Әйтседе, «Астана ТВ» командасы өте адуынды көрінеді. Бірінші турда «ДИАП Qazaqstan» қақпасына жауапсыз 12 гол соққан елордалық телеарна жігіттері бұл жолы маусымның басты фавориттері саналған «Qazaq radiolary» жігіттерін 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Байқап тұрғандарыңыздай, «Астана ТВ» қақпасы әлі құрғақ.
Олардан «Ел арна» да қалысар емес. Дегенмен, «Астана ТВ» ойыншыларының қасында Жасын Біркенов бастаған жігіттердің тым нәзік көрінетіні жасырын емес. Біз дене-тұрқыларын ғана айтып отырмыз. Ал техника жағына келер болсақ, шамасы, «В» лигасында «ел арналықтарға» жететін команда жоқ шығар. Бүгін «ДИАП Qazaqstan» қақпасына бар болғаны үш гол соқты. Бірақ, гол соғатын тағы талай шабуыл ұйымдастырды. Бір жағынан ұлттық арнаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының ойыншылары да бірінші турдағы «шапалақтан» кейін аздап ес жинай бастағандарын айта кету қажет.
«National Geographic Qazaqstan» командасы да ұпай жинай бастады. Бірінші турда әупірімдеп тең есепке қол жеткізген «табиғат әлемінің өкілдері» бұл жолы «Қаламгер» қақпасына жауапсыз алты гол соқты. Бұдан да көп гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ, Ермек Төрениязовтың соққысы қақпа бағанасынан кері серпілсе, Арай Ізбай, Мәді Құдайбергеннің доптары қақпадан сәл қиыс ұшып жатты.
Ал маусымды сәтті бастаған «Мазмұндама» күтпеген жерден «Қазмедианың» екінші командасынан ойсырай ұтылды. Бірінші тайм тең аяқталған. Алайда, үзілістен кейін қорғаныста қателік жиі орын алып, шабуылда қақпа кілтін таба алмаған Амангелді Сейітханның ізбасарлары ҚМО ойыншыларына 1:6 есебімен жол берді.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza”