Жеребе тасталғанда-ақ бұл текетіреске қатыстылары ма, қатысы жоқтары бар, алақандарын ысқылап, матчты ұзақ күтті. Өйткені, БАҚ лиганың қарсаңында өткен «Нұр Орда cup» турнирінде «Хабардың» гегемониясын тоқтатқан команда дәл осы «Қазмедиа» болатын. Құрамын ЦАИ ойыншыларымен күшейткен олардың бұл жолғы жеңісіне де бәс тіккендер де аз болған жоқ. Алаңға да өте сенімді шықты. Алғашқы минуттардан-ақ аяқтарын алшаң басып, «хабарлықтардың» мысын басып тастауға тырысты. Алайда, Әлішер Келгенбайдың 12-ші минутта соққан голы «Қазмедиа» ойыншыларының бүкіл жоспарын күл талқан етті. Оның үстіне, Құмарбек Азаттың да ойыны жүрмей қойды. Мұны Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер сәтті пайдаланды. «Нұр Орда cup» турнирінде ірі есеппен ұтылғандары да жандарына батқан сияқты. Тістене ойнады. Құдды бір, «Қазмедиада» қалып кеткен өштері бардай, әр допқа жанкештілікпен таласып, гол соққан сайын сұқ саусақтарын еріндеріне басып, қарсыластарына «сәлемдеме» жіберіп жатты. Бірінші тайм 2:0 есебімен аяқталды. Әлішерден кейін үзіліске екі минут қалғанда Нұрсұлтан Қабылбек те гол соққан. Бірақ, екінші таймда да алаңдағы жағдай өзгермеді. «Қазмедиа» қанша тырысқанымен әр допқа арыстанша атылған Айбек Қабылша қақпасын құлыптаулы ұстады. Нәтижесінде Нұрсұлтан Қабылбек дубль авторы атанып, Сапарғали Қанат пен Нұрсұлтан Құрман бір-бір голдан соқса, «Қазмедиа» сапында Абдулла Төкенов қана тура соққылар жасай алды. Қорытынды есеп – 5:2, енді маусымның соңғы турындағы қарымта айқасты күтеміз. Оған дейін екі команда да ұпай жоғалтпауға тырысатын шығар.
Өзге ойындарға келер болсақ, «Спорт 59»-дың биылғы қарқыны қатты. Құрамын «Асыл арна» қызметкерлерімен күшейтіп, Қарағандыдан Нұрмұхамед Байсүгіров сынды журналисті шақырған Бек Төлеудің командасы «Хабар 24»-ті 10:3 есебімен ұтты. Ал былтыр «В» лигасында қарсылас шақ келтірмей, «А» лигасына жолдама алған «Elorda aqparat» өткен маусымның күміс жүлдегері «Егемен Қазақстанның» үш голына 12 тура соққымен жауап қайтарды.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.