Екінші маусымның қола жүлдегері болып, былтыр бір маусым демалған «Астана» ойыншылары ашығып қалыпты. Рас, өткен жылы әрқайсысы әр командада ойнады. Бірақ, шыны керек, ешқайсысы да сол біріншілікті өз активтеріне жаза алмайды. Бірі қосалқы құрамда болды, бірінің ойыны жүрмеді, енді бірінің командасы сәтсіз ойын өрнегін көрсетті. Сондықтан, биыл бастары қайта қосылып, «Астананы» бәйгеге қайта қосқан. Бірінші турда «ДИАП Qazaqstan»-мен кездесті. Ұлттық арнаның ақпараттық-сараптамалық дирекциясының қызметкерлерінен құралған команда да былтырғы біріншілікте демалған. Ал үшінші маусымда команда тәп-тәуір нәтиже көрсетіп, үздіктердің бірі болған. Биыл да сол құраммен додаға қосылды. Құрамын Ермұхамед Мәулен сынды тәжірибелі шабуылшымен күшейткен. Дегенмен, маусым олар үшін өте сәтсіз басталды. «Астананың» 12 голына қатар жауаптары болмай, әбден пұшайман болды. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Есесіне келесі турға команда жақсы дайындықпен шығуы тиіс.
«Ел арна» да өз ойындарын сенімді жеңіспен бастады. «Қаламгермен» кездескен Жасын Біркенов бастаған команда қарсыластарын 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Еркебұлан Шуашов пен Нұржан Сәдірбаев дубль авторлары атанса, қалған екі голды Бауыржан Тілеулин мен Дәурен Жолдасов соқты. Ал «Қаламгер» сапынан «Хабар» телеарнасының операторы Ермек Кеншімбек пен «QAZSPORT» телеарнасының журналисі Ратмир Әубәкір тура соққыларымен көзге түсті.
Өткен жылы «Қаламгер» командасының негізін құрап, биыл жаңа ұжым құрған «Мазмұндама» да маусымды жеңіспен бастады. «Qazaq radiolary» командасымен кездескен. Өте тартысты өткен кездесу 3:2 есебімен аяқталды.
Ал маусымның шымылдығын түрген «Қазмедиа В» мен «National geographic Qazaqstan» командалары арасындағы матч 2:2 есебімен тең аяқталды. Бұл есеп қос тараптың да көңілінен шықпағаны рас. Өйткені, екеуі де үздіктер қатарынан көрінуді көздейтін командалардың қатарынан. Енді екінші турда ұпай жоғалтпауға тырысатын шығар.
BAQ league бесінші маусымының серіктестері:
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.