйткені, «Qazaq radiolary» ұжымында да үш голдан соғатын жігіттер бар екен. Олжас Жақыпбекті айтып отырмыз. Сондай-ақ, Құрманбек Жұмағали бастаған ұжым Елдос Өмірхан және Назар Найзабеков сынды жаңа қызметкерлермен де толығыпты. Олардың да бұл жеңіске қосқан үлестері зор. Ал алма-кезек шабуылдармен өрбіген кездесу 7:4 есебімен «Qazaq radiolary» пайдасына шешілді.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.