Амангелді СЕЙІТХАН-старший
(Қазақ ТВ, Жеңіс, QAZSPORT, Қаламгер, Мазмұндама)
Қазақ журналистикасында екі Амангелді Сейітхан бар. Екеуінің аты-жөні, тегі, тіпті туған күні де бірдей. Екеуі де Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетін бітірген. Тіпті, екеуінің журналистикадан бөлек, айтыскерлік қырлары да ұқсас. Сондықтан шетелдегідей, «Амангелді Сейітхан старший», «Амангелді Сейітхан-младший» деп алған дұрыс шығар.
Біздің әңгіме еткелі отырғанымыз үлкені. Яғни биыл 11 мамырда 50 елу жасқа толатын «Хабар» агенттігінің журналисі, танымал комментатор Амангелді Сейітхан ағамыз.
Алматыда жүргенде С. Бердіқұлов турнирінің бас жүлдесін көп ешкімге ұстата қоймайтын Аман ағамыз Астанадағы Бақ лигадағы өзінің командасын шығара қойған жоқ. Бәлкім, әріптестерінің көбісі Алматыда болғандықтан шығар.
Сондықтан Астанадағы лиганың 5 маусымында жиі команда ауыстыратындардың көшбасында тұр. Бірінші маусымды «Қазақ тв» командасында бастаған, одан кейін жазда «Жеңістің» жейдесін киді. Былтыр қыста Ермек Төрениязовтың шақыруымен «Қазспорттың» қатарында жүріп, жастарға допты қалай тебуді үйретті. Төртінші маусымда «Қаламгер» құрама командасында ойнаса, енді, міне, «Мазмұндаманың» қатарына ауысып отыр.
Сондай-ақ Астанадан бөлек, Алматыдағы лиганың да көркін қыздырып жүргені жасырын емес.
Ермұхамед МӘУЛЕН
(Қазақ ТВ, Qazaqstan TV, Егемен Қазақстан, Қаламгер, ДИАП Qazaqstan)
«Қазақфильм» киностудиясы «Қасым хан» туралы кино түсіреміз деп, кастинг жарияғалы сол жаққа елеңдеп жүрген еңсегей бойлы Ермұхамед Мәулен де жиі команда ауыстыратындардың қатарында. Амангелді ағасы секілді Бақ лиганың «Қазақ тв-дан» бастаған «қазақстандық Златан» екінші мауысымда «Қазақстан» арнасы командасында ойнады. Одан кейін, «Егемен Қазақстан» мен «Қаламгердің» намысын қорғады. Биыл «ДИАП-Қазақстан» сапында жүр.
Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ
(Sportsffa.kz, QAZSPORT, Егемен Қазақстан, National Geographic Qazaqstan)
Жылдамдығы бәсеңдегенімен, ойлы пастарымен жойқын соққысы қайта қоймаған Ерекең де журналистер лигасындағы тұрақсыз ойыншылардың қатарында. Бақ лиганың дебюттік маусымында «Sportsffa» командасында бастап, кейін екі маусым қатарынан «Қазспортты» алаңға бастап шығып жүрді. Сосын «Егемен Қазақстанмен» күміс жүлдегер атанды. Биыл «National Geographic Qazaqstanмен» бірге «В» лигасында.
Арай ІЗБАЙ
(Sportsffa.kz, QAZSPORT, Қазмедиа, National Geographic Qazaqstan)
Журналистер лигасында бір-бірінен қалыспай жүретін тандемдер бар. Мысалы, Амангелді Сейітхан – Қанат Базылхан, Еркін Шәкір – Әзиз Жұмаділ және Арай Ізбай мен Ермек Төрениязов.
Арай да Бақ лиганы Ермекпен бірге «Sportsffa» командасында бастады. Сосын досының өтінішін жерге тастамай, «Қазспорттың» сапында екі маусым жүрді. Былтыр, Бразилияның сары жейдесін киіп, «Қазмедиа» командасында ойнады. Енді, міне, өзінің жұмыс орнының атынан маусымға жаңа команданы қосты. Ол – «National Geographic Qazaqstan» командасы.
Әзиз ЖҰМАДІЛ
(Sportsffa.kz, Жеңіс, Qazaqinfo.kz, Қаламгер, Мазмұндама)
Бақоштың досы, Бақ лиганың «отымен кіріп, кейде күлімен шығып жүретін» Әзиз Жұмаділ де команда ауыстырғыштардың қатарында. Ұйымдастырушы-жігіт бірінші маусымда «Sportsffa-ның» капитаны болып, ұялмай қола жүлдені мойнына тақты. Осыдан кейін жүлдеге таласпайтын командалардың қатарынан табылатын болып жүр. «Жеңіс», «Qazaqinfo», «Қаламгер», «Мазмұндама». Қарап отырсақ, Әзиз Жұмаділ ойнаған командалардың көбісі бұл күнде Бақ лигада мүлдем жоқ екен.
Қанат БАЗЫЛХАН
(Қазақ ТВ, Жеңіс, QAZSPORT, Қаламгер, Мазмұндама)
Тәжірибелі қақпашы Қанатты қатарына қосуды қаласаң, алдымен Амангелді Сейітханның тілін табуға тура келеді. Өйткені, бұл тандем Бақ лигада бірге жүреді. «Хабар-24» тілшісінің Бақ лигадағы карьерасы тура Амангелді Сейітханмен бірдей. Сондықтан қайталап жазудың қажеті бола қоймас.
Аят ДҮЙСЕМБАЕВ
(Қазақ ТВ, Ел арна, Егемен Қазақстан, Хабар 24, Ел арна)
Осы операторлардың арасында Аят секілді команда ауыстыратындар аз шығар. Бақ лигадағы тұсауы «Қазақ тв» командасында кесілген 30 жастағы таспагер екінші маусымда «Ел арна» сапында доп тепті. Одан кейін «Егеменнің» жейдесін киді. Былтыр жазда «Хабар-24» журналистерімен бірге «В» лигасының күміс жүлдесін жеңіп алды. Өзі «Үздік қорғаушы» атанды. Биыл тағы команда ауыстырды. Атауы – «Ел арна» болғанымен, құрылтайшысы да, ойыншысы да, екінші маусымдағы «Ел арнадан» мүлдем бөлек.
Автор: Қисықаяқ ТҮЗУТЕПКЕНОВ
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.